Бүгінде ел экономикасы дами түскен сайын еңбек нарығында жоғары білікті мамандарға, оның ішінде шетелдік жұмыс күшіне деген сұраныс арта түсуде. Осы орайда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және оны ұзарту тәртібі, оған төленетін салықтардың мөлшері туралы ақпарат білігім келеді.
Ойрат ҚАРАТАЕВ.
Петропавл қаласы.
Оқырман сауалына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Жасұлан Жұмалиев жауап береді:
Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап “Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және ұзарту, сондай-ақ, корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылдың 27 маусымдағы №559 бұйрығына сәйкес рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін жұмыс берушілерден алым мөлшерлемелеріне тең салық алымы алынады. Экономикалық қызмет түрлеріне және тартылатын шетелдік қызметкерлердің санаттарына байланысты бұл қызмет үшін алым мөлшерлемелері 137-250 АЕК болып табылады.
Рұқсаттар халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде беріледі. 2018 жылға квотаны алу үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға ниет білдірген жұмыс берушілер үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін басқармаға келіп, өтініш жазуы қажет. Жұмыс берушілердің өтініштерін арнайы комиссия қарайды. Ол жұмыс берушілердің алдағы жылға сұратып отырған шетелдік жұмыс күшіне қажеттілігін қанағаттандыру немесе одан бас тарту туралы ұсынымдар шығарады. Комиссияның шешімі жұмыс берушілердің әрбір өтініміне қатысты жеке қабылданып, хаттамамен ресімделеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беруді жүзеге асырады. Мәселен, басқарма жылдың басынан бері “Сұлтан-элеватор-диірмен-макарон қоғамы”, “Сұлтан кондитерлік өнімдері” акционерлік қоғамдары, “Торговый дом Богатырский продукт “Север” және “Астық Сату компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне үшінші санат бойынша үш, ал екінші санат бойынша бір шетелдік мамандарды жұмысқа тартуға рұқсат берді.
Қосымша мәселелер туындаған жағдайда 8 (7152) 46-37-43 телефоны, zsp@sko.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, басқарманың ukzsp.sko.gov.kz веб-сайтынан қосымша ақпарат алуға болады.