«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКСПОРТ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

2014 жылдан бастап “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде жасалған өнімдерге сертификаттар бере бастады. Был­тыр Солтүстік Қазақстан облысында өнімдердің шыққан жерін айқындайтын 2336 сертификат берілген. Оның 2119-ын тауарын шетелге шығаратын кәсіпкерлер алған. Тауардың шыққан жерін растайтын сертификат кедендік рәсімдеуде қажет.

– Кәсіпкерлерге сертификаттың бірнеше түрін береміз. Мәселен, СТ-KZ сертификаты тауардың Қазақстанда жасалғанын ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысатындардың барлығына қажет. Отандық кәсіпкерлерге басымдық береді. Былтыр оның 310-ын бердік. Сондай-ақ, 7 индустриалды сертификат табысталды, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының маманы Олег Жугин.
2020 жылы отандық тауар өндірушілер тізіліміне 7 кәсіпорын қосылған. Олардың үшеуі машина жасайды, біреуі тігін өнеркәсібінде, екеуі жиһаз жасаумен айналысса, біреуі – химия өнеркәсібінен. Олег Жугиннің айтуынша, тауарын экспортқа шығаратындарға берілетін сертификат Еуроодақ елдерінің кейбірінде өнім өндірушілерге жеңілдіктер береді екен. Мысалы, кедендік салық азайтылуы немесе одан мүлдем босатылуы мүмкін.
Былтыр солтүстікқазақстандық бизнесмендер өз өнімдерін негізінен Ресейге, Тәжікстан мен Түркіменстанға саудалаған. Шетелге сүт өнімдерін, мұздатылған жартылай дайын өнімдерді, макарон, зығыр, рапс тұқымын, бидай глютенін, крахмал, құрғақ ас пен сабын, күнделікті тұрмысқа қажет пластик бұйымдарын шығарған. Барлық сертификаттардың 34 пайызы осы тауарлардың экспортына берілген.
– Өзбекстанмен де жақсы байланыс орнатылған. Өткен жылы берілген сертификаттардың 31 пайызы осы елге тиесілі, бидай және бидай кебегі экспортталды. Иран, Қытай, Ауғанстанға да негізінен бидай мен майлы дақылдар сатылады. Осы мақсатқа барлық сертификаттардың 30 пайызы берілді. 5 пайызы жасымық, бидай, бұршақ, зығыр күнжарасын Түркия, Италия, Бельгия, Нидерланды, Польша және Германия елдеріне шығару үшін жасалды, – дейді кәсіпкерлер палатасының маманы Олег Жугин.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp