«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Облыстық ішкі істер департаментінің мұражайында  бейбіт өмірде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері туралы  алуан сыр шертетін  жәдігерлер аз емес.

Басым бөлігі бұзақылар қолынан көз жұмған өскін боздақтар екенін білгенде, кеудеге ащы өксік тығылады. Қоғам тыныштығын көздің қарашығындай сақтау жолында құқық бұзушылыққа қарсы саналы ғұмырын арнап, қандай қиын жағдайда да Отанына берген антынан айнымаған күйі өмірден өткен, адами биік болмысын жоғары ұстап, кіршіксіз арына қылау түсірмеген ерлердің бірі – Анатолий Добрынин. Арада атқан оқтай, шапқан аттай ширек ғасырға жуық уақыт зымырап өтсе де, жерлестері оны үлкен ілтипатпен еске алады. Ол туып-өскен елді мекендегі көше мен мектепке есімі берілген. Облыстық ішкі істер департаменті ғимаратының қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, гүлзар ашылған. Жастардың оған қарап еліктеп өсуі арқылы елді, жерді сүю ұлағаттарын ұқтыру қашанда асыл мұрат саналады.

Біз Петровка ауылында тұратын 80 жастағы әкесін тауып алып, сөйлескенімізде ол шаңырақтың тұңғышы туралы тебірене әңгімеледі.

– Оны өскен ортаға деген сүйіспеншілік қасиеті өзгелерден ерекшелеп тұратын. Әскери-теңіз флотында азаматтық міндетін өтеп келгеннен кейін облыс орталығындағы Куйбышев аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасты. Арада екі ай өтті ме, өтпеді ме, ақсия күліп келіп тұр. Оның суыт жүрісінен секемденіп, үш жыл өмірін сыртта өткізген сабазың күші бойына сыймай бірдеңе бүлдіріп қойған жоқ па деген жаман ой туды. “Әке, елге сұранып келдім. Шіркін, туған жердің ыстық құшағына ештеңе жетпейді ғой!” – деген оның ер-азаматқа тән ірі сөздеріне баладай қуанғаным әлі күнгідей есімде. Жастайынан еңбекке жегіліп, шынығып өсті. Кәсіптік-техникалық училищеде оқығанда қатарластарының алды болды. Өзіне сеніп тапсырылған істі беріліп атқарды. Дос-жарандарына адал, уәдеге берік-тұғын. Қапылыста айрылып, қайғыдан қан жұтып қалғанда анасы байғұстың көз алдымызда шөгіп қалғаны жанымызға қатты батты. Қызы Маринаның қызығын көремін деген арманына жете алмады. “Орнында бар оңалар” деген. Бүгінде немеремізден шөбере сүйіп отырмыз, – дейді көзі жасқа шыланған қария

Еңбек жолын ведомстводан тыс күзет бөлімінің милиционері қызметінен бастаған Анатолий Алматы арнайы милиция мектебінің күндізгі бөлімін тамамдағаннан кейін тергеуші, учаскелік инспектор секілді еңбек баспалдақтарынан өтіп, ысылады, тәжірибе жинақтайды. Отбасылық жағдайға байланысты сүйікті кәсібінен қол үзіп, кетуіне де тура келеді. “Меридиан” балалар клубының директоры бола жүріп, әріптестерімен байланысын үзбейді. Бар аңсары сүйікті кәсібіне қайта оралу болады. Ол мақсаты орындалып, саналы ғұмырын ішкі істер органдарымен байланыстырады. Ақтық демі үзілгенше адал қызмет атқарады.

Сол бір қанды оқиға талайлардың жүрегін сыздатып, ауыр қаяу түсірді. Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы, милиция капитаны Анатолий Добрынин кезекшілікті қабылдап алып, сеніп тапсырылған нысанды күзетуге кіріседі. Сағат тілі баяу сырғып, түнгі үш жарымды көрсеткенде, есік қағылып, әлдекім жан ұшыра көмек сұрағандай болады. Тіпті, атын атаған дауысты естиді. Адамдарға көмек беруге әр кез асығып тұратын азамат мәселенің байыбына бармастан, жалма-жан есікті ашып, жан-жағына қарай бергенде гүрс етіп мылтық атылады. Қорғасын оқ осылайша, есіл ерді қапияда жазым етті. Алайда, қандықол қарақшылар жазадан құтыла алған жоқ. Олар марқұмның қаныпезер ауылдастары болып шықты. Қару қоймасын тонауды күні бұрын ойластырып, ежелгі танысының кезекшілігін күткен. Түн жамылып, жортуылға шыққан. Алайда, арам ойлары жүзеге аспаған күйі сотталып кете барды.

Анатолийдің маңдайына 33 жыл ғана ғұмыр кешу жазылыпты. Қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшыраған азаматтың ғұмыры ғибратқа толы. Өзгелерге үлгі-өнеге. Тағдырына қамшының сабындай қысқа өмір жазылса да, жерлестері жауапкершілігі мол, адал да тәртіпті қызметкер, ақкөңіл де мейірімді жан ретінде еске алады. Қайсар іс-әрекеттері мен әрдайым батыл қадамдары кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp