«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫНАЙЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК

Кабинетке асығыс басып кіріп келсем, конкурсқа қатысатын мұғалімдер жиналып қалыпты. Басымды изеп амандасып, қазылар алқасының қатарына барып жайғастым. Қолдарындағы қағаздарына үңілген ұстаздардың арасында шашы сары, көзі көкшіл, талдырмаш жас қыз көзіме жылы ұшырай кетті.

Бүгінде мемлекеттік тілге ерекше қызығушылық танытып, өмір жолын осы бағытқа арнаған өзге этнос өкілдерін көргенде, таңырқамайтын күнге де жеттік-ау.

…Өз кезегінде көпшілік алдына шыққан Жамбыл ауданы Буденный жалпы білім беру мектебінің ұстазы Светлана Бунак 5-сыныпқа арналған “Отбасындағы дәстүр мен мерекелер” тақырыбын жоғары деңгейде қорғап шықты. Қазылар алқасының қойған сұрақтарына еркін жауап берді. Сөйтіп, “Өрлеу” педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәндері ұстаздарының облыстық байқауында үшінші орынға қол жеткізді.

Конкурстан кейін Светлана Николаевнамен жақынырақ танысайын деп сөзге тарттым. Ол Жамбыл ауданындағы Чапаевка ауылында туыпты. Әкесі – украин, анасы – орыс. Отбасындағы үш баланың кенжесі. Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін аяқтаған соң, көршілес Буденный ауылындағы мектепте еңбек жолын бастайды. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білімін жалғастыруда.

– Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім мектеп қабырғасында оянды. Колледжде білімімді шыңдаған ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – дейді Светлана.

Бет-әлпеті таңғы жауған қардай аппақ қыздың көңілі де сондай кіршіксіз таза көрінді маған. Иә, бір шаңырақ астында шоғырланған халыққа Абай, Мағжан сөйлеп кеткен дана тілдің қадір-қасиетін қазақтың рухани байлығынан іздеуді ұғындырып, мойындата білдік. Ел Тәуелсіздігінің басты жемісі осы емес пе?!

Фарида ТҰЯҚОВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp