«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕГІРТКЕ ШЕКАРА ТАЛҒАМАЙДЫ

Соңғы жылдары шегіртке аграрлық сектор үшін күрделі экологиялық-экономикалық проблемаға айналып отыр. Әсіресе батыс пен оңтүстік өңірлерде зиянкестер жыл сайын егіс алқаптарын зақымдап, ауыл шаруашылығына елеулі шығын келтіруде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы шегірткелердің таралу алаңы 514 мың гектарды құраған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 626 мың гектарға, ал 2022 жылы 975 мың гектарға дейін жеткен. Биылғы жыл ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн. гектарға дейін жетуі мүмкін деп болжанып отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысында әзірге шегіртке ошақтары тіркелмегенімен, өңірді толық қауіпсіз деп есептеуге болмайды. Шекаралас аймақтарда, әсіресе Ресеймен іргелес аудандарда зиянкестердің сырттан миграциялану қаупі жоғары.

Кешігу – өнімнен айырылу

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде шегірткелер жыл сайын негізінен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында тіркеледі екен. Бұл өңірлерде климаттық жағдайлар жылы әрі құрғақ болып келеді, ал бос жатқан жайылымдық және егістік жерлердің молдығы зиянкестің дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Сондай-ақ Алматы, Жетісу, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарының кейбір аудандарында да шегіртке ошақтары бар. Сала мамандарының айтуынша, зиянкестермен күрес шараларының тиімділігі дер кезінде басталған профилактикалық жұмыстарға тікелей байланысты. М.Қозыбаев атындағы СҚУ «Агрономия және орман шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі Фариза Мұқанованың айтуынша, шегіртке дернәсілдерінің таралуы географиялық шекараға бағынбайды. Олар қанаттанған сәтте бір тәулікте жүздеген шақырымға дейін қашықтықты еңсере алады. Бұл – шекаралас облыстарға ғана емес, кез келген елге қауіп төндіруі мүмкін деген сөз. «Жалпы елімізде итальян прустары, азиялық және марокколық шегіртке түрлері жиі кездеседі. Олардың популяциясы бір ғана облыс шегінде дамымайды. Мысалы, Ресейдің Омбы немесе Қорған облысында байқалған дернәсілдер бірнеше күн ішінде Солтүстік Қазақстан аумағына жетуі мүмкін. Сондықтан бізге маңыздысы – алдын ала болжам жасау, жер бедері мен топырақ жағдайын ескере отырып, қауіпті аймақтарды алдын ала анықтау және тұрақты мониторинг жүргізу. Биыл көктемгі жауын-шашын мөлшерінің аздығы мен орташа температураның жоғары болуы – шегірткелердің биологиялық белсенділігіне әсер ететін ықтимал факторлар», – дейді Фариза Мұқанова. Профилактикаға салғырт қарау шегіртке өсімін күрт күшейтіп, ауыл шаруашылығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Бұл шаруалар үшін экономикалық тұрғыда үлкен шығын ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей қауіп.

Қауіп жоқ, бақылау бар

«Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» РММ облыс бойынша филиалы ұсынған мәліметтерге назар аударсақ, 2025 жылдың маусым айының соңына дейін жүргізілген фитосанитарлық бақылау нәтижелері бойынша шегіртке зиянкестері тіркелме ген. Дегенмен өңірге шегіртке қаупі мүлдем төнбейді деуге ерте. Климаты жиі құбылып тұратын өңірімізде бұл жәндіктердің кенеттен пайда болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, облыста қазіргі таңда арнайы техника, инсектицидтік препараттар жеткілікті мөлшерде дайындалған. Қажет жағдайда дереу қолдануға арналған резервтік күштер де ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, заманауи дрондармен бақылау жүйесі енгізіліп, нақты уақыт режімінде егіс алқаптарын қадағалау мүмкіндігі іске қосылған. Цифрландырылған карта арқылы әрбір алқаптың жағдайы талданып, әлеуетті қауіп көздері жедел анықталуда.

Бұл бағыттағы жұмыстарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясы үйлестіріп отыр. Аталған инспекция басшысы Нұрлан Бүркіталин: «Облыс аумағында қазіргі уақытта шегіртке дернәсілдері тіркелген жоқ. Алайда бұны босаңсуға себеп деп қабылдауға болмайды. Біздің қызметкерлер егістік пен шабындық жерлерді қатаң бақылауда ұстап отыр. Егер қауіп анықталса, шұғыл әрекет етуге толық дайынбыз», – деді.

Өткеннен сабақ

Облыста шегіртке мәселесі қатаң бақылауға алынған. Соңғы онжылдықта жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, 2024 жылы зиянкестер қайта тіркеліп, ескерту жасағандай әсер етті. Атап айтқанда, Уәлиханов ауданында итальяндық прус шегірткесі анықталып, диқандарға 4 мың гектар дан астам егіс алқабын химиялық өңдеуге тура келген. Мамандардың айтуынша, өңірде итальяндық прустың жаппай таралуы соңғы рет осыдан шамамен 10 жыл бұрын тіркелген болатын. Демек бұл шегіртке бір мезетте мыңдаған гектар жерге залал келтіруі мүмкін деген сөз.

Былтырғы жағдай облыста шегірткеге қарсы алдын ала дайындық пен бақылау шараларын үздіксіз жүргізудің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Болжамға сәйкес, бұл зиянкес 2 мың гектарға дейінгі алқапты қамтуы мүмкін еді. Сондықтан мамандар дер кезінде әрекет етіп, дернәсіл ошақтары анықталған бетте шұғыл өңдеу жұмыстарын жүргізді.

«Осы тәжірибе – қырағылық пен ерте ескертудің нақты мысалы. Бір жыл шегірткесіз өтті екен деп босаңсуға болмайды. Себебі мұндай зиянкестер ауа райы мен экожүйелік тепе-теңдіктің сәл өзгерісіне де жылдам бейімделіп, кенеттен көбейіп кетуі мүмкін», – дейді «Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» РММ филиалы жетекшісінің орынбасары Зура Кенжеғалиева.

Шегірткеге қарсы күресте кеңінен қолданылатын инсектицидтер ауыл шаруашылығы саласында жоғары тиімділік көрсеткенімен, олардың экологиялық салдарлары да ескерусіз қалмауы тиіс. Бұл препараттар топырақтың биохимиялық құрамына, жерүсті және жерасты су жүйелеріне, сондай-ақ биоалуантүрлілікке елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе тозаңдандырушы жәндіктер – аралар, көбелектер инсектицид қалдықтарынан жапа шегуі ықтимал. Бұл ауыл шаруашылығы экожүйесінің тепе-теңдігін бұзып, ұзақ мерзімді салдарға әкеп соғуы мүмкін.

Облыстық экология департаменті мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында қолданылатын препараттардың көпшілігі халықаралық экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Алайда препараттың өзі қауіпсіз болған күннің өзінде, оны қолдану әдістемесі дұрыс болмаса, экожүйеге зиян келу қаупі сақталады. Осыған байланысты биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нақты протоколдар мен сақтық шараларын ескерген жөн.

Шаруалар дайын

Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар мен шаруа қожалықтары шегірткемен күрес мемлекеттік және жергілікті деңгейде жүйелі дайындықты талап ететінін жақсы түсінеді. Егіс науқанына қатарлас жүргізілетін шегірткеге қарсы шаралар шаруалар үшін әдеттегі тәжірибеге айналған.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы «Нежинка-Ерке» ЖШС-ның директоры Диана Батықованың айтуынша, көктем шығысымен шаруашылық инсектицид қорын толықтырып, техниканы дайындауға кіріседі. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын шекаралас өңірде зиянкестер жаппай таралып, көршілес егіс алқаптарына зиян келтірген. «Сол жағдайдан кейін біз ешқашан бейқам болмаймыз. Уақтылы әрекет пен алдын ала дайындық – шығынның алдын алатын басты фактор», – дейді ол.

Биылғы дәрілеу – келесі жылдарға да бағытталған ұзақ мерзімді дайындықтың бір бөлігі. Себебі шегіртке дернәсілдерінің пайда болу жиілігі мен географиялық таралуы әр маусым сайын өзгеріп отырады. Демек бір жыл тыныш өтті екен деп сақтықты әлсіретуге болмайды. Керісінше, фитосанитариялық мониторинг, картографиялау, химиялық өңдеу құралдарын жаңарту, мамандарды оқыту, заманауи технологияларды енгізу сияқты шаралар үнемі жетілдіріліп отыруы тиіс.

Аграрлық қауіпсіздік – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Ал оны қамтамасыз ету мемлекет пен шаруа қожалықтарының, ғылым мен өндірістің, экология мен технологияның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Десек те өңір әзірге шегірткеден аман. Бұл – дайындық пен жауапкершіліктің нәтижесі. Ендеше шегіртке шекарадан сырғып өтпесін десек, қырағылық пен бірлескен әрекетті бәсеңдетуге болмайды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp