Еліміздегі білім беру жүйесіндегі теңсіздік мәселесі әлі де өзекті. Ауылдық жерлерде тұратын балалар үшін сапалы білім алу мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі. Көптеген елді мекендерде орта мектеп жоқ, балалар аудан орталықтарына қатынап оқуға немесе интернатта тұруға мәжбүр. Интернаттардың жұмысы жолға қойылғанымен, ондағы балалар өздерін үйдегідей сезіне алмайды. Ал ауылдан қалаға көшу көптеген отбасы үшін қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан қиын. Бұл мәселені шешу үшін Солтүстік Қазақстан облысында «Уақытша отбасы» жобасы қолға алынған болатын.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында басталған қанатқақты жобаның негізгі мақсаты – шалғай ауылдардан шыққан балалардың интернатта емес, отбасылық ортада өмір сүруіне мүмкіндік беру. Бастапқы кезеңде оған үш аудан қосылып, 54 отбасына 61 бала уақытша патронатқа берілді. Бұл бастама Қазақстандағы интернат жүйесіне балама ретінде қарастырылып, тиімділігі дәлелденсе, республиканың басқа өңірлерінде де іске асыру жоспарланған еді.
Әлемнің бірнеше елінде осындай бағдарламалар сәтті жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Мәселен, Финляндиядағы «қабылдаушы отбасы» жүйесі, Германиядағы «қамқоршы отбасылар» мен Жапониядағы «Танто» жүйелері – бұл тәжірибелердің табысты үлгілері болып табылады. Мұндай жүйенің табысты болуының басты себебі – мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау және қабылдаушы отбасыларды дайындау бағдарламалары. Бұл елдерде балалардың отбасылық ортада тәрбиеленуіне ерекше мән беріліп, мемлекет тарапынан ақшалай және психологиялық қолдау көрсетіледі. Қазақстанда да осы тәжірибелерді енгізу арқылы жобаның тиімділігін арттыруға мүмкіндік бар.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде жоба аясында 11 ауданнан 132 бала 119 уақытша отбасында тәрбиеленуде.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, жобаға қатысатын әр отбасы белгілі бір талаптарға сай іріктеледі. Барлық критерийлер орындалған жағдайда ғана шешім қабылданып, ата-ана, «уақытша отбасы» және мектеп арасында үшжақты шарт жасалады.
– Облыста 66 ауылдың балалары «уақытша отбасыларда» тұрып, 57 мектепте білім алуда. Бұл ауылдарда мектептер мүлде жоқ немесе тек бастауыш сыныптар ғана бар. 2025 жылғы мәлімет бойынша, Айыртау ауданында – 23 бала, Аққайың ауданында – 9, Есіл ауданында – 3, Мағжан Жұмабаев ауданында – 11, Жамбыл ауданында – 18, Қызылжар ауданында – 9, Мамлют ауданында – 10, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 8, Тайынша ауданында – 5, Тимирязев ауданында – 4, Шал ақын ауданында – 32 бала бар. «Уақытша отбасында» тәрбиеленетін балалар мектеп инспекторлары, учаскелік полицейлер, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың тұрақты бақылауында. Мамандар отбасыларға жүйелі түрде барып, олардың тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізіп отырады, – дейді Айнагүл Ағыбайқызы.
Бұдан бөлек, мектептер «уақытша отбасыларға» психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіп, балалардың жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетуге көмектеседі. Психолог Дмитрий Агаповтың айтуынша, жаңа ортаға бейімделу – кез келген бала үшін күрделі үдеріс. Біреуі тез үйреніссе, екіншісі ұзақ уақыт бойы бейімделе алмауы мүмкін. Балалар өз үйін, ата- анасын сағынады. Сондықтан оларға уақытша отбасының мақсатын дұрыс түсіндіру керек. Егер бала өзін «қонақ» ретінде сезінсе, бұл оның эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан балаларға психологиялық қолдау көрсету осы жобаның маңызды бөлігіне айналуы тиіс.
Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Қарабаев атап өткеніндей, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің баланың құқықтарын қорғау міндеті ешқашан тоқтамайды.
– Уақытша отбасы баланың күн тәртібін бақылап, сабаққа дайындалу үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар отбасы оның өмірі мен денсаулығына жауапты болады. Баланың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне оның жағдайы туралы уақытылы хабарлауы тиіс. Олар өз кезегінде баланы барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте біз ата-аналардың немесе заңды өкілдердің жауапкершілігін ешқашан ұмытпауымыз керек, өйткені олар баланың өмірі мен денсаулығына қатысты соңғы шешімдерді қабылдайды, – дейді Талғат Қарабаев.
Жобаның болашағы оның қаржыландыру көздеріне байланысты болып отыр. Мемлекет тарапынан тұрақты қаржылай қолдау мен ұзақмерзімді стратегия қажет. Егер жоба қаржылай тұрақты түрде қамтамасыз етілсе және заңнамалық деңгейде бекітілсе, ол еліміздің білім беру жүйесінде тиімді және тұрақты тәжірибеге айналуы мүмкін. Алайда соңғы уақытта жобаға қызығушылықтың төмендеуі байқалып отыр. Ел бойынша өңірімізде ғана іске асырылып жатқан «Уақытша отбасы» жобасы жабылуы мүмкін деген ақпарат та тарады. Бұл жағдай жобаның ауқымын кеңейтуге кедергі келтіруде, сондықтан мемлекеттік және жеке сектор тарапынан қосымша қолдау қажет.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың айтуынша, жоба тиімділігін дәлелдеген. Мониторинг нәтижесінде уақытша отбасында тәрбиеленетін балалардың сабақтан қалуы азайған, денсаулығы жақсарған және үлгерімі жоғарылаған. Алайда соңғы кездері қаржылық қолдау жеткіліксіз болғандықтан, «уақытша отбасылар» балаларды қабылдауға құлықсыз. Өткен жылы қабылдаушы отбасыларға 45 000 теңге жалақы мен бір бала үшін 7 АЕК мөлшеріндегі қосымша төлемақы төленген. «Уақытша отбасы» жобасының экономикалық тиімділігін арттыру үшін оны дәстүрлі интернат жүйесімен салыстыру қажет. Интернаттарда әр баланың жатын орны, тамақтануы, оқу материалдары мен әкімшілік шығындары мемлекет есебінен қаржыландырылады. Бұл шығындар әрбір балаға шаққанда айтарлықтай жоғары. Ал «Уақытша отбасы» жүйесінде мемлекет қаржыны қабылдаушы отбасыларға бөліп, ресурстарды тиімдірек пайдалана алады. Сонымен қатар балалар отбасылық ортада өмір сүрген жағдайда, олардың әлеуметтік дағдылары мен эмоционалдық жағдайы жақсарып, қоғамға бейімделуі оңтайланады.
Егер жоба тоқтатылса, қазіргі 132 бала интернаттарға қайта оралуға мәжбүр болады. Бұл олардың оқу үлгеріміне ғана емес, психологиялық жай- күйіне де кері әсер етуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, интернат жағдайында тәрбиеленетін балалардың эмоционалдық деңгейі төмен болып, олардың әлеуметтік бейімделуі қиындай түседі. Ал уақытша отбасында олар жылулық пен тұрақтылықты сезініп, оқуда жақсы нәтижелер көрсетеді. Осылайша қаржыландырудың артуы жобаның тиімділігін сақтауға және оның үздіксіз жұмыс істеуіне көмектеседі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл уақытша отбасыларға бөлінетін жалақы көлемі – 117 мың теңгеден асқан. Сонымен қатар алдағы уақытта әрбір кәмелетке толмаған баланы күтіп-бағуға, оның ішінде тамақтандыруға 10 АЕК-ке дейін қосымша төлемақы төленетін болады. Алайда жобаның тиімділігін арттыру үшін тұрақты қаржыландыру және ұзақмерзімді жоспар қажет. Егер мемлекет қажетті шараларды жүзеге асырса, бұл жүйе білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуға үлкен үлес қоса алады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».