«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСКЕ СӘТ, БАЛАБЕК

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес биыл оңтүстіктен Мағжан Жұмабаев ауданына 36 отбасы, яғни 175 адам қоныс аударды. Олардың бесеуі Октябрь ауылдық округіне көшіп келген.

Таяуда сол отбасылармен кездесіп, тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Алғашқы ат басын тіреген ауылымыз 76 шаңырақ түтін түтетіп отырған Хлебороб елді мекені болды. Ол аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Табиғаты әсем жер. Жағалай ақ қайыңды орманы көз тартады.

Біз арнайы іздеп келген азаматтың аты-жөні – Балабек Оралов. Ол бұл ауылға өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылынан қоныс аударған екен. Отбасында 7 адам бар. Зайыбы Замира Медеуқызы – Хлебороб орта мектебінде ұстаз. Ұлы Жарылқасын аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейді, қызы Гүлнұр – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті. Кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы мектепте оқиды.

Бүгінгі күні Балабек Оралов асылтұқымды мал алу мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативін ұйымдастырып отыр. Кәсіпкер тауарлы сүт фермасын құру үшін мал шаруашылығын дамытуға арналған әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкердің меншігінде 17 ірі қара бар. Оны мемлекеттік бағдарлама бойынша алты пайыздық үстемемен берілген 1,2 млн. теңгенің кредитіне алыпты.

– Сегіз сиырды қолмен сауу оңай шаруа емес. Сондықтан интернет желісі арқылы іздестіріп, 100 мың теңгеге электр қуатымен сауатын аппарат сатып алдым. Жаз бойы күніне 80 литрден сүт тапсырып тұрдық. Бір литрі – 80 теңге. Қазір шамамен 30-35 литр сүт өткіземіз. Көкөніс өсіру үшін кооперативімізге 9 гектар жер берілді. “Нива” және “Мерседес” автокөліктерінен басқа әзірше техникамыз жоқ. Сондықтан биыл 1 гектар жерге қырыққабат, 3 гектарға картоп ектік. Өнімі жаман болған жоқ. Оларды сақтайтын жеріміз бар. Өнген өнімді өткізу қиындық туғызбайды, оның үстіне Ресей Федерациясының Омбы қаласы да бізден аса алыс емес. Құнарлы жерде шыққан өнімнің далада қалмайтындығына көзіміз жетіп отыр, – дейді алғашқы жылдың өсімін өз тәжірибесі арқылы байқап көрген Балабек Бұхарбайұлы.

Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мал басын көбейтуді, көкөніс алқабын кеңейтуді мақсат етіп отырғанын да жеткізді. Өзімен бірге оңтүстіктен қоныс аударған Азамат Оспанов пен Қадірбек Сыдықов та кооперативке мүше екен.

– Атакәсібімізді дамытамыз, көкөніс өсірумен айналысамыз деп келгеннен кейін, қол қусырып отырған жоқпыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек еткіміз келеді. Аудан мен ауылдық округтің әкімдері тарапынан қажетті көмек көрсетілуде. Бәрі бір күнде бола қоймайды ғой. Қиындықтарға түсіністікпен қараймыз. Көштің көрікті болуы өзімізге де байланысты. “Шешінген судан тайынбас”, деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Өз ықтиярымызбен келгеннен кейін, міндетсімей еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Өзім жеті ағайынды баланың кенжесімін. Ел жақтағы ағайын-туысты теріскейге шақырып жатырмын “құнарлы жерге келіңдер” деп, – дейді ағынан жарыла Балабек бауырымыз.

Айтпақшы, Балабектің үйінің жанында малдың қысқы азығы – жеті мая шөп пен жарылған отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Ендеше, бұл отбасының қыстан қысылмай шығары сөзсіз. Іске сәт, Балабек!

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp