«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ ПІКІРІН ЖЕТКІЗЕДІ

Әдiлет министрлігі мен оның аумақтық органдарының атқаратын қызметінің бір түрі орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк-құқықтық актiлерiн, әкiмдердiң, әкiмдіктердің, мәслихаттардың нормативтiк-құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу, Қазақстан Республикасының нормативтiк-құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу болып табылады.

Үстіміздегі жылы облыстық әділет департаменті жергілікті атқарушы және жергілікті өкілді органдардан келіп түскен 406 нормативтік-құқықтық актіні тіркеді. Олардың 90 пайызы азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болды.

Жалпы азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік- құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың өз ерекшеліктері бар. Яғни, бұл нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу үдерісіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында еліміздің “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңында белгіленген тәртіп бойынша қоғамдық кеңестер құрылады.

Қоғамдық кеңеске Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың, сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өз құзыреті аясында құрған консультативтік-кеңесші және байқаушы органдары жатады.

Олардың басты міндеті азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және шешімдерді тақылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және мемлекеттік органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

Қоғамдық кеңестер республикалық және жергілікті болып екі деңгейде құрылады. Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық кеңестері жатады. Аумақтық әділет органдарына нормативтік-құқықтық актісін мемлекеттік тіркеуге ұсыну және қабылдау алдында, мемлекеттік органмен (әзірлеуші-орган) нормативтік-құқықтық актінің жобасын дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі.

Жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актінің жобасын қоғамдық кеңестерге жолдайды. Нормативтік-құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру мерзімі ол қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек. Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік-құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.

Ұсынымдар нормативтік-құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін де, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде де оған міндетті қосымша болып табылады. Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілер қоғамдық талқылауға жататындықтан, көпшіліктің қатысуымен жиын өткізілу қажет.

Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобасы қоғамдық кеңестерге жолданады, халық қоғамдық талқылауға шығарылатын нормативтік-құқықтық актілердің жобасымен және шешімдермен алдын ала танысуы қажет. Мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық актілерін әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы қаулысымен бекітілген нормативтік-құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидасын басшылыққа алады.

Сонымен қатар, мемлекет пен азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғауға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді.

Заңның талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының жобаларын қоспағанда, барлық нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуі тиіс. Бүгінгі күннің өзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың оң нәтижелері айқын және өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр.

Қанат ТАЛАСБАЕВА,

облыстық әділет департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp