Елде бірлік болмаса, экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен этносаралық келісім туралы да сөз айтуға болмас еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осыдан жиырма төрт жыл бұрын елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы бүгінде өз жемісін беруде.
Бүгін мен елді бірлікке шақырар ойыммен бөліскім келеді. Шынын айту керек, қазақ деген ұлттың бауырмалдығы болмағанда, менің отбасымның болашағы не болар еді? Мен 1958 жылы Қызылжар ауданының Соколовка ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Отбасында 2 ұл, 3 қыз өстік. Он жасқа толғанымда асқар таудай әкем Иван Сергеевич соғыста алған жаралары сыр беріп, өмірден өтті. Міне, осылай отбасының бар ауыртпалығы анам Елена Емельяновнаның мойнына түскен еді. Анашымның бізді аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіргені әлі есімде. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, қай шаруаны істесе де, қиынсынбайтын анашым араға бір жыл салып, әкемнің артынан кетті.
Амал нешік, тағдырдың жазғаны болды. Дегенмен, өмірдің қиындығына төтеп бере алдық. Жейтін асымыз бен киер киімнің жоқтығына қарамастан, туысқандарым мен ауыл тұрғындары қолдау көрсетті. Сол кездегі қазақ халқының жасаған көмегін ұмытпаймын. Жерлестерімнің бауырмалдығы мен қамқорлығына бөлене жүріп, ержеттік. Бір-бірімізге жанашыр болып өстік. Бүгінде әрқайсымыз жеке отбасымызды құрып, түтін түтетіп отырмыз. Шүкір, бәріміздің де балаларымыз, немерелеріміз бар.
Облыс орталығындағы №43 орта мектепті тамамдағаннан кейін Петропавл ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, механик мамандығын меңгердім. 1978 жылы әскерге шақырылып, азаматтық борышымды қиянда, сонау Германияда өтеуге аттандым. Екі жыл шетелдегі кеңес әскерлері тобында Отан алдындағы борышымды өтеп, аға механик, танкистер взводының жүргізушісі болдым.
Барша қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, облысымыздың 80 жылдығын ерекше көңіл-күймен атап өтіп жатқанда менің де өмірімде маңызды оқиға орын алды. Жуырда Ресей Федерациясының Германиядағы кеңес әскерлері тобы ардагерлерінің халықаралық қауымдастығынан ардагерлік және мерейтойлық медальдар жетті. Енді омырауыма таққан бұл медальдарға қарап, жастық шағымды есіме аламын.
Әскерден кейін Петропавл педагогикалық институтын тамамдап, №24 мектепте еңбек жолымды бастадым. Білім ордасында бес жыл бойы оқушыларды дене шынықтырудан баулыған соң, Н.Крупская атындағы №10 мектепке ауысып, отыз жылдан астам уақыт бойы білім саласында табысты еңбек етіп, жоғары санатты ұстаз атандым.
Өзім – чувашпын, зайыбым – орыс. Өмір жолымда жергілікті халықтан ешқандай қысым көрген кезім болған емес. Қазақстан атты бір шаңырақтың астында 130-дан астам этнос өкілі тұратын, татулықты ту еткен елге айналдық. Бейбітшілік пен бірлік тұрақтаған елімізде еркін тұрып, мемлекеттің қолдауын сезініп жүрген отбасымыздың жүрегі қашан да “Қазақстан!” деп соғады.
Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан – түрлі этностар тату-тәтті өмір сүріп жатқан шаттық мекеніне айналды десек, артық айтқанымыз болмас. Осы орайда, білім саласының маманы ретінде мен еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақ өкілдеріне үлкен сенім артамын. Еңбекқор жастар алдарына мақсат-міндеттер қоя біледі. Ең бастысы, молшылық заманда өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақ барымызды бағалап, бейбітшіліктің қадірін түсінсе екен деймін. Отанымыздағы қоғамдық келісімді одан әрі нығайту – елімен бірге есейген ұл-қыздарымыздың міндеті. Сол арқылы бірлік, ынтымақ, татулық сынды қасиеттерді паш ете аламыз.
Александр КАРАСЕВ,
қала тұрғыны.