Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттердің бірі. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толғалы отырған шақта ата-бабамыздан бізге жеткен асыл құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа қастерлеп табыстау бүгінгінің мойнындағы парызы әрі қарызы. Тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, сол арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мұражай жұмысының негізі болып табылады. Осы орайда біз де тамыры терең тарих беттеріне үңіліп, өткенімізден сыр шертуді жөн көрдік.
“Шежіреден заман озбас, озса да түбі тозбас” дегендей, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласындағы мұражай орналасқан ғимаратта осыдан бір ғасыр бұрын мектеп болған. Ондағы 3 сыныпқа бір мұғалім сабақ берген. 1937 жылы ғимарат Булаев №1 орта мектебі болса, 2011 жылдан бастап мұражай ретінде жұмыс істеп тұр. Мұражай қорында бүгінгі таңда 3124 жәдігер бар.
Мұражайдың 1-ші залы XVIII ғасырдан бастап 1917 жылдар аралығындағы аудан тарихын қамтиды. XVIII ғасырда Қазақстан аумағында 112 ру мен тайпадан құралған үш жүздің қазақтары өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан облысының аумағына Орта жүз қазақтары тұрақтаған. Олар туралы толық, жан-жақты түсінік қалыптастыру үшін мұражайда салт-дәстүр рәсімдеріне арналған күміс монеталармен көмкерілген тостағандар, құмыра, қобыз, түрлі сақиналар, үзеңгі, ат әбзелдері сияқты жәдігерлер қойылған. Бір бұрышты киіз үй тәріздес етіп безендіріп, оның ішін қазақтардың ежелгі тұрмысына қажетті сандық, бесік, дөңгелек үстел, сырмақ, текемет, алаша, төр көрпе, қамшы, мылтық, түлкінің терісі сияқты заттармен жабдықтадық. Біз үшін бұл бұрыштағы бұйымдар – таптырмайтын жәдігерлер.
Полудин, Лебяжье және Медвежье бекіністерінің тарихы кең түрде ұсынылған славян этнографиясына айтарлықтай орын бөлінген. Өңір тарихының дамуына Челябі мен Омбыға дейінгі аралықтағы Транссібір темір жолының қосқан үлесі айтарлықтай қомақты. Алғашқы кезде бұл екі ортаны пойыздар 30 күн жүрген. Мұражай қорында теміржолшының 1894 жылғы төсбелгісі, темір жол қоймаларының бітемелері, жер ауып келгендердің тұрмыс-салт жәдігерлері сақталған.
2-ші зал 1917 жылдан 1991 жылға дейінгі кеңес кезеңі тарихына арналған. Аталмыш аудан аумағында Колчак пен Тухачевскийлердің шайқасы болған. Калибрі 76 мм. артиллерия снаряды мен жауынгер белдігі, иесінің аты жазылған күміс білезік сол ұрыстардың айғағы.
Революция мен азаматтық соғыс елді қатты күйзеліске ұшыратты. Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін шаруалардан күштеп тартып алды. Қазақстанның барлық аумағын аштық пен жұт жайлады. Бұл шаруалардың наразылығын тудырып, көтерілістер болды. Бүлікшілік салдарынан Булаево болысында ғана 50 коммунист мерт болды.
1929 жылы кулактарды тап ретінде жою салдарынан облыс бойынша 6 мыңнан астам адам жазаланып, 1465-і атылып кетті. Мағжан Жұмабаев ауданынан 722 адам қуғынға ұшырады. Олардың арасында белгілі ақын – Мағжан Жұмабаев, учаскелік инспектор – И.Авдеев, қатардағы шаруалар Т.Әлжанов, А.Ауғанбаев, тағы басқалары болды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің ауданнан 10 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл қазіргі Булаево қаласының тұрғындарының санымен пара-пар. Солтүстік Қазақстан облысынан 100 мыңдай адам соғысқа тартылса, соның 8 мыңы Мағжан Жұмабаев ауданынан: 45364 солтүстікқазақстандық ұрыс даласында қалса, соның 4982-сі біздің жерлестеріміз еді.
Ұлы Отан соғысында жандарын шүберекке түйіп, ерліктерімен көзге түскен Кеңес Одағының Батырларының ерліктері – бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі. Воскресеновка ауылының тумасы Николай Кологайда Днепрді, Польшаны азат етуге қатысқан. Ерен ерлігімен көзге түскен ол полковник шенін алып, бейбіт күнді көзі көрді. 1964 жылы өмірден озды.
Успенка ауылында дүниеге келген Анатолий Ковалевский 152-ші Қызыл Тулы танк бригадасының командирі болды. Ол Кингисепп, Эстонияны жаудан азат етуге қатысып, Польша жерінде оққа ұшты. Танк командирі болған Николай Кретов Мәскеу түбіндегі Дубосеково селосы үшін болған ұрыста жанкештілік ерлік көрсетті. 1942 жылы ауыр жарақаттан көз жұмды.
Даңқ орденінің толық кавалері Андрей Пуненко 314-ші атқыштар дивизиясында болды. Бейбіт заманды көзімен көріп, Петропавл нан комбинатында наубайхана меңгерушісі болып қызмет еткен ардагер 1995 жылы дүние салды.
Уақыт емші дегендей, соғыс жылдарының бар ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнына түскендігі жайлы сол кезеңді басынан өткерген аға буын жақсы біледі. Алайда, олардың қатары жыл санап сиреп бара жатқаны белгілі. Алдыңғы толқынның еңбегі жайында сыр шертетін арнайы сөредегі жәдігерлер майданға кеткендерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өздері аш-жалаңаш жүріп тәулігіне 15-16 сағаттан еңбек еткендердің ерлігіне қанықтырады.
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары соғыстан кейінгі жылдары да халық шаруашылығын қалпына келтіру науқанының бел ортасында болды. Мал басы артып, егіс алқаптары ұлғайтылды, ұжым шаруашылықтары ірілендірілді.
Ауданымыздан шыққан талай атақты адамдар туралы деректер де мұражайдан табылады. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Спорт және туризм министрлігінің жастар ісі жөніндегі орынбасары, халықаралық “Сайран” сапаржайының президенті қызметтерін атқарған “Құрмет” орденінің иегері Есенгелді Мұқыжановты, Ұлттық ұланның командирі Н.Омаровты атауға болады. Социалистік Еңбек Ері, ғалым, зоотехник, “Ленин” және “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен екі мәрте марапатталған, Булаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Қасым Төлебековтің есімі мағжандықтардың мақтанышына айналған. Социалистік Еңбек Ерлері – М.Кириленко, В.Курлов, И.Лизунов және тағы басқаларының есімдері де осы қатардан табылады.
Алаш жұртының мақтанышына айналған жерлесіміз, аса көрнекті ақын, жазушы, публицист, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Мағжан Жұмабаевты аудан жұртшылығы ерекше құрмет тұтады. Есімі ауданымызға берілген ардақтымызға мұражайдан арнайы бөлме арналған. Мағжан залы жұмыс кабинеті стилінде жасалып, оған ХХ ғасырдың жиһазы қойылған. Аталмыш залда 1893 жылы 25 маусымда қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында дүниеге келген жыр пайғамбарының өмірі, шығармашылығы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов пен А.Байтұрсынов секілді алаш қайраткерлерімен байланысы, 1921 жылы Петропавлда, оған дейін Омбы қаласында басылған “Бостандық туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетінде редактор болғаны жайлы деректер жинақталған.
Мағжанның туысқандарының фотосуреттері мен Жұмабаевтар әулетінің шежіресі де осы жерден орын алған. Солардың ішінде біздің қолымызға кездейсоқ түскен, белгісіз суретші салған Мағжан Жұмабаевтың портреті – мұражайдың ең құнды жәдігері. Суретті мұражайға Медвежин орта мектебінің директоры Сәуле Нұрқайдарова табыстаған болатын.
2013 жылы Ленин бастауыш мектебі жабылған кезде оның ішіндегі жиһаздар мен басқа да мүліктер ауданның бірқатар білім мекемелеріне таратылады. Ғимараттың ауыл кітапханасы орналасқан бір бөлмесіне бас сұққан Сәуле Нұрқайдарованың көзіне үйіліп жатқан басылымдар арасынан бір журнал түседі. Сәуле Еркенқызы журналдағы Мағжанның портретін жазбай таниды. Ол аталмыш портретті мұражайға табыстады. Алайда, оның қай жылы салынғаны, кім салғаны жөнінде бізде еш дерек жоқ. Осылайша, қолға түскен суретті мұражай қызметкерлері құнды жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақтап келеді.
Батыр Баян атындағы мектеп-гимназияның информатика пәнінің мұғалімі С.Сухановтың сыйға тартқан ескілікті сағаты да бөлмеге ерекше реңк беріп, келген қонақтардың қызыға тамашалайтын затына айналған. Бұл сағат – оның ата-анасынан қалған бұйым. Жиналмалы ағаш үстелді мұражайға Булаево қаласының тұрғыны Л.Заева өткізген. Ата-анасы елуінші жылдары біреулерден сатып алған көненің көзіне айналған үстелдің қызмет етіп келе жатқанына ғасырдан асқан.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналып екі зал жабдықталған. Оның бір бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясы, екіншісі Ботай мәдениеті тарихынан сыр шертеді. Көпэтносты халықтың бірлігі мен келісімі Қазақстан табыстылығының негізгі шарты. Ұлттық мәдениет бір этнос шеңберінде құрылмайды. Түрлі халықтық мерекелерді бірге тойлау арқылы біз достығымызды нығайтып, тату-тәтті өмір сүріп, табысқа жетіп келеміз. Мұражайдағы жәдігерлер бекем бірлігіміздің айғағы.
Ғасырына қарай асылы. Мұражайдан аудан тарихынан сыр шертетін көптеген мәліметтер алуға болады. Онда оқушылардың туған жер мен өлке тарихына қызығушылығын оятып, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелейтін танымдық сабақтары өткізіледі.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы аталып өтілгелі отырған шақта бүгінімізді – ертеңгі тарих деп бағалайтын мұражай қызметкерлері рухани ұлттық құндылықтарымызды саралап, түрлі кездесулер, “дөңгелек үстелдер”, экскурсиялар, көрмелер ұйымдастыруда.
Серік ЖҰМАҒҰЛОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданы
тарихи-өлкетану мұражайы
директорының міндетін атқарушы.