«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫН СҮЙГЕН – САЛТЫН СҮЙЕР

Ұлттың басты сипаты оның салт-дәстүрінен бастау алады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүріміз – ұлтымыздың айнасы. Дәстүрімізге жай ғана қызығушылық танытпай, оның терең мағынасына мән берген жөн. Бұл орайда “Қазақ аналары – дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігі салт-дәстүрді ұлықтап, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.

“Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі қазақ аналарына отбасы, бала тәр­биесінде тілімізді, ділімізді, ата дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздың озығын на­си­хаттап, тәлім-тәрбиенің өзегі ету мақсатында құрылған. Оның төрайымы – Айнұр Жүгі­нісова. Қазақ аналары ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпақты ата дәстүр негізінде тәрбиелеуді көздеген түрлі іс-шараларға қатысып тұрады. Республикалық қоғамдық бір­лестіктің құрамында екі мил­лионға жуық нәзік жан бар. Об­лыс орталықтарында, аудандар мен ауылдарды қоса есептеген­де 21 филиал жұмыс істейді. Бү­гінде бірлестік жұмысы оңтүстік өңірлерде қарқынды дамуда. Ұйым төрайымы Айнұр Жүгіні­сованың бастамасымен Ресей астанасы – Мәскеуде де фи­лиал ашылған болатын. Алдағы уақытта Қырғызстан, Түркия ел­дерінде ашу жоспар­л­ануда.

Қызылжар қаласында ашыл­­ған қоғамдық бірлестік филиалының құрамындағы аналар ауыз толтырып айтар­лықтай жұмыс атқаруда. Егде жаста болсақ та, заман ағымынан қалмауға тырысудамыз. Бүгінгі жастармен иық түйістіре отырып, қоғамдық мүдде үшін барымызды салудамыз. Біз ұлт­тық дәстүрді насихаттауға ерек­ше ден қоямыз. Салт-дәстүр – ұлттық тәрбие негізі. Көпті көр­ген көнекөз қарттардың жас­тарға айтар ақылы, өнегесі бар. Соны жастарға үлгі етуіміз керек.

Қазір қоғам өзгеруде. Өзге­нің қаңсығын таңсық көретін жастар да жоқ емес. Дәстүр мен тілді ұмыту – ең үлкен қателік. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Өзінің өткенін біле­тін, ұлттық құндылығына құр­мет­пен қарайтын саналы ұл-қыз­дар бар. Оларға айтар ал­ғысымыз шексіз.

“Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалына 30-дан астам адам мүше. Оған Алма Махамбетова жетекшілік етеді. Құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, төрайым өңірдің аудандары мен ауыл­дарында да жұмысты жандан­дыруда. Бүгінде Әл-Фараби мектеп-лицейі, С.Шай­мерденов атындағы қалалық классикалық гимназия, Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектеппен тығыз байланыстамыз. Қоғамдық іс-шараларға жиі қатысамыз, мерекелерде ұлттық салт-дәстүрлерге қа­тысты қойылымдар көрсетіледі. Биыл еліміз үшін сын сағаты туды. Топан сумен алысуда өңір жұртшылығы ауызбіршілік та­ны­тып, жұдырықтай жұмыл­ды. Қызылжар елі ырыс­ты ынты­мағын танытты. Тас­қын сумен күресте біздің ақ жаулықты аналарымыз да қа­рап қалмады. Қолдан келгенше қаржылай көмек көрсеткенін атап өту ар­тық болмас.

“Жұмыла көтерген жүк же­ңіл” дегендей, өңір қарттары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, қайырым­ды­лық шараларына белсене қа­тыс­ты. Қоғамдық ұйым мүше­лері әрбір іске бел шеше кірі­седі. Өйткені, қоғамға пайда­мызды тигізіп, ұрпақ тәрбие­леу­ге үлес қосу – біздің пары­зымыз. “Елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын?” деген аналарымыз балалар тәрбиесі, әлеуметтік-мәдени да­муға, тұрмыстық салт-дәстүрге баса көңіл бөлу­де.

Айтар сөзі, өнегелі ісі бар әжелердің тағы­лымды тәрбие­сін насихаттау керек. Ұлттық тәр­бие – ұлт бо­лашағы екенін ескерсек, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға барынша жағдай жасауға тиіс­піз. Дәстүр рәсімдік салт қана емес, үлкен мағы­насы бар қо­ғам­дық құндылық, ұрпақтан-ұр­паққа қалатын мұ­ра. Ол мұраны жаңғыртып қо­ғамда ибалы, ина­батты қыз, ұлықты, адал ұл тәр­биелеуді басты мақсат еттік. Бо­лашақ – бүгінгі жастардың қо­лында. Оларға аға буын әрқа­шан үлгі-өнеге көрсетуі шарт.

Мен “Қазақ аналары – дәс­түрге жол” қоғамдық бірлесті­гінің белсенді мүшесімін. Бала, жастар тәрбиесіне қатысты мә­селелерде бірлестік төрайымы Айнұр Жүгінісова, кеңесшісі Зәмзәгүл Мұқановамен ақыл­дасып отырамыз. Әртүрлі тақы­рыптарды талдап, өскелең ұр­пақты заманауи бағытта қалай тәрбиелеу жолдары қарас­ты­рылады. Бірлестік мүшелеріне нұсқау беріліп, пікірлеріміз са­рапқа салынады.

Жақында Алматы қала­сында “Абысын-ажын” респуб­ликалық форумы өтті. Форум аясында еліміздің 9 облысынан қатысқан үміткерлер ұлттық құндылық­тарды дәріптеуде өзара бақ сынасты. Түрлі ба­ғытта өнер­лерін көрсеткен аналар ерекше дайындықпен барғанын айтып өту қажет. Же­ңімпаздар қаржылай сыйлық­тармен ма­рапатталды. Осын­дай жиын­дарға қатысуға жер­гілікті билік тарапынан қолдау болса, біз де өз өнерімізді көр­сетуге дайын екенімізді айтқым келеді. Келесі жылы аталмыш форум Қызыл­ордада өтеді. Соған қатысуға ниетіміз бар.

Түркістан қаласында “Аялы әже” форумы бастау алып, бұл шара алдағы уақытта басқа қалаларда да өтетіні белгілі болды. Кейін форум Астана мен Көкшетау қалаларында жалға­сын тапты. Көкшетау қаласы эстафетаны біздің өңірге та­быстады. Біз шараны өз дең­гейінде ұйымдастырып, кезекті Қостанайға табыс етуге әзірле­ну­деміз.

1 қазан – Халықаралық қарт­тар күніне орай қалалық Мәде­ниет үйінде концерттік бағдар­лама ұйымдастырылды. Сол ша­рада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тә­жиннің қолынан Алғыс хат ал­дық. Бұл марапат – біздің еңбе­гімізге берілген жоғары баға.

Қазір түрлі ағымдар, теріс күштер біздің ұлттық бірегейлі­гімізге қауіп төндіруде. Сондық­тан салтымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарды дәріп­теу кезек күттірмейтін мәселе. Ата-бабамыздан мирас болған салт-дәстүрді көзіміздің қара­шығындай сақтап, келер ұр­паққа табыстау сіз бен біздің басты парызымыз. Жастарды ұлтты сүюге тәрбиелесек, олар атадан жеткен салтымыз бен дәстүрімізге сатқындық жаса­май­тын болады.

Ғалия ӨМІРБЕКОВА,

“Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрайымының кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp