Ауыл балаларының талай додалы жарыстарда топ жарып жүргені анық. Қара күшімен ерекшеленіп, қарсыластан айласын асырып, жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген солтүстікқазақстандық ұлдардың атын атап, түсін түстей бастасаң, санынан жаңыласың.
Ұстаздың еңбегі, ең алдымен, шәкіртінің жетістігімен бағаланады десек, менің де көпжылғы еңбегім текке кетпепті. Оның дәлелі, үстіміздегі жылы қос бірдей шәкіртім қазақ күресінен спорт шебері нормативін орындап, мерейімді тасытты.
Мен Шал ақын ауданындағы Жаңажол орта мектебінде 2001 жылдан бері жаттықтырушылықпен айналысып келемін. Осы уақыттың ішінде тәрбиеленушілерім аудандық, облыстық және республикалық сайыстарда атап айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтіп жатқан үстіміздегі жылы оқушыларым ерледі. 2006-2007 жылдардан бері менің жетекшілігіммен ұлттық спортымыздың қыр-сырына қанығып жүрген қос оқушымның залда шүмектеп төккен тері жемісін беріп, артқан сенімімді ақтады. Атап айтқанда, тамыз айында Семей қаласында қазақ күресінен Қазақстан кубогы өткен болатын. Сол жарысқа қатысқан шәкіртім Батырхан Қайырбек кубок иегері атанып, спорт шебері нормативін орындады.
Ал 14-16 қазан күндері Қызылорда қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында қазақ күресінен өткен ел біріншілігінде облыс намысын абыроймен қорғаған Мейірбек Рахимовтың айы оңынан туды. Ол боз кілемде қарсы келген қарсыластардың жауырынын жер иіскетіп, сайыстың жеңімпазы атанды. Ол да спорт шебері атанды. Арада екі апта уақыт өткеннен кейін Мейірбек Түркістан қаласында қазақ күресінен өткен халықаралық турнирде жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Осыдан он жыл бұрын үйірменің табалдырығын аттаған екі жеткіншек залда жаттығып жүрген балалардың жетістіктерін көріп, қатар өсті. Еңбектенді. Бұл олардың спортшы болып қалыптасуына көп көмектесті. Спортта жоғары нәтижелерге жету үшін алдарына үлкен мақсаттар қоя білген олар бүгінде сол еңбектің жемісін көруде.
Қазір Батырхан Қарулы Күштер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Ал Мейірбек облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, білім алуда.
Болашақта қос балуан республика көлемінде ғана емес, Азия, әлем біріншіліктерінде де жүлдегерлер қатарынан табылады деп үміттенемін.
Болат НҰРТАЗИН,
Жаңажол орта мектебінің дене
шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Шал ақын ауданы.