
Қызылжарлықтардың Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының еңселі залына толассыз ағылуынан-ақ олардың осынау қасиетті айға деген сағынышын, Алла Елшісіне деген ізгі құрметін аңғаруға болады. “Қызылжар” орталық мешітінің өкілдері мен облыстық дін істері басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке көршілес Қостанай, Ақмола облыстарындағы мешіттердің имамдары, ұстаздары, Алматыдағы “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, белгілі теолог Ризабек Батталұлы арнайы келді.
Рухани кеш қасиетті Құран оқумен басталып, ардақты пайғамбарымыздың өмірі мен ізгі амалдары, сонымен қатар Қызылжар орталық мешітінің өткен жылы атқарған шараларының есебі сахнадағы экраннан ұсынылды.
Содан кейін Мәуліт мерекесінің еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудағы маңызына айрықша тоқталған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров:
– Құрметті мұсылман қауым! Сіздерді облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан қасиетті Мәуліт мейрамымен құттықтаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында: “Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің ділі мен дінін мансұқтамай барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз”, – деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының парасатты және байсалды саясатының арқасында барлық этностар мен конфессиялар арасында бірлік пен тұрақтылық сақталып келеді. Исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мейрам адамдар арасындағы мейірімнің, қамқорлықтың арта түсуіне ықпал етеді. Имандылық пен ұлттық болмысты бірінші орынға қойған қазақ халқы қаншама сұрапыл замандарды өткерсе де, дін тазалығын жоғалтқан емес, – деді.
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі мен тағылымды тағдырынан сыр шертті. Бұл кеште “Қызылжар” орталық мешітінің шәкірттері Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) мәуліт оқып, салауат айтты.
С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері сахналаған ғибратты оқиғаларға толы “Ақ орамал”, “Адасқандар” қойылымдары рухани кештің шырайын келтірді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.