2001 жылдың 7 қарашасында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Петропавл жасағы құрылған болатын. Кеше өңір шекарашылары Жастар үйінде жасақтың 15 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Мерекелік шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығында еліміз бейбітшілік пен келісімнің бесігіне айналды. Бүгінде шекарашыларымыздың адал еңбегінің арқасында еліміздің шебі бүтін, шекарасы берік. Бүгін өңір шекарашылары үшін маңызды күн. Петропавлдағы №2032 әскери бөлімінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Бұл жасақтың жауынгерлері ел тыныштығы үшін қызметтерін бұлжытпай орындауда, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Отан шекарасын сенімді күзету мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты екендігі сөзсіз. Салтанатты шара барысында үздік қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Петропавлдағы №2032 әскери бөлімінің басты міндеті – мемлекеттік шекараны күзету, есірткі айналымына, заңсыз көші-қонға, контрабандалық жүкті өткізуге тосқауыл қою. Облысымыз Ресейдің Қорған, Түмен және Омбы өңірлерімен шекаралас. Жыл басынан бері 86 заң бұзушылық тіркеліп, 54 адам ұсталды. Сондай-ақ, 684 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз өткен. Шекарадан есірткі, жарылғыш зат, қару-жарақты заңсыз алып өтудің 72 фактісі анықталған. Облысымыздың жеті өткізу пункті мен ондаған шекара бекетін күн сайын 800-ден астам шекарашы күзетеді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.