«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деп атап көрсетіп, “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Елбасының бұл ұсынысын солтүстікқазақстандық педагогтер де бірден қолдап, мектеп оқушылары үшін жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған “Туған жер” этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды.

Оқушылар туған өлке тарихын, мәдениетін, тамылжыған табиғатын, салт-дәстүрін өз көздерімен көру арқылы туып-өскен жерлеріне сүйіспеншіліктерін одан әрі тереңдетіп, дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар экспедиция барысында өңіріміздің белді кәсіпорындарының жұмысымен, белгілі еңбек адамдарының өмір жолымен танысты.

Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында Петропавл қаласындағы әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова оқушыларды өңіріміздің алты ауданымен таныстырғанын айтты. “Біз осы шаралар арқылы болашақта елін, жерін, халқын шынайы сүйетін, қадірін білетін нағыз қазақстандық жаңа буын өкілдерін тәрбиелеп шығатынымызға сеніміміз мол”, – деді Күлімкөз Қайырбайқызы.

Экспедиция барысында оқушылар Есіл, Айыртау, Уәлиханов, Ақжар, Тайынша, Аққайың аудандарының елді мекендеріндегі Құлсары әулие, Ағынтай мен Қарасай мазарларында, Айғаным қонысы мен Шоқан Уәлиханов мұражайында, Қалмаққырылған төбесінде, Мырзағұл мен Дайындық ауылдарында, тағы басқа да орындардың тарихымен, халқының тұрмыс салтымен танысқан. Барлығы 9 тарихи орын мен сонша мұражайда болған оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.

Әл-Фараби мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жарас Жеңісов өлкеміздің табиғаты тамаша жерлері, таза ауасы мен мөлдір сулары, емдік қасиеттерге ие саз-балшықтары бар Мырзағұл ауылы маңындағы Теке, Саумалкөлдегі Имантау мен Шалқар, Кішкенекөл көлдері және Талдысай өзенінің суына шомылып, балшығына аунап, шаянын ұстап көргендегі әсерімен бөлісті.

Экспедицияға қатысушылар “100 жаңа есім” жобасы аясында өздері барған елді мекендердің кіндік қаны тамған жерінен ешқайда қоныс аудармай, ауылдарының өткені мен бүгінгі тарихын жинақтап, тұрғындарды ұйымдастырып, елін-жерін көркейтуге, дамытуға белсене араласып, қаймағын бұзбай, ұлтымыздың әдемі салт-дәстүрін сақтап отырған біртуар азаматтарымен кездесіп, олардың жүрек тебірентер әңгімелерін тыңдаған.

Оқушылар Бердібек Тоқпанов, Серкелбай Тыныбеков, Сәбира Манатова, Айсұлу Қошанова, Қайролла Әдікенов және тағы басқа ел азаматтарымен емен-жарқын әңгіме құрып, олардың өмір жолдары, туған жер туралы ойларын тыңдаған.

Экспедицияның екінші тобын Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп директоры Роза Сәркен бастаған оқушылар құраған. Олар Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болыпты.

Өңірімізде бастау алған шара жалғасатын болады. Оқушылар өлке тарихы, оның ерекше қастерлі жерлері мен құрметті адамдары, табиғаты, сәулет өнері мен мәдениеті туралы жинақтаған ақпараттарын зерделеп, тарихи-өлкетану альбомын және қысқаметражды фильм дайындауды көздеп отыр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp