
“Өнер – таусылмас қазына” дегендей, Күлбаршын Әбдірахманова бала кезінде машықтанған ісін араға жылдар салып қолға алған кезде бал тамған саусақтары өз ыңғайын бірден тауыпты. Тігіншілік оның қанына біткен қасиет те шығар. Өйткені, Күлбаршын Қалиханқызы ес білгеннен нағашы әжесі мен анасының тіккен талай бұйымын көзімен көріп, қолымен ұстап, ол заттарға талай жұрттың тамсана таңдай қаққанын кеше ғана өткен өмірдің бір белесіндей еске алып, әңгіме қозғады. “Қыз еркем – кестесімен көркем” демекші, ежелден қыз баланы үй шаруасына бейімдеу, әсіресе, қолөнерге баулу отбасылық тәрбиенің маңызды бір бөлігі емес пе?! Осыдан 50-60 жыл бұрын қазақтың қыз-келіншектерінің ішінде ине ұстап, жіп сабақтай алмайтындары некен-саяқ болатын.
– Нағашы әжем Айыртау ауданының Егіндіағаш аталатын елді мекенінде ғұмыр кешті. Оның тіккен бұйымдарына сүйсіне қарап, шеберлігіне құштар болып тұратынмын. Біздің отбасымыз үлкен болды. Он баланы жарасымды киіндіру үшін анам тігін тігуден жалықпайтын еді. Көз көргенді ой таниды. Бүгінде іс тігіп отырып, өзіме жаны жақын болған адамдарды еске алып, ерекше бір күйге енемін. Ата өнері балаға мұра деген осы шығар, – дейді Күлбаршын Қалиханқызы.
Күлбаршын Әбдірахманова табиғатынан еті тірі, мінезі ашық, көңілі жайдары жан екендігі аңғарылады. Екеуара әңгіменің бастапқы сәтінен-ақ бойын тік ұстап, салмақты сөйлеген оған қарап: “Өз ғұмырын қоғамдық ортада белсенді өткізген жан болар”, – деген ойым дұрыс болып шықты. Ол талай жыл орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ұстаздық етуімен қатар, күш-қуаты бойында тұрған жастық шақта бірқатар қоғамдық-саяси жұмыстарға да етене араласыпты. Өмір деген қас қағымда өте шығады ғой. Дегенмен, өткен өміріне еш өкініші жоқ Күлбаршын Қалиханқызы кәріліктің тұзағына оңай түсе қоятын адам емес екен. Еңбекқор, көпшіл мінезді жанның бүгінгі әрекеті соның айғағы. Оны бүгінде ортасына танымал, замандастарына сыйлы етіп отырған қасиеттерінің бірі – бала күннен бойына қалыптасқан өнері. Күлбаршын Қалиханқызы бастапқыда қолөнерді өз көңілін аулау үшін, ермек үшін қолға алса, жылдар өте шыңдалған шеберлігі табыс көзі болумен қатар, қоғамдық ортаның жылуын сезінетін құралға да айналған.
– Жас ұлғайған соң еңбек жолым өз межесіне жеткендігін байқатты. Бірақ мен үшін екі қолды қусырып, босқа отыру тыныс алмай қалғанмен пара-пар. Сондықтан қол білетін, әрі өзіме қадірлі істі жандандыруды қош көрдім. Сөйтіп, бұрынғы аналарымнан көріп, есімде сақталған өнердің қыр-сырларын еске түсіріп, өз әлемімді қалыптастырдым. Ермекпен басталған ісімнің бүгінгі деңгейі көңіліме жағады. “Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар” дегендей, бұл әлі бастама ғана. Өйткені, мағыналы тіршілік ортасын қалыптастырудың өзі адамды көп жаңалықтарға, жаңашылдықтарға жетелейді. Сеніңіз. Бұл – жетпіске аяқ басып, өз бойынан күш-қуаттың таймағанын сезінген адамның сөзі, – дейді ол.
Күлбаршын Қалиханқызы – қолы алтын шебер, тігіншіліктің қас маманы. Бүгінде оның қолынан шыққан бұйымдар Қазақстанның түкпір-түкпіріне тараған десек, асыра сілтегендік емес. Бұйымдарын сатумен айналысқалы 4-5 жыл болған шебердің тұрақты тұтынушылары бар, сондай-ақ, “ұзын құлақтан” естіп, оны арнайы іздеп келіп, тапсырыс беретіндердің қатары жыл санап өсуде.
– Қазақ тойшыл халық емес пе?! “Той тондыға жарасады” дегендей, бүгінде қайсымыз да ел қатарлы той өткізуге тырысамыз. Қыз алып, қыз беруде жер қашықтығын қиынсынбайтын халықпыз. Сондықтан құдалық, той-домалақ кезінде жерлестерім менен сатып алған бұйымдарды Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізеді. Жақында Павлодар өңіріне тойшылап барған туған інім сондағы мен дайындап берген бұйымдарыма жұрттың аса қызығушылықпен қарағанын, олардың алдында өзінің мерейі үстем болғанын айтып, қуанып келді. Бауырымның әпкесі үшін қуанғанын көріп, менің де көңілім жадырап қалды, – дейді қолөнерші.
Шебердің жасаған бұйымдарына қарап, оның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігін аңғаруға болады. Тұтас кездеменің бетіндегі ою-өрнектер үлкен ыждағаттылықпен, шыдамдылықпен құрастырылыпты. Тігін машинасының шамасы жетпеген жерін қолымен бүріп, жіптің тігісін маржандай етіп түсірген екен. Бояуы қашса да, жүрісі сыр бермеген анасының тігін машинкасы да Күлбаршынға ерекше бір күш беретіндей. Маталардың ашық, бір-бірін толықтырып тұратын қызылды-жасылды түстері де шеберліктің белгісін танытады. Ұқыпты, жинақы жасалған бұйымдардан артық жіпті немесе жолақты байқамайсың.
– Анамның мен бала кезде тіккен бір көрпесі әлі күнге дейін сақталған. Өңін берген жоқ. Мен бүгінде 70 жаста болсам, оған қанша жыл болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Пүліш матасының өзі жап-жаңа. Әйбат орналастырылған түрлі түсті мата қиындылары ерекше көз тартады. Сондықтан әр бұйымды сапалы матадан, тігісі мен жібін шығармай, өңін ашатын түр таңдап тігу – шеберліктің белгісі. Бояу түсі дұрыс таңдалмаған бұйымға қанша еңбек сіңірсең де, көрінбей қалуы мүмкін, соны да ескерген жөн. Мен де қызыма арнап бір көрпе құрап қойдым, – деп орнынан тұрған ол төр бөлмеде жиылған төсектің ішінен жаңа көрпені алып келіп, айналасын желдете сілкіп, алдымызға жайып тастады. Шеберлікке шек жоқ. Алты бұрыш етіп құрастырылған өрнектер бір қарағанда түймедақ гүліне ұқсайды екен. Көрпе ескі киім-кешектердің қиындыларынан жасалғанын шебердің өзі айтқан кезде ғана көз жеткіздік. Өйткені, ондай матаны, яғни кремплинді бүгінде еш жерде кездестіре алмайсың. Көрпенің өңі мен сапасын ашу үшін матаның өзін бес жыл жинаған.
Қолөнерші көрпе, жастық, бөстек, ыдыс-аяқтардың астына салатын төсеніштерді, той-домалақтардың жоралғы бұйымдарын жасайды. Өңірімізге кеңінен тараған той кәдесі – қалтаның өзінде ісмер жанның шығармашылық ізденісі байқалады. Сандық, гүл салғыш, киіз үй, тіпті, бикеш пішінінде тігілген қалта немесе тойбастар кәдесін жасау – кешегі тәсіл. Біз барған кезде шебер қалтаны Қазақстанның елдік белгісі – “Бәйтерек” пішінінде жасап жатыр екен.
Бір жасалған бұйым түрін екінші рет қайталамас үшін жаңа үлгіге үлкен толғаныс керек. Ондайда айналаңнан ой тастайтын көрініс немесе ақпарат іздейсің. Ал бүгінде кімнің болсын жақын ақылшысына айналған Интернетті Күлбаршын Қалиханқызы да үлкен қызығушылықпен пайдаланады.
– Аудан басшылығының құлағына менің қолөнерім туралы жылы лебіздер жеткен болуы керек, олар қолқа салып, менің бұйымдарымды түрлі шараларда көрсете бастады. Бүгінде облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысып, аудан намысын қорғап та үлгердім, – дейді Күлбаршын Әбдірахманова.
Қолөнершінің сүйікті ермегі мен табыс кілтін қоғамдық іске айналдыру туралы аудан әкімдігінің ұсынысы оны бейжай қалдырмапты. Өйткені, ол үшін бұл – әрекет орта қалыптастыру мен белсенді өмір сүруге жол ашатын игі бастама. Сондықтан Күлбаршын Қалиханқызы аудан басшыларының қолөнершілер үйірмесін ашу туралы тілектерін қош көреді. Осылайша 2013 жылдың қараша айында бой көтерген “Шаңырақ” әйелдер клубы 15 қолөнерші бас қосқан орынға айналған. Ал биыл оның жанынан “Саумалкөл самалы” деп аталатын әншілер тобы құрылды. Бүгінде жас клубтың жетекшісі Күлбаршын Әбдірахманова баршаның сенімін арқалап, жұмыстарын жан-жақты дамыту үшін ізденіс үстінде.
Әрқайсысы бір үйдің ақылшысы, шамшырағы болып отырған әйелдердің бірі құрақ құрап, екіншісі тоқыма тоқып, үшіншісі күршекпен ілме тартып, өз білгендерін ортаға салады. Бұл еріктілер клубы болғандықтан, өнерге қызығушылық танытқан кез келген адам оған мүше бола алады. Аталмыш өнерпаздар ортасының басты ұстанымы ұлттық дәстүрді жандандыру болса, ертеңгі күні бұл клубқа жастар тартылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Мұнда әртүрлі заттар жасалады. Біз материал сатып алып шығынданбаймыз. Ескі бұйымдарға жаңа өң, екінші тыныс береміз. Яғни, үлгісі тозған, бірақ матасы нық заттарды сөгіп, жаңа үлгідегі бұйымдар жасаймыз. Бұл, әрине, кез келген отбасында қолдануға болатын тәсіл. Тоқ заман болғанымен, өз қолыңмен жасалған бұйым қашанда қадірлі. Жаңа затты жасар алдында баршамыз ақылдасып, әркім өз ұсынысын айтып, ортақ бір шешімге келеміз. Көптің ойы көлкөсір емес пе?! Таңғаларлық дүниеліктер шығып жатады, – дейді клуб жетекшісі .
Клубтың бірінші бағыты қолөнерді дамыту болса, екіншісі – әншілік өнер. “Саумалкөл самалы” құрылғалы айлар ғана өтсе де, өз мақсатын айқындап алған ұжымның репертуарындағы әндер көбейіп келеді. Әншілер тобы алғаш рет былтырғы Наурыз мерекесінде сахна төріне шығып, көрермендердің ілтипатына бөленді. Содан бері аудан аумағында болып жатқан мерекелік шаралардың барлығы осы ұжымның қатысуынсыз өтіп көрген жоқ. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған аудандық фестивальда ұлттық өнерді дамыту бойынша сегіз бағытта шаралар ұйымдастырылған. Оның бесеуіне “Шаңырақ” клубының мүшелері қатысыпты. Олар ән шырқап, қолөнер бұйымдарын тамашалатып, ұлттық тағамдар жасап, көркемсөз де оқып берген. Соңғы аталым бойынша Күлбаршын Қалиханқызы соғыс ардагері болған әкесінің майданнан еліне, туған-туыстарына, дос-жарандарына өлеңмен жолдаған жауынгерлік сәлемхаттарын оқып беріпті.
– Жалпы қолөнер табыс үшін жасалып жатса, құба-құп. Әр заттың пайдасы болуы керек. Қолөнерші табысын табу арқылы ұлттық құндылықтардың дамуына өз үлесін қосады. Қолөнердің қыр-сырына көкірегім ашық болған соң, бұл қабілетімді жастарға да жұғысты еткім келеді. Сондықтан клубтың жұмысы алдағы уақытта жанданып, қыз-келіншектер одан өздеріне тағылым алса деп ойлаймын, – дейді Күлбаршын Қалиханқызы.
Мұндай өмір ол үшін сәнді әрі қызықты. Барлығы жүректің қалауымен жасалып жатқандықтан, өзін бақытты жан ретінде сезінеді. Міне, біз танысқан Күлбаршын Әбдірахманованың өмір жолы мен ұстанымы, көзқарасы осындай.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: К. Әбдірахманова.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Айыртау ауданы.