«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰЛАМАЛАР ҒҰМЫРЫН АЙҒАҚТАҒАН

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік және қоғамдық қызметте айрықша белсенділік танытып, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып жүрген лайықты азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында ұлтымыздың Абай, Мағжан, Жамбыл сынды саңлақ тұлғаларының шығармашылық, ойшылдық, жыраулық мұраларын жаһан жұртшылығына танытуда айтарлықтай еңбек етіп жүрген әдебиеттанушы Сәуле Мансұрова да бар. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен “Құрмет” орденін иеленді.

Сәуле Әмірханқызының бұл орайдағы атқарған және тындырып келе жатқан шығармашылық жұмысын біздің ұлттық мәдениетіміз үшін өлшеусіз деп бағаласақ, артық емес. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, қазақтың аталған тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына бұрынғыдан да терең бойлап, оларды жаһанның жасампаздарының қатарына қоюға ұмтылыс жасалды. Осы ғалами ауқымдағы мақсатты С. Мансұрова да қолға алды.

Бұл орайда ол Абайдың ақындық әлеміне бойлап қана қоймай, данышпандық табиғатының тұңғиығына жол салды. Соның нәтижесінде 2003 және 2006 жылдары Мәскеудің “Русский раритет” баспасынан зерттеуші Абайдың “Таңдамалы” жинағын құрастырып, орыстілді оқырмандарға кемеңгердің ойшылдық келбетін танытты. С. Мансұрова бұл жинақтарға Абайдың ғақлия сипатына ие болған “Қарасөздерін” де енгізді. Бұл да – үлкен таным мен тапқырлық. Өйткені, жаһанның Абай сынды кемеңгерлерінің қатарында прозалық бейінде осындай ұлы ойларды тоғыстыра толғаған өзгелей адам жоқ деуге болады.

Ұлы ақынға өзінің зор ықыласын зерттеуші 2010 жылы Мәскеудің “Чистые пруды” мүйісінде Абай ескерткішінің орнатылуымен түйіндеп, әлеуметтік желілерде жазылған “Ескерткіш қойылғаны – оның ұлылығы!” деген лебіздермен нақтылай түседі.

С. Мансұрованың зерттеушілік қабілетін 2006 жылы Мағжанның ең үздік жырлары топтастырылып, “Русский раритет” баспасынан жарық көрген кітапқа татымды да тұшымды алғысөз жазуынан тағы бір мәрте танимыз. Ақынның өз заманындағы қазақ поэтикасының ауылынан аспандап ұшып, әлемдік жыр асқарына қонуын тап басып айтқаны – Мағжанның символдық күш-қуатына бойлауы. Айталық, ақынның “От”, “Мені де, өлім, әлдиле”, “Жан сөзі”, “Жел”, тағы осы мазмұндас жырлары мықты деген аудармашылардың жүрегін шабытқа бөлеп, орыс оқырмандарын баурады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин 2006 жылды Ресейде – “Абай жылы”, ал Қазақстанда – “Пушкин жылы” деп жариялағанда С. Мансұрованың “Абай-Пушкин” шығармаларын топтастырып шығаруы осы тарихи оқиғаға арналған үлкен тарту болды. С. Мансұрова осыған орай жазған мақаласында бұдан кейін, атап айтқанда, 2010 жылы “Русский раритет” баспасы сияқты “Художественная литература” да өзіне арнайы тілек білдіріп, соның нәтижесінде орыстілді оқырмандарға жол тартқан кітабы қос ғұламаның қанаттары қатар сермеліп, қияға қонған қырандай табысқанын айтты. Ал “Художественная литература” баспасы 2012 жылы бұл кітаптың таралымын көбейтіп, екінші басылымын оқырманға ұсынды. Мұның өзі зерттеуші және құрастырушы С. Мансұрованың еңбегінің тиянақтылығын, кітаптың оқырмандардың үлкен сұранымына ие болғанын дәлелдейді.

Мұның арасында зерттеуші ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітабын да тарту еткен еді. Бұл жинақ 2007 жылы басылды.

Осы айтқандарымызға С. Мансұрованың, өзі ақын болмаса да, жырдың ұлылығын жан жүрегімен түсініп, тәржіма жасайтын ақындарды таңдай білгенін арқау ету орынды. Анығын айтсақ, Мағжанға ол толық ақталғаннан кейін барып зор ықылас аударылса, Абай өлеңдері бұрын аударылғанын білеміз. Алайда, С. Мансұрова көне соқпақпен жүрмей, тыңнан жол салды. Осылайша, ол қос ақынның жырларын орыс тіліне аударатындарға үлкен талап қоя білді. Соның арқасында Әуезхан Қодардың, Руфь Тамаринаның, Валерий Антоновтың, жерлесіміз Владимир Шестериковтың аударуындағы жырлар аталған кітаптарға енгізілді.

Әрине, Абайдың, Мағжанның, Жамбылдың жырларын толық топтастырған кітаптардың қандай көлемде болатыны түсінікті. Зерттеуші мұны ескере отырып, осы ақындардың алақанға ғана сиятындай шағын жинақтарын да ұсынып, бұлар 2005-2007 жылдары көптеген оқырмандардың рухани игілігіне айналды.

С.Әмірханқызының әдеби-көркемдік, зерттеушілік қызметінің тамыры тереңде. Бұлай деуімізге оның мұндай зерттеушілік жұмысы жұбайы Тайыр Мансұровтың 1994-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған кезінен басталған десек, қателеспейміз. Сол жылдары елшінің зайыбы Мәскеудің әдеби, ғылыми, жалпы мәдени, барша зиялы қауымына жақсы танымал болды. Соның бір айғағы – оның 1996 жылы Мәскеудің “Русский раритет” баспасымен бірлесе отырып, “Ғасырлар даналығы” кітаптар шоғырын шығаруға ұйытқы болғаны. Міне, сол кездің өзінде-ақ Сәуле Мансұрова қазақ және орыс халықтарының Абай, Мағжан, Пушкин сынды ұлы зиялыларының шығармалары арқылы қос ұлттың рухани бауырластығының іргетасының одан әрі нығая түсуіне өз тарапынан осындай үлес қосты.

Сондықтан оның осы елеулі еңбегі Тәуелсіздік салтанатына орай Елбасымыздың “Құрмет” орденімен марапаттауына негіз болды дей аламыз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Солтүстік Қазақстан облыстық

филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp