Шағын және орта бизнес субъектілерінің көптеп ашылуы – мемлекеттік қолдаудың жемісі. Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Разгульное ауылында астық сақтау кешені мен дәнді дақылдардың элиталық тұқымын қабылдау, бастапқы тазалау, сақтау, кептіру және жөнелту желісі пайдалануға берілді.
Енді ауыл шаруашылығы саласында елеулі нәтижеге қол жеткізіп жүрген “Агрофирма “Приишимский” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екінші тынысы ашылды. Қуаттылығы 6 мың тонналық инвестициялық бұл жобаның қабылдау, бастапқы тазалау, сақтау, дәнді дақылдардың элиталық тұқымын кептіру және жөнелту желісі бар.
Жаңа нысанның бой көтеруiмен жиналғандарды құттықтаған аудан әкiмi Владимир Дудов мұндай элеватордың ашылуы бiздiң астықты өлке үшiн маңызды оқиға екендiгiн атап өттi.
– Астықты жоғары іріктеуден өткізетін мұндай желі өңірімізде әзірге жалғыз. Биыл Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның диқандары 1 миллион тоннадан астам астық жинап, аудан бойынша әр гектардың берекелігін орташа есеппен 17,3 центнерге жеткізді. Диқандар енді алысқа бармай-ақ, дәнді дақылдардың элиталық тұқымын осында әкеліп кептіре алады. Бұл нысанның аудан мен облыстың экономикалық дамуына елеулi үлес қосатындығына сенiмдiмiн, – дедi Владимир Сергеевич.
Серіктестік директоры Мұстафа Гулиев шараға қатысушыларды жаңа нысанның жұмысымен таныстырды.
– Астық сақтау қоймасы – бәсекеге толық қабiлеттi өндiрiс. Біз жұмысымызда жетілдірілген германиялық технологияларды қолданбақшымыз. Мұндағы желілер сағатына – 12-14, ал тәулігіне 200 тонна астық қабылдап, тазарта алады. Ол кейін кептіріліп, сұрыпталып, сақтау қоймаларына жіберіледі. Ал төртінші, бесінші сұрыптағы бидайды одан да тез тазалайды. Бұдан бөлек, сағатына 22 тонна дәнді дақылды кептіретін қондырғымыз бар, – деді Мұстафа Маулиевич.
Серіктестіктің басшысы заманауи материалдардан салынып, құрал-жабдықтармен жарақталған кешеннің құрылысы 2013 жылы басталып, ұлттық холдингтің 842,9 млн. теңге қаржысы жұмсалғанын жеткізді. Үстіміздегі жылы “Қаз-Агро” ұлттық холдингі 10 жылдығын атап өтпек. 2009 жылдан бері ұлттық холдингтің қолдауымен 324 млрд. теңгенің 530 инвестициялық жобасы қаржыландырылған.
Кешенде аграрлық сектор үшін жоғары технологиялық жабдықтардың кеңейтілген спектрін шығаратын Германияның танымал “Petkus” фирмасының заманауи кептіргіш қондырғылары орнатылған. Ол биылғыдай ылғалы мол астықты қабылдауға өте қолайлы.
Жұмысы толық автоматтандырылған астық сақтау кешенінің артықшылықтары көп. Солардың бірі – оның майлы дақылдарды кептіру, сақтау қызметтерін көрсететіндігінде. Сондай-ақ, мұндағы заманауи құрал-жабдықтар адам еңбегін көп жеңілдеткен. Автоматтандырылған жүйеде дәнді дақылдың кептелуі, толып қалуы, төгіліп кетуі деген сияқты қиындықтар мүлдем жоқ. Ондағы компьютерлік режім жұмыстың сапасын арттырып, цилиндр тәрізді қоймалар автоматты түрде іске қосылады. Қондырғының астықты қажетті ылғалда ұстау, ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндігі бар.
Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған нысан компьютер арқылы басқарылады. Жаңа технологиялар ғасырының жетістігі ғой, өз ісіне жауапты мамандар белгілі бір операция жасалмас бұрын құрылғыларды тексеріп, сосын олардың жұмысын сырттай назарда ұстайды екен. Ал элеватордағы барлық құрал-жабдықтардың жұмысына, әрине, операторлар Александр Маланин мен Богдан Филин жауап береді.
– Өндірісімізге қызығушылық танытқан жергілікті астық өткізуші ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін барынша қолайлы жағдай жасадық. Аталған жұмыстарға төленетін төлемнің құны аудандық орта көрсеткіштен аспайтын болады. Осылайша, жаңа клиенттермен кідіріссіз жұмыс істеуге толық дайынбыз, – дейді Мұстафа Маулиевич.
Іске қосылған кешен алдағы уақытта аудан, облыс шаруашылықтарынан сапалы тұқымдық материал өндіруге және жеткізуге өтінімдер қабылдай бастайды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.