М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жаратылыстану ғылымдары мен спорт факультетінде 2003 жылғы 16 қаңтардан бері ауыл шаруашылығы кафедрасы жұмыс істейді. Оған 2001 жылы аталмыш білім ордасында агроном, кейін фермерлік іс, орман қоры және орман шаруашылығы мамандарын әзірлейтін бөлімдердің ашылуы негіз болды.
– Күні бүгінге дейін факультетте 500-ден астам ауыл шаруашылығы маманын даярладық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Тек фермерлік іс бөлімін (қазір бұл бөлім жабылып қалған) аяқтаған үш түлегіміз ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Қазір жас ғалымдар Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады. Өткен жылы факультетте мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы бөлімі ашылды. Қазір осы бөлімнің екі курсында 28 студент білім алып жүр, олардың 21-і грантпен түскен. Сонымен бірге жоғары оқу орнында биотехнология бойынша магистрлер әзірленеді, – дейді кафедра меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Күлбарам Баязитова.
Кафедрада 18 оқытушы дәріс береді, олардың 8-і – ғылым кандидаттары мен докторлары. Күлбарам Нұрғалиқызының айтуына қарағанда, Петропавл қаласынан 6 шақырым жерде кафедраның жалпы аумағы 6 гектарды құрайтын агробиологиялық станциясы бар. Онда студенттер оқу тәжірибесінен өтеді, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында ұйымдастырылған кафедрада студенттер мен магистранттардың тәжірибелік және зертханалық жұмыстармен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Жоғары сапалы теориялық әзірлік, өңірдің қажеттілігін есепке алу, алыс және жақын шетелдердегі ЖОО-лармен және ұйымдармен байланыс жасау, студенттер мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру кафедра қызметінің басым бағыттары болып саналады. Соған орай оқытушылардың, студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық бағдарламалар мен гранттар, ҚР Білім және ғылым министрлігі гранттары, бастамашыл тақырыптар аясында орындалады. Ғылыми-зерттеулер нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы кафедрасының оқытушылары 175 мақала жариялады.
Аталмыш кафедра облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларымен, республикалық фито-санитария диагностикасы және болжамдары әдістемелік орталығымен, облыстық аумақтық инспекциямен, республикадағы ғылыми мекемелермен, “Мәмбетов және К” КС, “АБИ-Жер” ЖШС сияқты жетекші агроқұрылымдармен, Омбының, Түменнің, Алматының және Астананың аграрлық ЖОО-ларымен тығыз байланыс орнатқан. “Евразия Групп Казахстан” ЖШС-мен оқу, ғылыми-өндірістік және шығармашылық туралы, Германияның ЛОГО одағымен студенттердің тәжірибеден өтуі туралы келісім бар. Финляндияның Йоэнсуу қаласындағы Еуропалық орман институтымен байланыс жасалады.
Ауыл шаруашылығы кафедрасында білім алып жүрген студенттерді іргелі агроқұрылымдарға апарып, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыру дәстүрге айналған. Болашақ агрономдар биыл “Мәмбетов және К” КС-де, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы бөлімінің студенттері Мамлют ауданындағы “Арқалық”, Қызылжар ауданындағы “Редин” шаруа қожалықтарында болып, озық агротехникалық шаралармен, асылтұқымды мал өсіру және қолдан ұрықтандыру технологияларымен танысты.
– Орман ресурстары және орман шаруашылығы бөлімін аяқтап шыққан түлектеріміз орманшы, орман өскіндері инженері, орманды қорғау және күзету бойынша инженер, орман инспекторы, таксатор-инженер (баға кесуші), орман тәлімбағының шебері, көгалдандыру шебері, қорықшы болып еңбек ете алады. Осы бөлімнің 4-курс студенті Ахат Тұрсынбаев – Президент шәкіртақысының иегері. Агрономия бөлімінде оқитын 4-курс студенттері Александра Доля мен Мария Гвоздецкая биыл Германияның ЛОГО одағында “Ауыл шаруашылығы және экологиялық тепе-теңдік” мамандығы бойынша тәжірибеден өтіп келді. Соңғы курс студенттері үшін іргелі өндіріс орындарының басшыларымен жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі түрде жәрмеңкелер өткізіліп тұрады, – дейді ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Күлбарам Баязитова.
Биылғы оқу жылынан бастап осы кафедрада оқытушылық қызмет атқарып жүрген ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жұнысов ұйымдастырған таяудағы кездесуге “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-нің директоры, ғылым кандидаты Ерік Біләлов, Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Аймағамбет Барлыбаев шақырылыпты.
Ерік Сұлтанғазыұлы қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысатын кәсіпорындарда білікті технологтардың жетіспейтіндігін, жергілікті университетте сондай мамандарды даярлайтын бөлімнің ашылуы құптарлық іс екендігін атап айта келіп, Бескөл құс фабрикасының қалдықсыз өнім өндіру жолында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Серіктестік тауық, күркетауық, үйрек, қаз және бөдене өсірумен, құс етін және жұмыртқа өндірумен бірге үй қоянын ұстайды, жылыжай және егін шаруашылығымен айналысады. Фабриканың инкубатор, құс сою, жемазық әзірлейтін заманауи цехтары, жұмыртқа сұрыптайтын желісі бар. Алдағы уақытта құс етінен сосиска өндіру, құс саңғырығынан алынатын газды жылуға пайдалану жобалары жүзеге асырылмақ.
Аймағамбет Барлыбаев заман ағымына орай ауыл шаруашылығында да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқандығына, оған болашақ мамандардың қосар үлесі мол екендігіне тоқталды.
Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы бөлімінің студенттері қонақтарға сан алуан сауалдар қойып, кездесуде белсенділік танытты.
Осы бөлімнің 2-курс студенті Асылхан Айсарин Шал ақын ауданындағы Ақанбарақ ауылынан екен.
– Ауылдың баласы болғаннан кейін малға жас кезімнен әуеспін. Мектепті бітіре салысымен ойланып жатпай-ақ өзіміздің университетте сол жылы ашылып жатқан “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” мамандығына құжаттар тапсырдым. Еңбегім жанып, оқуға грантпен түсіп кеттім. Болашақта өз кәсібімді ашқым келеді. Кездесуге келген ағаларымыздың кәсібі мен өндіріс орнының заманауи технологиясына қызығушылық білдіруім де сондықтан, – дейді Асылхан Айсарин.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.