«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Петропавл қалалық сотында “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының экс-директоры Серікжан Жақаевқа қатысты процесс аяқталып, үкім шығарылды.

Серікжан Жақаев Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталып отыр. Атап айтқанда, кәсіпорынға басшылық еткен уақытта филиал мамандарымен келісіп, жалған қызметтік іссапарларды ресімдеп, мемлекеттік сатып алу жұмыстарына жұмсалуы тиіс қаржыны жымқырған. Ал шын мәнінде қызметкерлер іссапарға бармай, оған бөлінген қаржыны экс-директор өзіне алып отырған. Онымен қоймай, қызметкерлерге материалдық, қайырымдылық көмек және сыйақыларды қағаз жүзінде тағайындап, ол ақшаны да өз қалтасына басып отырған. Осылайша, айыпталушы мемлекетке жалпы сомасы 6 466 930 теңге шығын келтірген. Сонымен қатар “Агрофирма Приишимский” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысын алдап, 180 мың теңгесін жымқырыпты. Сотқа дейінгі тергеу амалдарының барысында экс-директор кінәсін мойындап, материалдық шығынды толық қайтарған болатын.
“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының негізгі міндеті – суаруға арналған және ауыз сумен қамтамасыз ету. Ұйымның балансында үш гидротехникалық құрылым бар. Олардың көмегімен жыл сайын тұтынушыларға 400 млн. шаршы метрге дейін су ұсынуға мүмкіндік бар. Бірақ оның 10 пайызы ғана берілген. Яғни, кәсіпорынды бір жыл басқарған экс-директор облыстағы сумен қамтуды жақсарту бойынша ешқандай жұмыс атқармаған.
Сот Серікжан Жақаевты бірнеше ауыр қылмысқа барғаны үшін кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Әрі өмір бойы мемлекеттік қызметке, сот және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Ұлттық банк және оның филиалдарына жұмысқа орналаса алмайтын болды.

Сурет https://24.kz  сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp