Редакциямызға мұғалімдерден түскен хаттардың арасында мектепішілік шаралар, сынып сағаттары туралы жазылған мақалалар да бар.
Кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанар Тажинадан редакциямызға хат келді. “Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мектебімізде түрлі тақырыптық шаралар өткізілуде. Соның бірі 2 “б” сыныбында өткен сынып сағатының танымдық және тағылымдық мәні зор болды. Бастауыш буынның балдырғандары арасында мәнерлеп оқудан, патриоттық ән мен күйден сайыстар ұйымдастырылды.
Оқушылар “Мен – елімнің патриотымын!” тақырыбына эссе жазып, өз қолдарымен жасаған өнер туындыларынан көрме өткізді. Бүлдіршіндердің көрмеге ұсынған бұйымдарын жасауға ата-аналары да белсене қатысты”, – деп жазыпты Жанар Тажина.
Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейі директорының бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Искаковадан келген хат әріптесі жайлы жазылған екен. “Дәметкен Қабдөшева ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын еліміздің болашақ буынын оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі – болашақ жастарға үлкен өнеге. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында математика пәнінен сабақ беріп келген ол 1999-2005 жылдар аралығында мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, тынымсыз еңбегімен дараланды.
Зейнеткерлік жасқа жақындап қалса да, оның бойынан жастық жігердің ұшқыны әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Ұстаздың ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрса, қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі, – дейді ол.
“Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, оқушыларға оң жол сілтер ақылшы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаздың алдынан шыққан қаншама дарынды жастар білім айдынында еркін жүзуде. Ол өнерлі де өрелі Қайрат Сансызбаев, Баян Ақжанов, Мадияр Молдабаев сынды шәкірттерімен мақтанады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.