Бала күнінен жетімдіктің ащы дәмін татып, 17 жасында майданға сұранып, ерлігімен елді тәнті еткен қазақтың жаужүрек қызы – Әлия Молдағұлова небәрі 19 жасында Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғары атаққа ие болды. Ол соғыс жылдары 80-ге жуық фашистің көзін жойған.
Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. 7 жасында анасынан айырылған оны нағашысы Әбубәкір Молдағұлов қолына алып, Әлияға өзінің фамилиясын берген. Әлияның азан шақырып қойған аты Ілия екен, орыстар Лия деп атаған. Ал анасы тірісінде Әлияны «Ақмоншағым» деп еркелеткен.
1935 жылы ағасы Әскери- көлік академиясына оқуға түсіп, кішкентай Әлияны отбасымен бірге алып кетеді. Ағасымен бірге кішкентай Әлия еліміздің бірнеше қаласында болып, 14 жасынан Ленинградтың Охта ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград қоршауда қалады да, Әлия өзімен қатарлас оқушылармен бірге Нева қаласы төңірегіндегі қорғаныс бекіністерін салуға қатысады. Ол аянбай жұмыс істеп қана қоймай, басқаларды қолдап, жігерлендіреді. 1942 жылғы наурыз айында балалар үйі Ярославль облысына көшіріліп, Әлия мектепті сонда бітіреді. Ол сол жылы Рыбинск авиациялық техникумына қабылданып, 3 ай оқиды. 25 қазанда Әлия 17 жасқа толып, тура бір айдан кейін «майданға аттануына байланысты» деген негіздемемен техникумнан шығарылады. Осы сәттен бастап Әлия Молдағұлованың қысқа болса да жарқын, қаһармандық жолы басталады.
Жас мергеннің қамшының сабындай ғана қысқа, бірақ шоқжұлдыздай жарық жауынгерлік жолының жарқын эпизодтарын майдандастары былай деп еске алыпты:
«Ол фашистерді тұтқиылдан тосқан сәтте сабырын тауысып, өз өміріне қауіп төніп тұрса да: «Фриц, көрін көзіме!» деп айғай салатын», «Майданда снайперлерге қамқорлық көрсетілетін, бірақ олар кейде барлауға да баратын. Әлия шаруа адамының киімін киіп, жаудың орналасқан жеріне кіріп барып, фашистерді тұтқынға алатын», «Снайпердің оқ атуынан кейін қызыл армия әскеріне жау оқ жаудыратын. Әлия қорықпай, өршіл мінезін көрсетіп, жарақат алғандарды алып шығатын».
Әлияның ерлігі туралы пікірлер әскери мұрағатта да сақталған. Я.К.Прокопенкова бір естелігінде: «Біздің бригадаға мерген Әлия Молдағұлова келді. Қазақстаннан келген талдырмаш денелі және өте сүйкімді қыз. Ол бар-жоғы 18 жаста еді, бірақ қазан айына дейін оның есебінде 32 өлі фашист болды», – деп жазыпты.
1944 жылдың қаңтар айының басында Ленинград-Новгородтық операция кезінде 54-ші атқыштар бригадасы майданды бойлай Новосокольники қаласына (Псковск облысы) қарай маршпен алға шығады. Онда олар жаудың қорғанысын бұзып, қаладан солтүстікке қарай жылжиды. Мерген Әлия Молдағұлова қызмет еткен 4-ші батальонның саяси жетекшісі Г.В.Варшавскийдің естелігі бойынша, бригаданың бөліктері Насва бекетіндегі темір жолға шыққанда жау оғының астында қалады. Түнде шабуылға арналған негізгі шекараларға орналасып, кеңес жауынгерлері 1944 жылғы 14 қаңтардың таңында шабуыл жасайды. Батальонға Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова «Жауынгерлер, алға!» деген ұранмен, алға ұмтылады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас жау бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойына жалғасқан ұрыста Әлия үш рет жаудың шабуылына тойтарыс береді. Минаның жарықшақтары тиіп, қолы жараланғанымен, қоян-қолтық ұрысқа қатысады. Қазақтың батыр қызы осы жерде өмірін қиған екінші жарақатын алса да, фашист офицерін жер жастандырып үлгереді. Новосокольники қаласының солтүстігінде, Насва темір жол бекеті үшін шайқаста қаза тапқан жаужүрек қыз Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен Әлия Нұрмұхамедқызына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Бүгінде еліміздің қалаларындағы көптеген көшелер, ондаған мектеп, Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы Әлияның есімімен аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіш орнатылған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».