Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында Үкіметке “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, “Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ-саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады”, – деген болатын.
Әлемдегі ғаламдық қаржы дағдарысы мен жаңа шарттар Қазақстанды экономиканы әртараптандыруға ынталандырады. Елбасының салиқалы саясатының арқасында дер уақытында жасалған стратегиялық қадам экономиканы жаңғырту бағытын жалғастырып қана қоймай, оның постиндустриялық жолға ауысуына мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама жаһандық экономиканың бүгінгі шындығын қаперге ала отыра әзірленіп жатқанын және еліміздің экспортқа бағдарланған ІТ-саласын дамытуды жеделдету, жобаны жүзеге асыруға ішкі және сыртқы инвесторларды тарту көзделіп отырғанын атап өткен жөн.
Бағдарламада ақпараттық-коммуникация саласының “Блокчейн”, “Биг күн”, “Заттар интернеті ” және жаңа буын байланысы – 5G сияқты технологияларды енгізу тетігінің негізі болып табылатын аппараттық түсініктеме өзектілене түсті.
Бұл мемлекеттік бағдарлама экономика салаларындағы цифрлық қайта түрлендіру, жасампаз қоғам, инфрақұрылым, белсенді мемлекет сынды төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Біріншіден, “Экономика саласындағы сандық түрлену” бағытында сауда, ауыл шаруашылығы, логистика, ресурстарды өндіру және тағы да басқа салаларда жоғары технологияны пайдалану көзделіп отыр.
Электрондық сауданы дамыту аясында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, курьерлік қызметті, онлаин-дүкендер, тауар мен қызметке қолма-қол ақшасыз төлеуді дамыту шаралары қарастырылған.
ІТ қауымдастығынан түскен ұсыныстардың бірі – ІТ-парктер санын көбейту.
Бағдарламада “ЭКСПО – 2017” көрмесі өткеннен кейін Астананың халықаралық қаржы орталығы алаңдарында жаңа ІТ-парк ашу (Astana international Smart Technologies Hub) қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, “Инновациялық технологиялар паркі” арнайы экономикалық аймағына қатысушыларын қамту аясын кеңейту үшін салықтық жеңілдіктер ұсыну талабын қайта қарастыру және ІТ-компаниялар үшін эксаумақтық қағидасының жарамдылығын 2028 жылға дейін ұзарту жоспарланған.
Ақпараттандырудың сервистік үлгісін дамыту аясында мемлекеттік органдардың қажеттілігі үшін сервистік бағдарламалық өнімдерді әзірлеуде стартаптарды қатыстыру мүмкіндігі де қарастырылуда. Мемлекеттік ұйымдар түрлі типтік және ерекше сервистерге қажеттіліктерін ІТ-парктердің алаңдарында жариялайтын болады. Жас ІТ-кәсіпкерлер сервис жасауда бақ сынасып, жеңімпаз келісімге қол жеткізеді.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында еліміздің өңірлері мен қалаларында “Smart City” жобасын дамыту бағыты да қарастырылуда. “Ақылды қалалардың” жергілікті және өңірлік тұжырымдамасын жасау ойда бар. Қазақстанның әр өңіріндегі жобаларға “Cisco”, “Huawei”, “Philips”, “IBM”, “ZTE”, “Қазақтелеком”, “Транстелеком” және тағы басқа компаниялар тартылған.
Қазіргі таңда Астана қаласында бірлескен смарт-жарықтандыру, “Заттар интернеті”, зияткерлік көліктік жүйе, қауіпсіз қала сынды қанатқақты жобалар жүзеге асырылуда.
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларына ұсынылған технологиялардың тұжырымдамасы мен апробациясы бекітілгеннен кейін оны басқа өңірлерде де қолдануға қатысты тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын цифрлау – жаһандық тренд. АҚШ, Австралия, Канада елдерінің тәжірибесі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруда ең тиімді тәсіл екенін дәлелдеп отыр.
Аталған бағыттың жүзеге асырылуы ветеринарлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға, егін шаруашылығы өнімдеріне мониторинг жасауға, браконьерлерді, балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын және тағы басқаларды қадағалап отыруға мүмкіндік береді.
Жер қойнауын пайдалану саласын цифрлау аясында біз “Минералды ресурстар мәліметтерінің ұлттық банкін” құруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, мемлекет жер қойнауы жөнінде мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етіп, салаға қосымша инвестициялар тарта алады.
Үдерістерді автоматтандырудың арқасында минералдық-шикізаттық кешенді басқару ашықтығы артатын болады. Сонымен қатар, бұл болашақта қазіргі уақыт режімінде минералдық шикізатты игеру жұмысына қадағалау мен есеп жүйесін енгізуге, экологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлар кезінде жедел шара қолдануға мүмкіндік береді.
Көліктік-логистикалық саладағы цифрлық түрлену Жапония, АҚШ, Қытай елдерінің тәжірибесі – зияткерлік көліктік жүйе құру аясында жүзеге асырылмақ.
Бұл бағыттағы шаралар транзиттік көлікті бағдарлау арқылы транзиттік әлеуетті арттыру, оның қозғалысын жоспарлау, белгіленген сервис деңгейін ұстану, көліктегі қауіпсіздікті арттыру, жүйелі жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, автомобиль жолдарының жағдайына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарының кезектілігін жоспарлау, әуе тасымалының және тағы да басқалардың рәсімдеу, ілесе жүру стандарттарын жетілдіру үшін қажет.
Бағдарламаның екінші бағыты – адамның машығын дамыту немесе “Жасампаз қоғам”.
Қазіргі таңда халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 74 пайызды құрап отыр. Алайда, сауаттылық дегеніміз машықтықтың алғышарты ғана және ол есептеуіш техниканы өндірістік немесе білім беру үдерісінде жетістікпен пайдалана алады деген сөз емес. Осы орайда “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы ақпараттық-коммуникациялық технология саласында кәсіби кадрларды даярлаудың жаңа тәсілін, халықтың барлық топтарын өмір бойы цифрлық машыққа оқытуды қамтып отыр.
Бұған қол жеткізу үшін мектептердегі және жоғары оқу орындарында оқыту бағдарламасы жетілдіріледі, бағдарлау курстары желісі кеңейтіледі, математикалық зердеге оқытуға басымдық беріледі, жоғары оқу орындары жанынан құзырет орталығы құрылатын болады.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасындағы келесі стратегиялық маңызды бағыт – экономиканы жаңғыртуда инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді құру.
Бүгін Қазақстан интернет пайдаланушылар саны жағынан Дүниежүзілік экономикалық форум ретингісінде 72 пайыз көрсеткішпен 41-орында тұр.
Алайда, ауылдағы интернеттің сапасы мен жылдамдығы қаладағыдан айтарлықтай нашар болуы “цифрлық алшақтықтың” басты себебі болып отыр. Осы орайда біз үстіміздегі жылдың аяғына дейін еліміздің барлық аудан орталықтарына жоғары жылдамдықты ұялы байланыс қызметі – 4G енгізуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылдың аяғына дейін 1300 ауылда тұратын 2 млн-нан астам адам жаңа оптикалық-талшықты желілер байланысының игілігін көретін болады. Бұл ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік және экономикалық жобалармен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2019 жылы өтетін электр байланысы халықаралық кеңесінің дүниежүзілік конференциясында бесінші буынның 5G ұялы байланысының стандарттары қабылданады деп күтілуде. 2020 жылы Қазақстанда бесінші буын желісі құрылуы мүмкін деген болжам жасадық.
5G жоғары сапамен қоса, көптеген операцияларды адамның қатысуынсыз жүзеге асыру арқылы экономикалық және қоғамдық үдерістерді қайта құра алатын “Заттар интернеті” технологиясын толыққанды енгізуге мүмкіндік бермек.
Төртінші бағыт – белсенді мемлекетке ауысу – электронды және ұялы үкіметті дамыту арқылы мемлекеттік органдардың қолжетімділігін, есеп беруін және ашықтығын жаңа деңгейге көтеру.
Осы бағыт бойынша қолға алынатын шаралардың мақсаты – халыққа қызмет көрсету орталықтарының клиентбағдарлауын көтеру, электронды қызметтің санын көбейту, тіркеу мен қажетті қызметтерді алу тәртібін қысқарту, композиттік қызметтер санын көбейту, қажетті құжаттар санын қысқарту, “Ашық үкімет” порталын алға жылжыту және тағы басқалар.
Бұл орайда ауқымды мәліметтерді жинау мен талдауды пайдалану шешуші маңызға ие.
Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастап кеттік. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол “100 нақты қадам” Ұлт жоспары негізінде өткізіледі. Мұның барлығы – “Цифрлық Қазақстан” жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеудің алғышарты болып табылады.
Жанболат БАҚАНОВ,
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі
стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры.