«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАДАМДАРЫ ҚУАНТАДЫ

Аққайың ауданындағы Смирново ауылының тұрғыны Николай Шульцтің отбасы – мал өсіріп, одан өз несібесін көріп жүрген жандар. Еңбекке ынталы, жаңаша өмір сүруге бейім отбасының жақсы тыныс-тіршілігі үй орамына кіре бергеннен-ақ аңғарылып тұр. Ауласы кең қызыл шатырлы қарағай үйдің есік-терезелері мен қоршаулары, қора-қопсылары үлкен талғаммен жасалыпты. Тіпті, орам ішіне балалар ойнайтын алаң да жасап қойған. Мұны отағасы балалары кішкентай болған кезде өз қолымен жасапты. Екі қызы мен ұлы бүгінде кәмелеттік жасқа толған. Алайда, алаңға күн ұзаққа көрші-қолаңның балалары келіп-кетіп, үйдің маңын шаттыққа бөлеп тұрады екен. Ерлі-зайыптылар салиқалы жасқа жетсе де, бойларында күш-қуаттың әлі де жеткілікті екендігін байқатады. Олардың отбасылық бизнесті қолға алғанына да көп бола қоймапты.

Өткен жылдың жазында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде несие алған Николай Шульц Шопаната төлінің романов тұқымын өсіруге ден қойыпты. Қой шаруашылығы көптеген ұлт үшін дәстүрлі кәсіп десек те, олардың қойдың романов тұқымынан өсіру әрекеттері біздің өңір үшін бастамалық жоба болып табылады. Отбасы аталмыш тұқымның өсімталдығына, кез келген табиғи ортаға бейімделгіштігіне Интернет және басқа ақпарат құралдары арқылы қанығып, бұл қойдың тұқымын өсіре алатындарына көздерін әбден жеткізеді. Отағасы Николай Рубинович үшін мал бағу ісі таңсық болмаса да, асылтұқымды қойларды қораға енгізген кезде бір-екі ай бойы мазасызданғанын да жасырмады.  

– Неге романов тұқымы дейсіз бе? Оның басқа төлдерге қарағанда көптеген артықшылықтары бар. Бұл өзі ертеден бар тұқым. Ресей аумағында кең тараған. XVIII ғасырда Ярославль губерниясында жергілікті қысқа құйрықты қой тұқымдарын өзара іріктеу және сұрыптау нәтижесінде шығарылған. Тұқымның биологиялық артықшылықтарымен қатар, оның өсімталдығы, бір қоздағанда 2-5 басқа дейін тұқым әкелетіндігі, терісі мен жүнінің жоғары бағалануы бұл асылтұқымның пайдасы ұшан-теңіз екеніне көз жеткізеді. Оның еті де дәмді, – деді ол.

Шульцтер бұл қойларды Башқұрт елінің мал өсірушілерінен сатып алыпты. Өткен жылы аталмыш шаруашылық Мәскуде болған “Золотое руно” көрмесінде алтын медальға ие болған. Тәжірибесі мол шаруашылық тұқымға байланысты талаптардың біразын үйреткен.

Отбасы “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдарына тиген 3 миллион теңге несиенің басым бөлігіне 30 бас саулық қой мен бір қошқар сатып алса, қаржының бір бөлігіне қора тұрғызған. Әлбетте, өнімділігі жақсы малдың құны да арзан бағаланбаған. Олардың әрқайсысы 75 мың теңгеге түскен. Шығын деректерін алға тартқан кәсіпкер бір жылдық еңбегінің нәтижесіне де көңілі толып отырғанын айтқан.

– Осыдан бір жыл бұрын алынған 30 қой бүгінде 80 басқа жетіп, оның 12 басын малданушыларға саттық. Малдың өсімталдығынан құлағдар таныстарымыз бізден тұқымдыққа мал алғылары келіп, қолқалап болмаған соң тоқтыларды сатуға тура келді. Мал-жан аман болса, бұл кәсібімізді әрі қарай жалғастырсақ, қорадағы саулық қойдың санын 300 басқа дейін жеткізуді көздейміз. Әрине, жемшөп жағы аздаған қиындық тудырар, дегенмен, ақша болса, бүгінде ол да шешілетін мәселе. Қорамыздағы төлдердің қайсыбірін сатсақ, бір бөлігін тұқымдыққа алып қалып отырамыз. Діттеген мақсатымыздың жүзеге асарына сенімдімін, – дейді отанасы Наталья Леонидовна.

Кәсіпкер ретінде тіркеліп, өздерінің шаруашылықтарын кеңейткен отбасы “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” арқылы құжатталған несиенің тиімділігі туралы ойларын да жеткізді. Өткен жылдың шілде айында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызбен алынған қарызды қайтаруға биылғы жылдың аяғында ғана кіріспек. Аудан әкімдігі Шульц отбасысының бастамасын қолдап, оларға ауыл маңынан екі гектар жер телімін де берген. Ол жерге шағын қора салып алған қожайын малды сонда шығармақ. Болашақта бұл жерде үлкен мал фермасының болатынына сендіреді. Бүгінгі арман – ертеңгі шындық. Әр іске жоспар құрып, сол жоспармен әрекет жасауға дағдыланған отбасы бұл ойын да жүзеге асыратынына күмән жоқ.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp