«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚПАҒАН ДЕПУТАТТЫҢ МАНДАТЫН ҚАЙТАРЫП АЛУ КЕРЕК»

Әсет Қожахметов – Айыртау аудандық мәслихатының №4 сайлау округі бойынша депутаты, ауданның әлеуметтік-эконо­микалық дамуы және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты ко­миссияның төрағасы. «AMANAT» партиясы аудандық филиа­лының төрағасы.

Не үшін депутат болдым?

Мен осы ауданның тумасы­мын. Еңбек жолымды да туған жерімде бастадым. Менің ма­мандығым педагог болғаны­мен, бұл салада көп еңбек еткен жоқпын. Ауданда жастар баста­малары орталығы ашылып, сонда жұмыс істедім. Одан кейін аудан әкімінің жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі болдым, әкімнің көмекшісі, ап­парат басшысы болып қызмет еттім. Қызмет барысымен әкім­мен бірге жүреміз, қоғамдық қабылдауларға қатысамыз. Сол кезде түрлі мәселелерді көріп, біліп, тұрғындармен қалай жұ­мыс істеу керектігін үйрендім. Яғни мемлекеттік қызметте жүріп шыңдалдым. 2020 жылы қараша айында «AMANAT» партиясының аудандық филиа­лының төрағасы қызметіне ауыстым. Бұл жерде де тұрғын­дарды толғандырған мәселе­лердің түйінін тарқатуға тыры­сып жатырмыз. Сондықтан осы білімім мен тәжірибемді пайда­лана отырып, халыққа пайдам тисін деген ниетпен депутат бо­луға бел байладым.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Мен сайлауға «AMANAT» партиясының атынан түстім. Ауыл-ауылды аралап, тұрғын­дармен кездескен кезде, яғни сайлауалды үгіт-насихат бары­сында 94 өтініш түсті. Олар біздің партияның бақылауына алынды. Ауылдағыларды әдет­тегідей су, жол, жарық мәселе­лері толғандырады. Қазіргі таң­да сол кезде көтерілген мәселе­лердің дені шешімін тапты. Мен №4 сайлау округінен бө­лек Бірлестік, Красногорка ауылдарына жауаптымын. Өзім аудан орталығына жақын Но­воукраинка ауылында тұрған­дықтан сол жаққа жауапты де­путатпен бірлесіп, туындаған мәселелерді шешуге көмекте­семін. Бірлескен жұмыстың ар­қасында Новоукраинкада бір­қатар мәселелер шешілді. Депу­таттық міндет – халықпен бірге атқарылатын жұмыс болған­дықтан, менің округім, се-нің округің деген жоқ. Көмек сұра­са, қолдау көрсетуге даярмыз. Маған қарасты сайлау округін­дегі бес мыңдай тұрғынның та­лап-өтінішіне құлағым түрік. Саумалкөл тұрғындарының әлеуметтік желідегі чаттарына қосылғанмын. Тұрғындар сол жерде де мәселелерін тікелей жазып жатады.

Аудан территориясының көп бөлігі ұлттық парк қарама­ғында. Бұның жақсылығы мен қиындығын қатар сезініп отыр­мыз. Мысалы, ұлттық парк ау­мағындағы қиыршық тас карь­ерлерін пайдалану заңға қай­шы. Осы жылдың басында елордада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумы өтті. Сол шараға баратын депутаттар қандай мәселені көтеретінімізді алдын ала келісіп алдық. Депу­таттар министрлерге тікелей сұ­рақтар қойды. Сол кездесуде экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысан­баевқа карьерлерді ұлттық парктің аумағынан шығару ту­ралы ұсыныс айттық. Қазір қа­растырылып жатыр.

Қай уәдемді орындадым?

Аудан орталығындағы Умы­шов, Нефтебазовский көше­лерінің тұрғындары ауызсу мә­селесін көтерді. Ол жақта су та­рату құбырлары да, колонкалар да жоқ. Биыл қаржы бөлініп, ұңғыма жасалды. Жалпы аудан орталығын сумен қамту бірне­ше кезеңге бөлінген. Аталған көшелерге де болашақта құбыр тартылуы тиіс. Республикалық бюджетке қарап отырғандық­тан, болашақта шешіледі де­геніміз дұрысырақ болады. Менің округімде жол мәселесі қиын. Биыл аудан орталығын­дағы 14 көшеге қиыршық тас төселді. Соның төртеуі – менің округімдегі көшелер. Жалпы Саумалкөл ауылында 11 мың адам тұрады. Солардың өтініш- тілектері, көтерген мәселелері бойынша бес депутат жұмыс іс­тейді.

Красногорка ауылында да жол сапасыз. Биыл әкіммен келісіп, жолды тегістедік. Енді- гі жылы жобалық-сметалық құ­жатын әзірлеп, қиыршық тас төсету керек. Ал асфальт тым қымбат.

Саумалкөл ауылында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қаржы бөлінген кезде бес депу­тат ауылды аралап, не керек екенін сұрап, тұрғындардың өтініштерін есепке алдық. Олардың өтініштеріне сәйкес көшелерге 100-ден астам шам орнатылды. Тұрғындар бала­лардың ойын алаңын сұрады. Оған 10 млн.теңге бөлінді, мердігер өз қалтасынан 7 млн. теңге қосып, үлкен ойын ала­ңын салып берді.

Депутаттық міндеттеріміз­ден бөлек қайырымдылық жа­сау, жанашырлық таныту да басты міндетіміз. Аудан орта­лығында жалғызілікті ерлі-за­йыпты тұрады. Әуелде олардың жер үйі болды. Кейін оны са­тып, пәтерге көшті. Аудандық мәслихаттың төрағасымен бірге әлгі кісілердің жағдайын білуге барсақ, үйлерінің төбелерінен су ағып тұр. Оны жөндейтіндей қаражаттары жоқ, зейнетақыға қарап отырған жандар ғой. Жеке үйді жөндеуге мемлекет тарапынан да ақша бөлінбейді. Сосын көршілермен ақылда­сып, демеушілер тауып, құры­лысшыларды шақырып, шаты­рын жөндеп бердік. Жекелеген адамдардың мәселесін шешуде демеушілерді іздеп, солардың қолдауымен қамқорлық таныту үрдіске айналған.

Халық маған сене ме?

Тұрғындармен кездескен кезде олар көтерген мәселенің шешілетініне сенімді болма­сам, бос уәде бермеймін. Осы күнге дейін сайлаушыларды ал­даған емеспін, сондықтан олар маған сенеді деген ойдамын. Қабылдау кезінде бір сұраққа толыққанды жауап бере алма­сам, кейін оны зерттеп, зерде­леп, міндетті түрде қайта хабар­ласамын. «AMANAT» партия­сының аудандық филиалына жұмысқа ауысқан кезде, әлеу­меттік желілер арқылы жұмыс істеуге көштік. Алдымен газет­тер мен әлеуметтік желілер ар­қылы ұялы телефонымның нөмірін жарияладым. Осы ар­қылы тұрғындар үшін тәулік бойы ашық екенімді көрсеттім.

Жалпы халықтың көңілінен шықпаған депутаттың манда­тын қайтарып алу тәртібі – өте дұрыс шешім. Осыны тұрғын­дармен кездескен кезде үнемі айтып отырамын. Депутатқа еңбекақы төленбейді, ол жеке бастамасымен жұмыс істеуі ке­рек. Халықтың өтініш-тілегін елемей, уақытын босқа өткі­зетіндер депутат бола алмайды. Ата заңымызда да ең жоғарғы билік – халықта екені жазыл­ған.

Қазіргі билік те, депутаттар да халықпен санасу керек еке- нін жақсы түсінеді. Соңғы жыл­дары азаматтық қоғамның бел­сенділігі артты. Қоғамның кез келген саласына қатысты ой- пікірді еркін жет-кізе алатын жағдайға жеттік. Жалпы әді­летті Қазақстанды орнықтыру ісіне қоғам, әрбір азамат жауап­ты. Мемлекет қоғамның таң­дауына байланысты дамиды. Осыны ұғынбайынша, біз шы­найы, демократиялық, билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталған, адам құқы мен сөз бостандығын толықтай қамта­масыз ететін мемлекет құра ал­маймыз. Депутат ретінде сай­лаушыларыммен кездескен кезде осы мәселеге баса мән беремін. Сайлаушылар бел­сенді болса, депутаттың да ісі өнік. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас», – демекші, де­путаттың жалғыз-жарым жүріп түйінді мәселені шешуі қиын. Ал ортақ істі еңсеруде сайлау­шылармен бі-ріксе, оны ашық талқылап, тиісті органдарға сауатты түрде жеткізсе, нәти­желі болары анық. Өзара үй­лесіммен, бірлікпен, сеніммен атқарылған жұмыс ауылдың, ауданның даму бағытынан да көрініп тұрады.

Дайындаған Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp