«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ

 

Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов өңiріміздiң инвестициялық әлеуетiмен танысу ниетімен келген қытайлық делегация өкілдерімен кездесті.

Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының Сиань қаласының өкілдерімен кездесу барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміз жағымды инвестициялық ахуалымен ерекшеленетінін, бизнес жүргізу үшін тиісті көмектер барын атап айтты.

– Біздің облысымызда жылына 500 мың тонна сүт, 90 мың тонна ет, 600 миллион дана жұмыртқа шығарылады. Бiз органикалық, экологиялық таза өнiм өндiремiз. Бүгiнде екі ел арасында қазақстандық азық-түлiк өнiмдерін Қытайға экспортқа шығару бойынша келiссөздер жүргiзiлуде. Біздің өнiмдерiмiз жоғары сапалылығымен және бәсекеге қабiлеттiгімен бағалы, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыста инвестиция аударудың өзге де тиiмдi көздерi бар. Дәстүрлi аграрлық және машина жасау саласынан бөлек, басқа да бизнес-жоспарлар мен бiрлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкiндiктерi көп. Жуырда Тайынша ауданында Қазақстан-Қытай әріптестігі аясында “Айцзю” компаниясы майлы дақылдарды өңдейтiн зауытты іске қосқандығы соның бір дәлелі.

– Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту мемлекеттiк деңгейде қолдауға ие. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнiмдiлiктi арттыру, мал өнiмiнiң сапасын жақсарту саласына демеу-қаржы бөлінеді.

Бұл саланы дамыту барысында iрi қара терiсi мен жүнiн өңдейтiн өндiрiс ұйымдастыруға қажетті көп шикiзат пайда болады. Өңірімізде жылына 140 мың ірі қара мен 160 мың ұсақ мал терілері, 600 мың тоннадан астам жүн өндіріледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов.

Сондай-ақ, облыс әкiмi меймандардың назарын инвестициялық және кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу бойынша жеңiлдiктерге аударды. Жобаларды жүзеге асыру барысында инвесторлар корпоративтi және жер салығынан – 10 жылға, мүлiк салығынан – 8 жылға босатылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен құрылғыларды сатып алуға жұмсалған қаражаттың 30 пайызы қайтарылып беріледi.

Өз кезегінде Шэньси провинциясындағы Сиань қаласының Жалпықытайлық халық өкiлдерi жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Чэнь Баогэнь облыс басшылығына қонақжайлылығы үшiн алғысын бiлдiрiп, солтүстiк өңiрдiң зор әлеуетiн атап өттi. “Сiздерге шындығын айтайын, Қытайда осындай аз уақытта зауыт салынбас едi. Мен Қазақстанның дамуға және инвестицияларды қабылдауға дайын екенiн көрдiм. Жергілікті билік тарапынан “Айцзю” компаниясына көрсетілген қолдау бірнеше есе ақталып, өңiрдiң ауыл шаруашылығы кешенi мен өнiмдерiн өңдеудi дамытуға әсерiн тигiзедi”, – деген Чэнь Баогэнь қытайлық инвесторлар арасынан Солтүстiк Қазақстан облысында жобаларын жүзеге асыруға тiлек бiлдiрушiлердiң табылатындығына сенiм бiлдiрдi.

Кездесу соңында қос тарап екiжақты ынтымақтастық келiсiміне қол қойды. Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов бұл кездесу өңiрлер арасында өзара iскерлiк пен достық қарым-қатынастарының нығая түсуіне ықпал ететінін атап өттi.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp