Адамның көрікті, тартымды болып көрінуіне шаш үлгісі де көп әсер етеді. Сондықтан да қыз-келіншектер шаштарын қиып, бояп, сән әлемінің жаңашылдықтарынан қалмауға тырысады. Бірақ сән өз алдына, бағзы заманда қазақ тұрмысында ұлдар мен қыздардың шаш үлгісіне көп мән берілген. Ұлдарға – кекіл, айдар, қыздарға тұлым қойған. Ал қазір осындай дәстүр жалғасып келе ме? Бүгінгі сауалнамамызда осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітеміз.
Гүлсана, 24 жаста:
– Менің шашым бала кезімнен ұзын. Үнемі өріп жүремін. Шаш бояғанға, оны қиып, қысқа етіп жүруге өз басым қарсымын. Менің ойымша, ұзын шаш қандай қызға болсын жарасып, оның кескін-келбетін аша түседі. Әрине, бұрын әжелеріміз, аналарымыз шаштарын орамалдың астына жасырып, бір талын да көрсетпей жүретін. Ол да өзі қазақ әйелдеріне тән тамаша үрдіс болған. Бірақ қазір заман өзгерді. Жастар түгіл, елуді еңсерген апалардың арасында да басына орамал таққанды дәстүрдің тозығы деп санайтындар бар. Ондай апаларды көргенде ұяласың, ал енді кекілді ұлдар мен бұрымды қыздарды кездестіргенде сүйсінетінің рас.
Роза, 47 жаста:
– Мен ата-енемнің қолында тұрғандықтан, салт-дәстүрді қатты ұстанамын. Бұрын үлкендер: “Баланың кекіліне періште ұялайды, оны қорғайды”, – дейтін. Жақсылыққа жорамалдап, мен де екі ұлыма кекіл қойдым. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Оның астарында үлкен мән-мағына, салт-дәстүр жатқаны сөзсіз. Қыздарымыз бұрымды, балаларымыз тұлымды болып, дәстүрден сусындап өссе, қуанбаймыз ба? Қайта шетелдің киноларындағы әртістерге еліктеп, шаштарын өсіретін жастарға бағыт-бағдар беріп, өзгенің жылтырағына қызықпай, өзіміздің құнды дүниелерімізді бағалауды үйрету керек.
Жібек, 52 жаста:
– Бұрын тұлымды балаларды көп көретінбіз. Қазір оның бәрі таңсық болып кетті. Дәстүрді насихаттайтын ата-әжелеріміз: “Айдары бар балаға тіл-көз тимейді”, – деп ұлдарға кекіл қойғызатын. Оған арнайы мал сойғызып, дуалы ауыздан бата алатын. Бала өсіп, бір мүшел жасқа толғанда шашын қиғызып, үлкен той жасайтын. Мұның барлығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр болатын. Бірақ соңғы кезде оның жібін үзіп алдық.
Сәулеш, 42 жаста:
– Қазір шаш өсірудің орнына қыздарымыз оны қиып тастаудан жарысатын сияқты. Қиған былай тұрсын, тіпті қызыл, көк, сары түспен бояп алғандарын көргенде бас шайқаудан басқа амал қалмайды. Соның барлығының керегі бар ма? Әдемілік адамның ішкі жан дүниесінде болу керек. Байқағаным: кейбір бойжеткендер шаштарына шаш жапсырып, оны және “Африканская косичка” деп сәндеп алады. Бұл не өнер? Басқаға еліктеуді қоятын кез келді ғой. Сән өз жөнімен, бірақ қазақ қызы мен қос бұрымды екі бөліп айтуға болмайды. Олар үнемі бірін-бірі толықтырып тұрады. Африкалық бұрымның бізге ешқандай қатысы жоқ.
Сауалнаманы жүргізген
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.