Бұрнағы күні кешкілік Уәлиханов ауданының орталығында ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада жалауы көтерілді. Бұл жарысқа өңіріміздің 800-ге жуық спортшысы қатысып, спорттың 14 түрі бойынша сынға түсті.
Бұл күні ұлттық спорт саңлақтарының бәйгесін көру үшін Кішкенекөл ауылына асыққан көрерменнің қарасы қалың болды. Мінберге көтерілген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров спортшылар мен көрермендерге облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Тәуелсіздік жылдарында елімізде әлемдік спорт түрлері ғана емес, қазақтың ұлттық спорт ойындары да қайта жаңғырып, кеңінен өрістеді. Қазақ күресі, бестас, жекпе-жек, ат жарыстары – халқымыздың кең тараған спорт түрлері. Бұл – біздің ұлтымызбен, салтымызбен біте қайнасқан, байырғыдан келе жатқан төл өнеріміз. Халқымыз ұлттық спорт түрлері арқылы балаларын Отан қорғауға әзірлеген, соның амалдарына үйреткен, күш-қуаттарын шынықтырған. Қазақтың ұлттық спорт түрлері адам ағзасының жан-жақты дамып, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді, – деген Айдарбек Сапаров спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Бүгінгі таңда облысымызда ұлттық спорттың дамуына ерекше назар аударылуда. Петропавл қаласында ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер, Қызылжар ауданында ат спорты мектептері бар. Мамыр айының соңында “Құлагер” ипподромында дәстүрлі ат жарысы маусымы салтанатты түрде ашылды. Жарыс бағдарламасында көрермендер ұшқыр бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге және тағы басқа сайыстарды тамашалады. Үстіміздегі жылы өңірімізде “Тұлпар” ат клубы ашылды. Олардың тәрбиеленушілері алдағы уақытта халықаралық және республикалық сайыстарда өңір намысын қорғайтын болады. Мұның барлығы облысымызда ұлттық спорт түрлерінің дамуына өзіндік септігін тигізбек.
Жарыс бағдарламасының бірінші күнінде жорға жарыс, аламан бәйге ұйымдастырылып, тұлпарлар 1600 және 3200 метр қашықтықта сынға түсті. Сайыстың қорытындысы бойынша Тайынша ауданының командасы жеңімпаз атанды. Ал Уәлиханов пен Қызылжар аудандары екінші, үшінші орындарға ие болды.
Қазақ күресі де шиеленісті өтті. Бұл сайыста Уәлиханов ауданының балуандары кілем үстінде барлық қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, топ жарды. Қызылжар ауданы екінші болса, ақжарлықтар үздік үштікті түйіндеді.
Жекпе-жек сайысында да алаң иелеріне тең келер қарсылас табылмады. Қызылжарлықтар екінші болса, үшінші орын Мағжан Жұмабаев ауданына бұйырды.
Аққайың ауданының құрамасы бестас ойынында жеңістің биік тұғырына көтерілді. Уәлихановтықтар екінші орыннан көрінсе, үшінші орын тайыншалықтардың еншісінде.
Армрестлингте қызылжарлықтар үздік атанды. Тайынша мен Уәлиханов аудандары бұл спорт түрінде де үздік үштіктің қатарынан көріне білді.
Доданың қорытындысы бойынша жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен, кубоктармен марапатталып, ал жеңімпазға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігінің кілті табысталатын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.