Петропавлдағы Борки кентіндегі шаңғы базасында қысқы спорт маусымы салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шара Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келді.
Саламатты өмір салтын ұстанғандар шаңғы марафонында бақтарын сынады. Оған облыс орталығының 200-ге жуық тұрғыны қатысуға ниет білдірді. Қысқы маусымдағы алғашқы жарыстың шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Облыста қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе соңғы жылдары өңір аудандарында жаңа хоккей қораптары салынып, материалдық-техникалық базасы нығаюда. Нәтижесінде ауылдан келген саңлақтарымыз облыстық және республикалық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жатыр. Биыл да бұл жеңісті дәстүрді жалғастыратынымызға сенімдімін. Марафонға қатысуға келгендерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Осы жолы марафонда әуесқойлар 1 шақырымдық қашықтықты бағындырса, кәсіпқой спортшылар 5 шақырымды жүріп өтті.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.