«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАС ЖҮЙРІКТЕР ҚАРА ҮЗДІ

Өткен демалыста спортсүйер қауымның назары Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ип­подромына ауды. Бәйгеден ел чемпионатының іріктеу кезеңіне келгендер арасында қатысушы да, жанкүйерлер де көп. Сайысқа сайланған сәйгүліктер құнан бәйге, топ бәйге мен жорға жарыста сынға түсті. Бәйгенің жалпы жүлде қоры 22 млн. теңгеден асады.

– Бұған дейін аламанның үш кезеңі өтті. Үш кезеңнен де сүрінбей өткен сәйгүліктер осы сында тартысқа түсті. Елдің ат спортына деген ықыласы ерек­ше. Алда әлі де болатын жарыс­тар аз емес. Сәйгүліктеріміз сүрінбей, спортшылардың жұл­дызы жоғарылай берсін, – дейді бәйге федерациясының вице президенті Мұрат Нөсербаев.

Жарысты құнан бәйгеге кел­ген шабандоздар бастады. Жиырмадан аса тұлпар 8 шақы­рым жерге шалдықпай шауып, жанкүйерлердің делебесін қоз­дырды. Ауыздықпен алысып жүрген сәйгүліктер белгі беріле сала шаң шығарып шаба жө­нелді. Құнан бәйгеде «Қазына», «Талас» лақап атымен белгілі аттар Солтүстік Қазақстан об­лысының атынан шапты. Бәй­генің соңында «Ақкөз» атты тұлпар өз тобынан қара үзіп, мәре сызығынан бірінші болып өтті.

– Бәйге тамаша өтті. Соңғы айналымға дейін топтың ішінде болып, ең аяғында қамшыны бастым. Чемпионатта құнан бәйгеден бөлек топ бәйгеде де өнер көрсеттім, – дейді «Ақ­көздің» шабандозы Арнат Мұ­ратхан.

Құнан бәйгеде Әліби Айтпек тізгіндеген «Акула» сәйгүлігі екінші келсе, үшінші орынның жүлдесі «Қарлығаш» тұлпары­мен мәреге жеткен Нұрдәулет Аманерге берілді.

Келесі 14 шақырымдық топ бәйгеде 22 шабандоз өнер көр­сетті. Бұл жолы жеңісті Айшуақ атымен Мерей Ғарипуллин еншіледі.

– Осындай жарыстың өңірімізде өтіп жатқанына қуа­ныштымыз. Мемлекет ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән бе­руде. Бүгінгі жарыстың деңгейі жоғары. Ұлттық дәстүрді келе­шек ұрпаққа жеткізудің бір жолы – осындай шараларды жиі ұйымдастыру. Болашақта ат спорты қазақты әлемге таныта­ды деп сенеміз. Іріктеуді де әр аумақта өткізу шабандоздар мен сәйгүліктерге тың серпін береді. Облысымыздағы ипподромның да өзіндік ерекшеліктері бар, – дейді облыстық дене шынықты­ру және спорт басқармасының басшысы Әділхан Сағындықов. Солтүстіқазақстандық ша­бандоздар жорға жарысында жарқырай көрінді. 15 қатысу­шының арасынан екі қызыл­жарлық жүлдеге ие болды. Үшінші орынды «Триумф» атты атымен Андрей Ровдо иеленді. Ал Әлия Тоқтасынова тізгінде­ген «Граф Лок» мәреге екінші болып жетті. Екі аттың да иесі — Аягөз Бекенова.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp