Кәсіби мереке қарсаңында “Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі” РММ Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Жомарт Қажырахымовты сөзге тартқан едік.
– Жомарт Оралұлы, бүгінгі күні ұлттық теңгенің қалай пайда болғаны жөнінде ешкім ойлана бермейді. Осы жағдайға тікелей қатысы бар адам ретінде еліміздің өміріндегі қызықты да маңызды оқиға жөнінде не айтар едіңіз?
– Теңгені енгізу өте күрделі оқиға болды. 1993 жылдың 1 қарашасында Ұлттық банк барлық облыстарға “Х” күні ашу қажет деген бұйрықпен екі құпия пакет жіберді. 1993 жылдың 3 қарашасында ел Президентінің Жарлығымен Ұлттық валюта – теңгені енгізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия төрағасы болып Премьер-Министр С.А. Терещенко тағайындалды.
Келесі апта өзгерісті күткен, толқуға толы кезең болды. Тұрғындардың үмітсіз және ақшасыз қиналған уақытында, 1993 жылдың басында ел Президенті мен Үкіметтің ақша айырбастау және ұлттық валютаны енгізу туралы хабарламасы пайда болды.
“Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1993 жылдың 12 қарашасында шыққанын естеріңізге сала кетейік. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8-де басталып, 1993 жылғы 20 қарашада сағат 20-да табысты аяқталды. Жалпы алғанда, айналыстан барлығы 950 миллиард сом алынды.
– Теңгенің жас болса да қазірдің өзінде әртүрлі көрмелерде мамандардың жақсы бағасын алып жүргенін білеміз.
– Расында да, халықаралық сарапшылардың айтуынша, егеменді Қазақстанның монеталарында ертедегі ақша жасаушылардың дәстүрлері мен заманауи технологиялар шебер үйлесім тапқан. Қазақстандық ақша жасаушылар Бүкіләлемдік нумизматтардың конференциясына – Базельдегі көрмеге 2001 жылдан бері қатысып келеді.
Қазақстандық монеталардың әлемдік каталогқа енгізіліп, нумизматтардың жоғары бағасына ие болып отырғаны қуанарлық жай. Бүгінгі күннің өзінде алты мың дана болып жасалған, Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына арналған күміс монета отандық нарықта да, сонымен қатар әлемдік нарықта да өз орнын алды. Сол сияқты Қазақстанның монеталары мынадай халықаралық нумизматтық байқауларда: 2007 жылы – “Ғарыш” монетасымен “Халықаралық Нумизматшы Виченза сыйлығы” байқауында (Италия), “Всадник” монетасымен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда үздік атанды (Ресей, Суздаль қаласы), “Қазақстанның өсімдіктер әлемі” сериясынан “Регель жауқазыны” монетасы “Монета – ең жақсы сыйлық” белгісін алды. 2009 жылы – “Диадема фрагмені” естелік күміс монетасы “Монеталар шоқ-жұлдызы – 2009” конкурсында “Ерекше идеялық шешім” аталымында, “Ұлы қолбасшылар” сериясынан “Шыңғыс хан” естелік күміс монетасы екінші орын алды. 2010 жылы Австралияның астанасы – Канберре қаласында өткен монета сарайлары директорларының ХХVI конференциясында екі гауһар тасы бар “Барыс” алтын жалатқан күміс монетасы екі аталым: “Ең әдемі монета” және “Технологиясы жағынан ең табысты жасалған монета” аталымы бойынша жүлдеге ілікті. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Марапаттардың маңыздылығы мынада: жеңімпаздарды мүдделі емес тұлғалар таңдады.
– Кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздегі банк секторының үстіміздегі жылғы қызметінің қорытындылары туралы айтып берсеңіз.
– Бүгінгі күні республикада жұмыс істейтін екінші деңгейдегі 35 банктің 17 филиалы және 60 құрылымдық бөлімшесі облыста қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, облыста 131 айырбастау қосыны, 274 банкомат, 179 POS-терминал жұмыс істейді. Осының бәрі облыстағы банк секторының сан жағынан және сапа жағынан өсуіне көмектеседі.
Әлемдік қаржылық нарықтың тұрақсыздығы жағдайы кезінде үстіміздегі жылы облыстың банк жүйесінің көрсеткіштерінің сақталғанын атап өту керек. Несиелік салымдар көлемі биылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша былтырғы деңгейінде сақталды және 108,4 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері облыс банктері өңір экономикасына 68,5 млрд. теңге несие берді, оның 27,6 пайызы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталды. Банктердің несиелік салымдарын сала-салаға бөлсек, көп бөлігі сауда (жалпы көлемдегі меншікті салмағы – 15 пайыз), өнеркәсіп (11 пайыз), ауыл шаруашылығы (7 пайыз) сияқты экономиканың нақты секторының салаларына тиесілі. Несиелік салымдар құрылымында жалпы көлеміндегі ортамерзімдік және ұзақмерзімдік несиелердің үлесі 4,6 пайызға өсіп, 81,9 пайызды құрады. Тоғыз айда облыстағы банк филиалдары 3,7 млрд. теңге сомасына ипотекалық несие берді. Облыс тұрғындары 22,5 млрд. теңге сомасына тұтыну несиелерін алды. Банктерге сенімді сақтау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 27 сәуірде “Қазақстан Республикасының сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері жайындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша кепілдік орнын толтырудың ең жоғары сомасы 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін арттырылды. Мұнда шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік орнын толтыру мөлшері бұрынғы деңгейде – 5 млн. теңгеден артық емес болып қалды. Бұл депозиттік базаның өсуіне әкелді. Қазақстандық банктердегі депозиттердің өсуі 25,5 пайызды құрады. Облыстағы банк жүйесінің депозиттік базасы да өсті. Банк филиалдарындағы тұрғындардың және заңды тұлғалардың ақшалай қаржысының көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 18,2 пайызға артты және 79,7 млрд. теңге болды. Облыстың барлық депозиттік базасының 93,2 пайызы тұрғындардың депозиттері болып табылады. Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі теңге депозиттерінен артықтау және 57,5 пайызды құрайды.
Тұрғындардың банк секторына сенімін сақтауға бағытталған басқа да шараларды атап өту керек. Мәселен, 2015 жылғы 10 тамыздан бастап “Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры” АҚ депозиті 700 мың теңгеден асатын “Валют-Транзит Банкі” АҚ-ның салымшыларына қосымша төлемақы төлеуді жүзеге асыруда (“Валют-Транзит Банкі” АҚ-ның банкроты сәтіндегі орнын толтырудың ең жоғары сомасы). Бүгінгі күні кепілдік орнын толтыру сомасы 5 миллион теңгеге дейін артты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта тұрғындардың мерзімдік теңгелік депозиттері бойынша бағамдық айырмашылық төлеу жүзеге асырылып жатыр, яғни 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша шоттағы қалдық сомасы 1 миллион теңгеге дейін теңгемен ашылған, инфляциялық таргеттеу режіміне көшу шеңберінде еркін айналыстағы айырбастау бағамының белгіленуіне байланысты.
Мемлекеттің ипотекалық несиелер бойынша көрсеткен қолдауын атап өтпеуге болмайды. Ипотекалық несие беру саласындағы проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесе отырып, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға 130 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдады, сол бойынша қарыздар жылдық 3 пайыздық мөлшерлеме бойынша, қарыз мерзімін 20 жылға дейін ұзартумен және валюталық қарыздарды теңгемен конвертациялай отырып, қайта қаржыландырылады. Бүгінгі күні облыс бойынша 460 адам екінші деңгейдегі банктерге ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру туралы өтінішпен хабарласты, оның ішінде 220-сы қарызының қайта қаржыландырылатыны туралы оң шешімге ие болды.
Мемлекеттің қолдауының және осы экономикалық саясаттың арқасында Қазақстанның банктері, атап айтқанда, өңірдегі олардың филиалдары өз міндеттері мен қызметтерін орындауда тұрақтылық пен орнықтылығын сақтап отыр.
Әңгімелескен
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.