Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері 11 рет отырыс өткізіп, алпысқа жуық мәселе қараған. Осы жылдың соңғы отырысында да әдеттегідей бірнеше мәселенің басы ашылды. Тимирязев ауданының әкімі Еркін Базарханов қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың алдын алу шаралары жөнінде баяндады. Ауданда жыл басынан бері 38 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, олардың бірі спирттік ішімдікке сылқия тойып, ел көзіне түскен екен. Баяндама мінсіз болса да, кеңес мүшелері аудан басшысына жергілікті мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауатын арттыру және заңнаманы мүлтіксіз сақтау қажеттігін ескертті. Себебі, су тасқынынан бұзылған жолдар әлі сол қалпында жатса, аудан тұрғындарының өтініштерін қарау жұмысы да сын көтермейді екен.
Ал Уәлиханов аудандық әкімдігі жанындағы тәртіптік комиссия “шаш ал десе бас алғанға” ұқсайды. Олар жыл басынан бері 120 мемлекеттік қызметшінің 72-сін 114 рет тәртіптік жазаға тартып, біреуін жұмыстан шығарып жіберген. “Аудандардағы тәртіптік комиссиялар, ең алдымен, алдын алу жұмыстарымен айналысуы керек. Ал сіздер істің мән-жайын анықтамастан мемлекеттік қызметшілерді жөнсіз жауапқа тартқансыздар”, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің жанынан құрылған тәртіптік комиссия да қаралауға бейім болған. Комиссия мүшелері қызметтік тексеріс жүргізбестен тендерге қатысқан кәсіпкерлерді еш негізсіз кінәлаған. Кейін заңсыз әрекеттері үшін қудаланатынын біліп, олар өз еріктерімен жұмыстан кеткен.
Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласының әкімі Ерлан Жақыпов болса, заңды белден басып, екі кәсіпкердің жекеменшігіндегі жер телімін тартып алу жөнінде ұйғарым шығарған. “Сіздің құзырыңызға жеке иеліктегі құқықты қайтарып алу шарасы кіре ме? Сіз жеке мүлікті біреудің иелігінен ала аласыз ба? Алайда, Қазақстан Республикасының Конституциясы сіздің шешімдеріңізден жоғары тұр. Онда соттың шешімінсіз бірде-бір адамның жеке мүлкінен айрылмайтындығы айтылған”, – деді Ғалым Тұрсынбаев.
Өз қалауын заңнан үстем қылған қала басшысының лауазымын төмендету туралы Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиевке ұсыныс жасалатын болды. Егер аудан әкімдігінде бос орын болмаса, онда ол атқарып отырған қызметіне толық сай емес деп танылмақ.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.