Қаланың іргесіндегі “Солнечный-2” шағынауданының тұрғындарынан редакцияға хат жиі келеді. Газетіміздің өткен сандарының бірінде “Редакцияның хат қоржынынан” айдарымен Алма Махметова есімді зейнеткердің шағымы жарияланған еді. Онда жаңа үйлер бой түзегенімен, азық-түлік дүкені, мектеп, балабақша сынды маңызды нысандардың әлі салына қоймағанын, өз баспанасынан шағындау дүкен ашуды көздеген тұрғындарға жауапты мекемелер келісім бермегенін ашына жазған болатын. Амалсыздан тұрғындар жырақтағы дүкендерге болмаса қала орталығындағы супермаркеттерге баруға мәжбүр. Ал бұған көбінің мүмкіндігі келе бермейтін көрінеді. Себебі әрқайсысында жеке көлік жоқ, автобус та жиі қатынамайды. Жасы егде тартқан тұрғындар немесе сәбилі аналар алысқа ұзап шыға алмайтыны бесенеден белгілі. Бұл айтылған мәселелердің ақ-қарасын ажырату мақсатымен шағынауданға арнайы барып, өз көзімізбен көріп қайттық.
Петропавл қалалық әкімдігі мамандарының айтуынша, тұрғындарға ең қажетті деген мектеп пен балабақшаның іргетасы қазір қалана қояр түрі жоқ. Демек, қысы-жазы балаларын қалаға таситын жас отбасылардың мәселесі қашанға дейін жалғасары белгісіз. Тұрғындар шағынауданға кіреберістегі жалғыз аялдаманың қары бір аптаға дейін тазаланбағанын, көшенің екінші басындағы жарық шамдары жанбайтынын да айтып шағымданды.
“Солнечный-2” шағынауданындағы үйлердің бәрі жаңадан салынған. Ондағы баспаналар ауданына қарай екі санатқа бөлінеді екен. Бергі басындағылар шағындау, арғы жағында шаршы метрі үлкенірек үйлер орналасқан. Шағынаудан тұрғыны Гүлнәр Сайлауқызының сөзінше, сол арғы үйлердің алды тас қараңғы.
– Әсіресе қыста таң атпастан мектеп пен балабақшаға қатынайтындарға қиын. Автобус көшеге кірмейді, шеттегі жалғыз аялдамаға тоқтайды. Тұрғындар қараңғыда балаларын ертіп аялдамаға дейін жүруге мәжбүр. Ал аялдаманың маңындағы қар қыс басталғаннан бері тазаланбаған, ұйытқыған жел ұлпа қарды ішіне үйіп тастайды, желден ықтайын десең, кіру мүмкін емес. Жұрт боранды күні қатты қиналады. Көшелер де уақытында тазаланбайды. Тұрғындар аялдамаға жалғызаяқ жол салып алған, – дейді шағынаудан тұрғыны.
Біздің де алғаш аялдаған жеріміз сол қар басқан аялдама болды. Себебі 4“А” автобусы бізді шағынауданның іргесіне дейін апарды да “ары қарай өздерің жетіп алыңдар” дегендей кілт тоқтады. Автобустан бізбен бірге қаланың орталығындағы мектептерде оқитын оқушылар мен бірнеше ата-ана бірге түсті. Мектеп жасындағы балалар сабақтан кештетіп қайтқанда қаңғыбас иттерден қорқатындарын айтты. Ашыққан иттер жалғыз келе жатқан балаларға айбар шегетін көрінеді. Біз сөзге тартқан ата-аналар болса, баспана салудан бұрын мектеп пен балабақша тұрғызғанда мұндағы өмір қазіргіндей сүреңсіз емес, қайнаған тірліктің базарына айналар еді деген ойларын жеткізді. “Шағынауданға қазақша атау неге берілмеді? Орысша елді мекендердің атауын өзгерте алмай жатқанда бұл қисынға келмейді”, – деп қынжылды бір тұрғын.
Қаз-қатар тізілген қоңыр шатырлы баспаналар көрер көзге әдемі көрінеді екен. Шет жақта 6-7 жылқы жайылып жүргеніне қарағанда, мұнда қора салып, мал ұстайтындар бар екенін болжауға болатындай. Бірақ жаңа үйлердің бірінен түтін шығып жатса, екіншісінің маңында адам ізі жоқ, есік алдындағы қар да күреусіз қалған. Соған қарағанда ешкім тұрмайтын сияқты. Ал кейбірінің иелері қалада жұмыс істейді-ау деп топшыладық, себебі есігінде құлып тұрғанымен, маңайы тазаланған.
Жаңа салынған баспаналарды сырттан қызықтап біраз жүрдік те мұржасынан қара түтін будақтап жатқан біреуіне кіруді ұйғардық. Мұнда зейнет жасындағы кісілер тұрады екен. Көшіп келгендеріне үш ай ғана болған. Сағынтай Изгутдин бұл үйді “Отбасы банк” арқылы алыпты. 90 шаршы метрлік баспана 10 миллион теңгеге бағаланған екен. Бөлмелері кең, қабырғасы берік болғанымен төбесі жұқа көрінеді. Үй иесінің айтуынша, жаққан оттың жылуы сыртқа кеткеннен кейін төбесін ағаш үгіндісімен қалыңдатыпты. Тағы бір кемшін тұсы – кәріз жүйесі жоқ. Септик тола бастағанда арнайы техника шақыртып сорғызады. Отағасы жылу жүйесін өзі қайта қалпына келтіргенін айтады. Әуелгіде тұрған пештің орнына басқасын орнатыпты. Бұл жылуды ұзақ ұстайтын көрінеді. Зейнеткер шағынауданның кейбір мәселелері әлі реттеле қоймағанын, үстіміздегі жылы істелер деген үмітпен отырғандарын жеткізді.
– Бастапқы салынған үйлерде қоршау бар да, кейінгісінде жоқ, айнала ашық-шашық. Соған қарағанда ақша үнемдеген сияқты. Бір жағынан құрылыс материалының қымбаттауы себеп болса керек. Енді ішкі жолдарды асфальттап, жиегіне арық қазып, жаяулар жүретін тротуар салып берсе деген тілегіміз бар. Балалы отбасылар үшін балабақша мен мектеп қажет, – дейді Сағынтай Атымтайұлы.
Жетпісті алқымдаған ақсақал үйде қол қусырып отырмай, өзі бұрыннан шұғылданып келген жұмысын жалғастырмақ ойы бар екенін айтты. Кезінде жылу-электр орталығында жұмыс істепті. Сондықтан әр үйге керек – жылуды ұзақ уақыт сақтайтын пеш жасауды біледі.
Тұрғындардың айтуынша, көктемде қар суы есіктің алдына дейін жайылады екен. Өйткені кей көшелердің жиегіне арық қазылмаған. Қар басып жатса да жолға қиыршықтас төселгенін аңғару қиын емес. Біздің келетінімізді білгендей көз алдымызда арнайы техника көшенің қарын сырып өтті.
Қаланың іргесіндегі шағынаудан тұрғындарының замана игілігінен қағылып отырғанын аңғару қиын емес. Соған қарамастан тұрғындар белсенді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындар өз қалталарынан қаражат шығарып, орталық көшенің біріне балалар үшін шырша орнатыпты. Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлаған көрінеді.
– Аққайың ауданынан мұнда көшіп келгеніме жарты жылдан асты. Қымбатшылық қысқан мынадай кезде бір жалақымен күн көру мүмкін емес. Сондықтан өз қаражатыма қора салып алдым, 50 тұяқ қой бағып отырмын. Ал үйдің кем-кетік тұсын өзім жөндеп алдым, қазір жылы. Көше жарығының жоқтығы түнде жүретіндерге қиын, – дейді Алдияр есімді тұрғын.
Шағынаудан тұрғындарының шағымын арқалап, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Айдын Макеновке жолықтық. Ол көше шамдарын орнатуға жауапты емес екенін жеткізді. Мектеп, балабақша, дүкен салу мәселесі жуырда шешіле қоймайтынын айтты. Ал автобустардың шағынауданның ішімен жүрмеуіне жолдың тарлығы мен асфальт төселмеуі басты себеп көрінеді. Айтуынша, қоғамдық көлік жаңа болғандықтан, жүргізушілер қиыршықтас дөңгелегін жара ма деп қауіптенеді.
– Біз қаланың айналасындағы шағынаудандардың көшесін қардан тазалап, автобустың іркіліссіз қатынауын қамтамасыз етеміз. “Солнечный-2”-нің жағдайынан толық хабардармыз. Қажетті қаражат бөлінгеннен кейін ондағы көшелерге асфальт төселеді. Біздің қазіргі негізгі жұмысымыз – “Отбасы банкпен” бірлесе отырып, үйлердің құжатын әзірлеу, – дейді Айдын Есләмұлы.
Бөлім басшысы орынбасарының сөзінше, ондағы үйлердің барлығында құжат бойынша қоршауы болуы тиіс екен, ауызсу үйге дейін кіргізіліп, септик қазылып, электр сымы тартылып, жолы асфальтталуы керек. Құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатқандықтан, кем тұстары әлі де түзеледі. Ал қыста көшелердегі қарды тазалау жұмыстары кесте бойынша атқарылады.
Қалалық әкімдіктің берген мәліметінде “Солнечный-2” кентінде 2094 жер учаскесі бөлініп, 56,9 шақырым көше жолына қиыршықтас төселгені көрсетілген. Қазір мұнда 200-ден астам бірқабатты үй бой көтерген. Бұл баспаналарды қалалық әкімдікте жер теліміне кезекте тұрғандар алған. Мемлекеттік бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асырылған. Үйлердің ауданы 70-90 шаршы метр аралығында. Баспана тұрғызумен екі мердігер компания – “Зерттеу СК” және “Құрылыс сервис СК” ЖШС-лары айналысыпты. Біріншісі 72 үй салса, екіншісі 139 баспана тұрғызған.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.