«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІКТІҢ ІЗІН ҚАЛДЫРҒАН

Бала үшін ата-анаңнан асқан қымбат жан болмаса керек. Олар біздер үшін әр кез де асылымыз, ардақтымыз болып қала бермек.

Әкем Қайыржан қазіргі Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында сонау 1930 жылы туған. Әкеміз ел басына күн туған 30-шы жылдардағы ашаршылық, 40-шы жылдардағы қырғын соғыс кезінде өмірге келген, қиыншылық дәмін татқан болса да, ата-анасының арқасында қатарластарынан қалмай, мектеп табалдырығын аттаған. Ол ерте есейіп, ержеткен. Сол екі ортада Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін жасқа да толып үлгерген. Оны абыроймен атқарып, алыс кетсең, түтіні де сағындыратын ата-анасы дегбірсіздене күткен туған ауылына оралған.

Сол кездегі жастардың асқақ арманын бүгінгілердікімен салыстыруға болмайды. Олар оны кіршіксіз таза көңілмен қалағандай сыңайлы. Содан да шығар, таңдаған мамандықтарынан өмір бойы қол үзбей, табанды болып қала білгендері. Әкемді мен сондай жандардың қатарына қоса аламын.

Оқыған, тоқығаны кәдеге асқан ол, әсіресе, сол кезде мәртебеңді асыратын, құрметті мамандық – ұстаздықты қалап, қаладағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Ұстаздық атты ұлағатты мамандықты меңгермек мақсаттағы жан оны мақтаулылар қатарында тамамдайды.

Ауылды аңсау – ауыл баласына ғана тән қасиет. Олай болса әкеміз өзінің кіндігі байланған Жаңажол ауылында еңбек жолын бастап, алдына келген балалардың бойына ілім мен білімді сіңірумен көп жыл бойы айналысады. Еліміздің ертеңі болар жас ұрпақ тәрбиесі ұстазының қолында екенін жете түсіне білген әкеміз көптеген шәкірттерінің талабына қанат байлап, болашақтарына жарқын жол ашады. Ел құрметіне бөлене білген әкеміздің еңбегі елеусіз де қалмаған. Бірнеше медальдарға қоса “Халық ағарту ісінің озық қызметкері” төсбелгісімен марапатталған.

Не нәрсенің болмасын тетігі оқуда екенін, білімдінің күні жарық болатынын әкеміз бізге әр кез көп айтатын. Ол асыл анамыз Шәйкен екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бұл жерде біз әкемізден көздеген мақсатыңа бұлжытпай жету, тәртіпке, адалдыққа, әділдікке үйренсек, анамыздан үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлауға, инабаттылыққа, қайырымдылыққа, кешірімді болуға үйрендік. Жас шамамызға қарай кезекпен мектеп бітіріп жатсақ, олар одан әрі де қарап қалған жоқ. Біздің қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуымыз үшін одан әрі жоғары оқу орындарында білім алуға екеулеп қамқор бола атсалысты. Біз де ата-анамызды жерге қаратпауға, солардың берген үлгі-өнегесіне лайық, мерейлері ауылдастарының алдында үстем болулары үшін тырысып бақтық.

Отбасымыздағы орны бөлек, жалғыз ұл – Мәлік бауырыма келсек, ол да жоғары білімді. “Атадан ұл тумай ма, ата жолын қумай ма” демекші, өзі туған ауылдағы мектепте әке жолын жалғастыруда. Әкеміз ол мектепте зейнет жасына дейін де, одан кейін де қызмет атқарды. Оқушыларға география пәнінен дәріс берді. Он бес жыл қатарынан атқарған директорлық қызметте де абыройсыз болған жоқ.

Әке-шешеміздің Балжан, Үмітжан есімді қыздары – қаржы саласының мамандары. Ажалға қарсы тұрар жан бар ма?! Өмірден ерте өткен Маржанымыз қаладағы №8 орта мектепте директорлық қызмет атқарды. Бибігүл Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып істейді. Ал мен болсам аталған ауданның Кеңес ауылында ұстаздық қызметтемін.

Әкеміздің бойындағы тағы бір қасиеті – “бауырмал болыңдар” деп үнемі үзбей айтып отыратыны. Сол сөзін бізге қалдырған өсиеті деп санайтындықтан, біз анамызды қолына алып, бағып-қағып отырған Мәліктің үйінде жиірек кездесуге тырысамыз. Ондайда өткенге өлшем болар әңгіме қозғап, анамызды ортамызға ала мәз-мейрам болып қаламыз. Сондай-да осыдан 6 жыл бұрын өмірден өткен әкеміз Қайыржанды да бейнебір жанымыздағыдай санаймыз.

Роза АДЫРБАЕВА,

Кеңес орта мектебінің

география пәнінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp