Тəуелсіз мемлекеттің басты нышандарының бірі – оның шекарасы. Егемендік жылдары еліміздің шекарасы шегенделді. Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 2032 әскери бөлімінің штаб бастығы, подполковник Талғат Нұрқасымовты əңгімеге тартқан едік.
– Талғат Сағатұлы, Қазақстан Республикасы Кеден одағының белді мүшелерінің бірі болып табылады. Міне, осындай жағдайда мемлекеттік шекараны күзету қалай жүргізілуде?
– Иə, тəуелсіз Қазақстанның Кеден одағында белді де беделді орны бар екендігі сөзсіз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғау ұлттық заңдылық тұрғысында атқарылып келеді. Шекаралық бақылау дегеніміз, заң талаптарын сақтайтын азаматтар үшін ешқандай да əкімшілік кедергі болып табылмайды. Қайта, керісінше, олардың тыныштығын қорғайтын, елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған қадам екендігі сөзсіз. Оның ішінде, заңсыз көші-қон, есірткі тасымалының, қару-жарақ контрабандасының жəне радикалды идеологияны таратушылардың жолын кесіп, сыртқы қатерлерге тосқауыл қояды. Əрине, шекара бойындағы бақылау-өткізу бекеттерінде сапалы қызмет көрсету үшін қолдан келген іс-шаралардың барлығы қолданылуда. Сондықтан айтарлықтай қиындықтар мен кедергілер жоқ.
– Қазіргідей алмағайып заманда шекараның мығым болғаны жақсы. Дегенмен, шекараның арғы жағы мен бергі жағында ағайын-туыс адамдар тұрады. Халқымыз “бармасаң, келмесең жат боларсың” деп тегін айтпаса керек. Олардың араласып тұруына шекара ешқандай кедергі келтірмеуі керек деп ойлаймыз.
– Пікіріңіз өте орынды. Өмір тəжірибесі көрсетіп отырғандай, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара достықтың шекарасы болып табылады. Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараның ұзындығы 7591 шақырымға созылып жатыр. Бұл әлемдегі екі ел арасындағы ең ұзын шекара болып саналады. Оның 1200 шақырымы біздің өңір мен Ресейдің, экономикалық тұрғыдан алғанда, әлеуеті зор Түмен, Қорған, Омбы сияқты облыстарымен шектесіп жатыр. Шекара қызметінің барлық іс-қимылы шекара туралы заңнамаларда толығымен айқындалған. Қазіргідей интеграциялық үдерістер жүріп жатқан кезде шекара дегеніміз, ниеті дұрыс адамдар үшін ешқандай кедергі болмауы керек. Оның сыртында сауда-экономикалық қарым-қатынастар, мəдени байланыстар, туристер үшін барлық жағдай жасалған. Сол үшін мемлекеттік шекараның өн бойындағы бақылау-өткізу бекеттері азаматтарды шекарадан бақылап өткізу мен енгізу үшін қалтқысыз қызмет атқарып тұр. Шекаралық бақылау “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңымен белгіленген. Осы заңның 23-бабына сəйкес бақылау-өткізу бекеттерінде шекаралық бақылау көлік құралдары, жүктер жəне тауарларға қатысты жүргізіледі. Оның ішінде, мемлекеттік шекараны кесіп өту заңдылығын анықтау, мемлекетке кіру жəне шығу бойынша шектеуі бар тұлғаларды анықтау, шекара арқылы көлік құралдарының, жүктер мен тауарларды тасымалдаудың заңдылығын сақтау секілді, тағы да басқа мəселелерге басты көңіл аударылады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінде “Қызылжар”, “Бидайық”, “Жаңа жол”, “Қарақоға” төрт автомобильдік, “Булаево” мен “Мамлютка” екі теміржолдық және “Петропавл” әуе шекаралық бақылау-өткізу бөлімшелері бар. Барлық бөлімшелер осы-заманғы арнайы техникалармен, құралдармен жабдықталған. Олардың ішінде мемлекеттік шекарадан өтетін тұлғаларды тіркейтін “Бүркіт” бірыңғай ақпараттық жүйесі, көлік құралдарын тексеретін қондырғылар мен иісшіл иттер бар. 2018 жылы теміржолдық өткізу бекеттері жаңа мобильдік автоматтандырылған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
– Жуырда Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумында туристердің шекара арқылы барынша қысқа уақытта өтуіне жағдай жасау мәселесі талқыланды. Оны жүзеге асыру үшін қандай шаралар қолданылмақ? Аталған бақылау-өткізу бекеттеріндегі жолаушы-жүк тасымалының айналымы қандай?
– Соңғы жылдары жолаушылардың өтуі, жүктердің өткізілуі бірнеше есе өскенін айтуға болады. Кеден одағы жағдайындағы шекаралық бақылау бекеттері, ондағы шекарашыларымыз өздерінің осындай қомақты жұмыстарымен мақтана алады. Екі елдің Президенттері қатысқан алқалы жиынға келген делегация мүшелері шекарадан қысқа уақытта өткізу үшін “Астана”, “Алматы” шекаралық бақылау отрядтарының жеке құрамымен, техникалық құралдармен күшейтілді. Алдағы уақытта олардың материалдық-техникалық базасы нығайтыла түспек. Өйткені, жаз айларында туристердің нөпіріне шекарашыларымыз дайын болуы керек. Туризм саласының қанат жаюы, жаңадан туристік бағыттардың ашылуы шекаралық бақылау-өткізу бөлімшелерінің қуатын арттыруды, онда әлеуметтік құрылымдар салуды қажет етеді. Оған “Қарақоға” бақылау-өткізу бекетінде биыл атқарылған жұмыстарды мысалға келтіруге болады. Қозғалыстың кіру мен шығу бағыттарының ара-жігі анықталып, жеңіл, жүк көліктеріне, автобустарға арналған жол айырымдары қайтадан жаңғыртылды. Шекарадан адамдардың тез өтуін қамтамасыз ету үшін қосымша паспорттық бақылау кабиналары орнатылды. Жылдам әрі сапалы қызмет көрсететін мобильді жұмыс орындары ұйымдастырылды.
– Талғат Сағатұлы, күн-түн демей, қасиетті шебімізді күзетіп, мемлекеттік шекарамызды көздің қарашығындай сақтау – шекарашылардың ерлікпен өрілген күнделікті қызметінің арқасы. Осы орайда үздік шекарашылар туралы да айтып өтсеңіз?
– Шекара шебінде демалыс деген болмайды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тəулік бойы мемлекеттік шеп шекарашылардың қырағы назарында ұсталады. Биылғы жылдың он бір айында мемлекеттік шекарадан бөтен адамның құжатымен өтпек болған 13 тұлға тұтылды. Сонымен қатар заңсыз есірткі тасымалдаудың 27 фактісінің жолы кесілді, қару-жарақ, оқ-дәрі өткізбек болған 70-тен астам адам анықталды. Қазақстан Республикасына келу ережесін бұзған 1079 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Отан қорғауды əкеден балаға мирас етіп келе жатқан ұрпақ шекара қызметінде көптеп кездеседі. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз, еш уақытта үзілген емес. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік сезімімен рухтанған шекарашыларымыз бейбіт күнде де ерлік істерімен көзге түсіп келеді. “Қызылжар” шекаралық бақылау-өткізу бекетінің аға нұсқаушысы Сәбит Нұрлановты, “Жаңа жол” бекетіндегі шекарашылар Алмас Аманбаевты, Денис Муфтяхетдиновты және басқа да бірқатар әріптестерімізді олардың қатарына әбден қосуға болады.
– Əңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.