
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың келісімімен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ағзам Ахметжанұлы Тастеміров Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі болып тағайындалды.
Ағзам Ахметжанұлы 1958 жылғы 16 қыркүйекте Ресей Федерациясы Омбы облысында туған. Алматы саясаттану және басқару институтын, Алматы экономика және статистика институтын, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тамамдаған.
Еңбек жолын 1976 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Ленинград ауданындағы “Менжинский” кеңшарында жүргізуші болып бастаған. 1994-1997 жылдары Ленинград ауылдық әкімшілігі басшысының орынбасары, Ленинград аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы болып істеді.
1997-2000 жылдар аралығында Ақжар ауданындағы Ленинград ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2000-2008 жылдары Ақжар ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2008-2013 жылдары Ақжар ауданының, 2013-2018 жылдары Айыртау ауданының әкімі болды.
Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.