Өңірімізде “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағын құруға 192 гектарға жуық жер бөлініп отыр. Бүгіндері Петропавл қаласының “Береке” шағынауданында орналасатын №2 экономикалық аймақ субзонасының құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы және өзге де құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан қосалқы станцияға ат басын тіреді. Құрылысы қарқынды шағынауданды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ете алатын жабық типтегі станция қаламызда алғаш рет салынуда. Онда Қазақстанда шығарылған трансформаторлар орнатылмақ.
– “Жас өркенде” жыл сайын бірнеше жаңа нысан пайдалануға беріледі. Бұл пайдаланылатын электр қуаты мөлшерінің де артып жатқанын көрсетеді. Сондықтан бізге үнемділік жағынан отандық өнімдерді пайдалану маңызды болып отыр, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандары 110/10-10Кв-тық қосалқы станция құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.
“Жас Өркен” шағынауданының құрылыс жоспарына сәйкес 18 қабатты 3 үй тұрғызылуы тиіс. Олардың бірін “Зерттеу СК” ЖШС жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беруді көздеп отыр. Ал екінші үйдің іргетасы енді ғана қаланып жатыр. Бас мердігер “Основание” ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев ай сайын екі қабаттан көтеру мүмкіндіктері барын айтады. Құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі үйлердің сыртқы безендірілуі бірінен-бірі ажыратылып тұруы қажет екенін ескертіп, үйлер маңындағы аумақты кеңейтудің мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
– Біз алғаш рет осыншалық биік үйдің құрылысын қолға алып отырмыз. Мұндағы пәтерлер тұрғындардың үлкен сұранысына ие болса, бұл тәжірибені міндетті түрде жалғастырамыз, – деді өңір басшысы.
Құмар Ақсақалов биыл облыс орталығында 1240 пәтер пайдалануға берілсе, келесі жылы бұл көрсеткіш арта түсетінін айтты. Бұл тұрғындардың баспана мәселесін шешіп қана қоймай, жұмыспен қамтамасыз етілуіне де өзіндік үлесін қоспақ.
– Алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – құрылыс индустриясын дамыту. Қазіргі күні біз кірпіш, цемент сияқты негізгі құрылыс материалдарын өзге өңірлерден сатып аламыз. Осылайша әр кірпіштің тасымалы 10-15 теңгеге түсуде. Қазіргідей қарқынды құрылыс кезінде бұл үлкен шығындарға әкеліп отырғаны сөзсіз, – деді Құмар Іргебайұлы.
“Береке” шағынауданында 20 жылдан бері пайдаланбай бос тұрған ғимарат аумағында арнайы экономикалық аймақ пайда болады. Жалпы аумағы 1,5 гектар жерде дайын өнімдерге арналған қоймалар мен ашық алаңдар және жасыл желекті эко-аймақ жайғасады. “Qyzyljar” АЭА құрылысын жобалаушы компания өкілдерінің айтуынша, бетон құрылысы барлық сараптамадан өтіп, қолданысқа жарамды екенін көрсетіп отыр. Қабырғалар нығайтылғаннан кейін шатырын жабуға болады, дейді олар. Сондай-ақ, жылу, инженерлік желілерді тарту бойынша қиындықтар туындамауы тиіс.
Нысан құрылысы алдағы жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ауа райы қолайлы болса, үстіміздегі жылдың соңына дейін ғимараттың сыртқы жұмыстары орындалуы тиіс. Арнайы экономикалық аймақ техникалық нормалары бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін болады.
– Бұл жерден кедендік аймақ та өз орнын табады. Арнайы мобильдік топ бажсыз тауарлардың барлығын тіркеуден өткізеді. Шекаралас өңірлермен өзара алмасатын тауарларға салықтың салынбауы экономикалық аймақтың негізгі артықшылығы болып табылады, – деді өңір басшысы.
Құмар Ақсақалов тауарларды экспортқа жөнелту үшін темір жол торабын тарту қажет болатынын жеткізді. Жаңа АЭА төрт субзонадан тұратын болады. Олардың барлығы Петропавл қаласының аумағында орналасады.