«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ҚИЯЛЫ ШЕКСІЗ

Оқушылардың танымдық қабілетін дамытып, білім беру сапасын арттыру, шығармашылық белсенділігін жетілдірудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру – өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік жаһандану үрдісі ақпарат алудың сан қилы жолын қалыптастырды. Міндетті білім беру бағдарламалары, арнайы оқулықтар, ақпарат алмасу көздері адамдардың өз бетінше білім алуына бағытталған. Сондықтан мұғалім білім беруде бұрынғыдай жетекші рөлге ие емес. Дегенмен, ұстаздар алдына оқушыларды білім негіздерін өз бетінше алуға баулу міндеті қойылып отыр.

Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін мұғалім сабақтың мазмұны мен сапасын жаңа деңгейге көтеретін түрлі технологияларды пайдаланып отырғаны абзал. Бүгіндері, мәселен, сын тұрғысынан ойлаудың, ақпараттық-коммуникациялар және интерактивті оқыту технологияларын қолданудың маңыздылығы артуда.

Оқушы мәліметті қабылдаушы ғана емес, оның сабақ барысында дербес ойлауы мен дәлелді жауап беруіне түрлі тәсілдер арқылы қолайлы жағдайлар жасауға болады. Айталық, қазақ тілі пәнінде қолданатын “Атаулар көмегімен болжау жасау”, “Елеспен жетелеу” стратегиялары оқушының шығармашылық қабілетін ұштау үшін тиімді. Ал оқушының ой ұшқырлығын бақылауға, ұтымды шешімдер қабылдауға “Ой қозғау”, “Болжау” әдістерін пайдаланған жөн.

Қазіргі кезде оқушыларды көлемді көркем шығармаларды оқуға баулу оңай шаруа емес. Мұндай жағдайда оқытудың ұжымдық тәсілі – “ЖИГСО” көмекке келеді. Шығарма мазмұнын өзгелерге түсіндіру міндеті жүктелген оқушылар ондағы белгілікті бір көрініс пен оқиғалар желісін сурет немесе сахналық қойылымдар арқылы жеткізеді. Мұндай сабақ кез келген оқушыны бейжай қалдырмайтынын өз тәжірибемнен көріп жүрмін.

Оқытудың интерактивтік тәсілі оқушыларға материалды кешенді түрде меңгеруге мүмкіндік береді, оларды көлемді туындылармен, сан алуан ақпараттармен жұмыс істеуге үйретеді. Мен өз сабақтарымда интерактивтік тәсілдердің миға шабуыл, кластер, синквейн, инсерт, эссе, семантикалық карта, РАФТ, жұппен және топпен жұмыс, рөлдік ойын, пікірталастар, жағдайларды шешу түрлерін пайдаланамын. Олардың бәрі оқушының белсенділігін арттыруға жәрдемдесе алады. Педагог интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқушының тақырыпты түсіну, өткен сабақтан қорытынды шығару және алған білімін пайдалану деңгейіне бақылау жүргізеді.

Әдебиеттік оқу пәнінде оқушының тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында жиі қолданатын “Оқырман семинары” тақырыптарды топтың көмегімен меңгеруге мүмкіндік береді. Мәселен, сұрақ қоюшылар тобы Б.Блумның таксономиясы негізінде біртіндеп күрделене беретін сауалдарын қоя отырып, өткен бағдарламаны бекітуге жағдай жасайды. Сөз тапқыштар болса, қойылған сұрақтарға нақты, дәлелді жауап беруге тырысып, ізденеді. Зерттеушілер тобы мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасайды, тұрақты тіркестерді анықтап, қағазға көшіреді. Жазушылар мәтін бойынша жоспар құрса, суретшілер кейіпкерлер мен белгілі бір эпизодтардың суретін салады. Кейіпкерлерді сөзбен суреттеушілер тобы да болады.

Оқушыны сұрақ қоя білуге үйрету арқылы оның жан-жақты ойлау қабілетін арттыруға болатыны мәлім. Ал жоспарлы түрде жұмыс істеуге машықтануы үшін мәтін бойынша жоспар құрып үйренгені абзал. Нәтижесінде оқушы мәтін бөлімдеріне қысқаша тұжырымдама жасап, әрбір оқиғаға тақырып қоюды да білетін болады. Ал мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасау сөз қорын молайтуға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, сабақта құзыреттілік тұрғысынан оқыту тәсілдерін қолданудың оқушы біліктілігін арттырудағы маңызы зор.

Ұстаздардың міндеті – ертеңгі болашағымыз – жастарға ізденуге, шығармашылдыққа талаптанған әрбір шәкіртке тиісті бағыт-бағдар беріп, қиялына қанат бітіру. Бүгінгі таңда оқытудың заманауи технологияларын қолданбайынша, бұл міндеттерді жүзеге асыру оңай емес.

Жанаржан СЕКСЕНБАЕВА, қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp