
Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, қос команда бұған дейін 10 рет кездескен. Бесеуінде петропавлдықтар жеңіске жетсе, қалғанында оңтүстік астананың хоккейшілері басым түскен. Биылғы чемпионатта 36 ойын өткізген “Құлагер” командасы 62 ұпайға қол жеткізіп, турнир кестесінде бесінші орында келеді. Ал қонақтар жерлестерімізден бір саты төмен тұр.
Хоккей жанкүйерлерінің көптігінен Спорт сарайында ине шаншар жер болмады. Бұл кездесуде жанкүйерлер арасында өңір басшысының болуы жергілікті хоккейшілерге жігер бергені анық.
Кездесу басталысымен екі команда алма-кезек шабуылға көшті. Солтүстікқазақстандықтар қарсыластар қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Өкінішке қарай, тактикалық қателіктерге бой алдырған ойыншылар оңтайлы сәттерде мүлт кетіп жатты.
Ал алматылықтар болса, қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезеңнің 18-ші минутында алматылық Кирилл Елагин есеп ашты.
Ойынның екінші кезеңі де тартысты өтті. Екі команда хоккейшілері бірнеше рет ойын тәртібін бұзды. Кездесу барысында “Құлагер” қарсыластардың қақпасына 25 мәрте шабуыл жасады. Дегенмен, қонақтар қорғанысқа көшіп, қақпа алдына табандап тұрып алды. Алғашқы күннің есебі – 0:1.
Ал келесі күнгі қарымта кездесуде “Құлагер” хоккейшілері есе қайтарды. Алғашқы күннің жеңілісінен кейін ойыншыларымыз жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін салғаны сөзсіз. Жергілікті жанкүйерлердің белсенділігіне де тәнті болдық. Бұл жолы да бос орын болмады. Жанкүйерлердің қолдауы команда ойыншыларына қосымша күш беріп, ойынның соңына дейін күресулеріне ықпал еткен сыңайлы.
Айдын иелері алғашқы минуттардан қарсылас қақпасына лап қойды. Бірақ шабуылға тойтарыс берген алматылықтар бірінші кезеңнің төртінші және тоғызыншы минуттарында қатарынан екі шайба соқты. Тек кезеңнің соңғы минуттарында қызылжарлық Егор Шастин айласын асырып, қақпашы Денис Мотошиннің қорғанысынан саңылау тапты.
Кездесудің 21 минутында Евгений Чемерилов есепті теңестірді. Кешікпей Илья Ахметов өз командасын алға шығарды. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Араға екі минут салып, қонақтар тағы есепті теңестірді.
Үшінші кезеңде қақпашымыз Андрей Янков бірнеше қауіпті соққыларды қайтарды. Матч бойы белсенділік танытқан Александр Поляков төртінші шайбаның авторы атанып, командасына жеңіс әперді.
Бұл кездесуден кейін 65 ұпайы бар жерлестеріміз ел біріншілігінің турнир кестесінде 5-ші орнын сақтап қалды. Былтыр қола жүлде еншілеген “Құлагер” биыл чемпиондық атақтан үміткерлер қатарында. Тек қалған ойындарда ұпай жоғалтпағаны жөн. Енді жерлестеріміз қаңтардың 13-14-і күндері өз алаңында “Астана” командасын қабылдайды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.