Қазіргі таңда ауыл тұрғындары төрт түлікті табыс көзіне айналдыруға ерекше құлшыныс танытуда. Өйткені, табиғи өнімдерге сұраныс артуда.
Аққайың ауданының тұрғыны Қанат Ешкеев те мал өсіруге ден қойып отыр.
– Зейнет демалысына шығуға әлі 3 жыл бар. Бүгінгі заманда менің жасымдағы адамға жұмыс табу қиын. Бірақ жұмыс істеймін деген адамға әрқашан тығырықтан шығар жол бар. Өз ісіммен шұғылдануға бел байлап, зайыбым Тасбике екеуміз аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалы мамандарынан кеңес алдық, – дейді Қанат Ешкеев.
Ерлі-зайыптылар ақылдаса келе “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысуға ниет білдірді. Кәсіпкерлік жұмыс туралы барлық ақпаратқа қол жеткізіп, “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша оқытудан өтті. Орталық мамандарымен бірге бизнес-жоспар құрған соң кәсіпкерлік субъектісі ретінде арнайы мемлекеттік органда тіркелді. Мемлекеттен алған 1,7 миллион теңге несиеге жылқы мен ірі қара, қой сатып алды. Олардың ендігі мақсаты – ет, сүт, қымыз өндіріп, шаруашылық ауқымын кеңейту.
– “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өткен жылы мал шаруашылығы бойынша 16 жоба іске асырылды, – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Руслан Айытов. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жеке шаруашылықтарда өнім көлемі артса, тұрғындардың да өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл өз кезегінде ауылда демографиялық жағдайдың түзелуіне оң әсер етеді.
(Өз тілшіміз).