Дана Абай өзінің бір өлеңінде:
“Сағаттың шықылдағы емес ермек,
һәмишә өмір өтпек ол білдірмек”, –
деп жазады.
Ақын уақыттың уысымызда тұрмайтынын, әп-сәтте өтіп кететінін қалай дәл сипаттаған. Алла құзырында біз әр нәрсе үшін сұраламыз, киген киімімізге, ішкен-жеген ас-суымызға, жұтқан ауамызға, денсаулығымызға, алған білімімізді қайда жұмсағанымызға тағысын тағы таусылмайтын жауапкершіліктер мен міндеттемелер. Солардың ішінде ең маңыздысы әрі ең ауыры – уақыт хақында сұралуымыз. Уақыт – сұрағы ауыр, жауапкершілігі зор нығметтердің бірі. Сондықтан да уақытты дұрыс өткізудің өз талаптары бар.
Оның ең алғашқысы – амалдарды іріктеу. Уақытқа қатысты мұсылманның міндеті – сан алуан діни, дүниелік істерінің ішінде іріктеп, маңыздыны маңызды еместен ажырата білуі. Міндетті түрде ең маңыздысынан бастау қажет. Ол істі толық аяқтамайынша келесі іске көшу сізге тиісті нәтиже бермейді.
Сол секілді адам бір істі бастарда бұл ісінің ол үшін рухани, дүниелік пайдасы бар ма, жоқ па деген сұрақтарды қоюы тиіс. Қазіргі уақытта адамдардың көп уақыты өзіне еш пайда әкелмейтін істерді атқарумен өтіп жатыр. Мысалы белгілі бір спортшының бір жылда қарсылас командасына неше доп салғаны, ойын барысына бұл қаншалықты әсер еткені, оның күнделікті өмірде киген киімі көбірек толғандырады, сол жайында ғаламтор беттерінен ақпарат іздеп, біраз уақытын кетіреді. Сізге сол қажет пе? Ия, әрине егер сізге бұл мәліметтер шабыт беріп сол секілді болуға ұмтылсаңыз басқа мәселе.
Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:
“Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы”,– деген.
Шынайы тақуа мұсылман өзіне пайдасыз болған істі тәрк етеді. Бұл оның иманының кәміл екенінің белгісі. Ғалым Әбу Дәуіт әс-Сажастани “адамның өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы оның иманының үштен бірі” деген.
Осыған қатысты екінші талап – бос уақытты тиімді пайдалану. Адамдардың көбі бұл нығметтің қадірін толық түсініп, тиісінше қолдана алмауда.
Абдулла ибн Аббас бірде Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: “Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт”.
Осы күні көп адамдар қателік жасап, сол берілген уақытты тиісінше пайдалана алмай, харам істерге жұмсап, орны толмас өкінішке душар болуда. Мұсылман үшін бос уақыт мүлдем болмауы тиіс. Тіпті адам тәндік, рухани істерден жалығып, үнсіз дем алып отырғанда да уақытын босқа кетірмей жақсы ойлар ойлауы немесе алға қойған жоспарының шешімін ойластыруы қажет. Қоғамдық көлікте, кезекте, жол кептелісінде тұрғанның өзінде ретін тауып, сол бір уақыттарды пайдаға асыруға асыққанымыз абзал. Көпшілік қолы қалт еткенде пайдасыз әңгіме-дүкенге әуестенеді, енді біреулер сағаттап телесериалдар көреді, біреулер телефон арқылы ғаламтор беттерін парақтайды, біреулер түнгі клубтарды жағаласа, енді біреулер ащы суға құнығу үшін серіктестер іздейді. Сол себепті иманы әлсіз, рухы төмен адамдар үшін бос уақыт – барлық жаманшылықтың бастауы.
Ерте ме, кеш пе адам міндетті түрде өзіне есеп беруі тиіс. Жаңа жылға қадам басарда өзіңізге мынандай сұрақтар қойыңыз: жылды қалай өткіздім? Пайдалы ма әлде пайдасыз ба? Алға қойған мақсаттарымның қаншасы орындалды? Тұлға ретінде өстім бе, өспедім бе? Жаман әдеттерімнен арылдым ба? Осы және басқа да сұрақтар қою арқылы адам өзінің қаншалықты дамығанын біле алады.
Айлық есепке келер болсақ, өткен айда қанша бет кітап оқыдым, неше мәрте қонақ шақырдым, жалпы отбасымның қажеттілігіне қанша шығын кетті? Олармен неше мәрте табиғат аясында серуендеуге шықтым деген сұрақтарды қою арқылы бір айлық ісімізді түйіндеуге болады. Күнделікті өзіне есеп бере алған адам ғана бағыт-бағдарын дұрыстай алады. Ондай адамның кешегісінен бүгіні жақсы. Ғалымдардың “Есеп алынбай тұрып өздеріңе есеп беріңдер” деген сөзі де көбіміздің ойлануымызға себеп.
Сонымен қатар адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Алдына жоғары мақсаттар қоя білген адам уақытына да бекем болады. 19 ғасырда өмір сүрген америкалық философ Джон Дьюи “Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды” – деген екен. Демек ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтыра қоймайды. Оған бәрібір: іс атқарылып жатыр ма, жоқ па?! Құлға ең бастысы – уақыт өтсе болғаны. Қазіргі кезде көп адам осы құлдық сана-сезімнен арыла алмай жүр. Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген нәпақасын алуға көбірек мүдделі.
Абай атамыз адамға жақсы-жаман дүние ата-ана, ұстазы және досынан жұғатынын айтады. Осылардың ішінде достыққа ерекше мән беру керек. Өйткені досты өзіміз таңдаймыз. Досымыздың қандай болуы біздің уақытымыздың қалай өтетініне әсер етпек. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Досына қарап адамның өзін тануға болады. “Досы жақсының – өзі жақсы” демекші ислам діні де жақсылармен бірге болуды үндейді.
Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: “Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушымен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің”.
Пенденің жақсы жолдастан табатын игілігі әтірдің жұпарынан әлдеқайда артық. Өйткені ол уақытын зая кетірмей тек пайдалы істерге жұмсайды, дініне және дүние тіршілігіне пайдасы тиетін нәрсені үйретеді, адал кеңес береді, пайдасыз істерден сақтайды, Аллаға бойұсынуға, ата-анаға жақсылық жасауға, туыстарымен арақатынасты үзбеуге үндейді, кемшіліктеріңді көрсетіп, түзетеді, сөйтіп сөзімен, ісімен не жүріс-тұрысымен көркем мінез-құлықтарға үгіттейді. Адам баласы жолдасынан және сұхбаттастарынан үлгі-өнеге алуға бейім келеді, олардың табиғаттары мен жан дүниелері біріккен жасақ тәрізді, бір-бірін жақсылыққа не жамандыққа бастайды.
Күнделікті өміріміздің бірқалыпты, өзгеріссіз өтуі де адамның уақытты бағаламауына әсер етеді. Адамның нәпсісі жалығуға бейім келеді, күнделікті бір істің қайталана беруі ол істен бетін қайтаруы мүмкін. Істердің түрленуі адамды жаңа деммен іске кірісуге жол ашады. Ислам дінінде Алланың разылығына апаратын амалдар сан алуан. Оларды рухани амалдар және тәндік амалдар деп екіге бөлуге болады. Рухани амалдарымыз намаз оқу, садақа беру, ораза ұстау, Құран оқу, ілім іздену және т.б. Бір сөзбен айтсақ адамның рухын байытатын амалдар тізбегі. Сонымен қатар тәннің қалауын да беруіміз керек. Олар отбасымызбен бірге уақыт өткізу, спортпен шұғылдану, саяхаттау, сүйікті іспен айналысу (хобби), адал табыс табу т.б. Бұл екеуіне де адам баласы мұқтаж.
Жылдар сырғып, айлар, апталар, күндер бірінің артынан бірі өтеді, кетеді. Өмірдегі “әттең-ай” деп өкінетін шақтарыңды қайта артқа айналдырып, өзгерте алмайсың. Атақты табиғин Хасан Басридың мынандай сөзі бар: “Әр өткен күн адам баласына былай айтады екен: “Ей адам баласы, мен жаңа күнмін, сенің амалдарыңа куәлік етудемін, егер өтіп кете барсам мен қайтып оралмаймын”.
Енді бір сөзінде Хасан Басри былай деген екен:
“Ей адам баласы, шынында сенің ғұмырың белгілі күндермен шектеулі, егер бір күнің өтсе бір бөлігіңді жоғалтқаның”. Тағы бір сөзінде: “Ей, адам баласы! Күндізің сенің қонағың, онымен жақсы мәміледе бол, егер оны жақсы шығарып салсаң, ол саған мақтау айтып кете барады, егер күніңді пайдаға асырмасаң ол саған жамандық тілеп кетеді, түнің де дәл солай жасайды”.
Уақыттың қадірін білу – ол ертеңгі күнге дайындық. Ертеңге дайындығы бар адамның ақыреттік, дүниелік істері жүйелі болады.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.