«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР

Биыл өтетін мерейтойлық іс-шаралардың ішінде Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл күнге арнайы тоқталып, «Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін, Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз», – деп атап көрсетті.

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық 500 жауынгер «Кеңес Одағының Батыры» атанса, 96-сы – қазақтар. Кеңестік идеологияның қатаң сүзгісінен өткен осы тізім бертінге дейін өзгеріссіз келсе, қазір уақыт тарихқа өз түзетулерін енгізе бастады. Бүгінде осы ең жоғары марапатқа ие болған қазақ жауынгерлерінің саны 105-ке жетіп отыр. Олардың бірі – ұлты өзбек болып жазылып кеткен Іният Наурызбаев. Ростов облысында дүниеге келіп, Қырымда қаза тапқан Филипп Рубахоны ныспысына қарап орыс демесең, туу жөніндегі құжатында оның ұлты қазақ деп көрсетілген.

Осылайша сұрапыл соғыс кезінде қазақ ұландары ар мен намысты биік ұстап, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас халық екенін әлемге паш етті. Қазақ жауынгерлерінің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге жазылды. Украина үшін болған шайқаста 200-ге жуық, Ресейде – 70, Беларусьта – 50- ден астам, Латвияда – 8, Молдованы азат ету – 7, Литвада – 6, Эстонияда 1 жерлесіміз батыр атанды. Қазақстандықтар Еуропаны азат ету үшін де жан аямай шайқасты. Мәселен, Польшада – 47, Венгрияда – 22, Чехословакияда – 7, Румынияда – 5, Австрияда – 3, Югославияда – 2, Германияда – 63, Жапонияға қарсы соғыста 3 жерлесіміз «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Бір адамға екінші рет батыр атағы берілмей қалған жайттар да кездесті. Мысалы, Днепр өзенінен өткен кездегі қиян-кескі ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Жұмағали Қалдығараев Белоруссияның Мозырь қаласын азат етуде жаудың 6 танкісін қирату кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте батыр атағына ұсынылғанымен берілмеген. Бір қызығы, осы кеңестік марапаттар иерархиясындағы ең жоғары атақтан түрлі жағдайда айырылып қалғандар да бар. Олардың арасында қазақстандық батырлар жоқ.

Жалпы, «Кеңес Одағының Батыры» атағының шығуы мен оның берілу тарихының өз тәртіп-құпиялары аз емес. Бұл атақ 1934 жылы 16 сәуірде КСРО атқару комитетінің қаулысымен бекітіліп, ерекше грамота қоса тапсырылған. «Кеңес Одағы Батыры» атағы ең алғаш 1934 жылы 20 сәуірде полярлық «Челюскин» мұзжарғыш кемесін құтқарушылар тобындағы 7 адамға берілген. 1936 жылы 29 шілдеде КСРО Орталық атқару комитетінің қаулысымен «Кеңес Одағының Батыры» атағы туралы ереже бекітіліп, Ленин ордені қоса тапсырылатын болған. 1939 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы кеңесі президиумы «Екінші рет батырлық көрсеткендерді Алтын медальмен ғана марапаттап, туған жерінде қола мүсінін орнату туралы» ережеге өзгерістер енгізіп, 1939 жылы 29 тамызда Моңғолияның Халкин-Гол аумағында жапон интервенттерімен болған ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ұшқыштар – майор С.Грицевец және полковник Г.Кравченко алғашқылардың қатарында екінші мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атанған. Таңғаларлығы сол, шығыс қыздары арасында «Кеңес Одағының Батыры» атағын тұңғыш иеленген Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловаға «Алтын медальдар» берілмей қалған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хат жазылып, ықпал жасау сұралғанмен, мәселе шешімін таппаған.

Соғыс кезінде 11 739 адамға батыр атағы берілсе, олардың 3 051-іне бұл атақ өлгеннен кейін табыс етілді. Соңғы рет «Кеңес Одағының Батыры» атағын қазақтардан гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы алды. Жоғарғы атақ үш адамға үш (Буденный, Кожедуб, Покрышкин), екі адамға (Жуков, Брежнев) төрт рет берілді. Батырлар арасында 95 әйел бар. Ал шетелдіктердің саны – 44. 13 адамға «Кеңес Одағының Батыры» атағының берілгені қате шешім болғаны себепті күшін жойған. Бүгінде батыр атағынан айырылғандардың саны – 73. «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанымен, сол тұстағы идеологиялық көзқарастарға байланысты қазақстандық он шақты жауынгер марапатталмай қалды. Мәселен, Малбағар Меңдіқұлов жанқиярлық ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанымен, жоғарғы қолбасшылық жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Невель қаласын азат етуде 280 фашистің көзін құртқан мерген Ыбырайым Сүлейменовке де тек Ленин ордені бұйырған. Олардың қатарында 100-ші дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин, мергендер полкін басқарған Тілеуғали Әбдібеков, орынборлық мерген қыз Сұлушаш Нұрғожина, қатардағы жауынгерлер Әлеукеш Көбеков, Мұса Рыскелдиев, Аманша Меңдіғалиев, даңқты ұшқыш Байтұрсын Есіркепов, зеңбірекшілер Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Рымбек Бәйсейітов, тағы басқалары бар.

«Кеңес Одағының Батыры» атағынан айырылғандарға негізгі айып НКВД қызметкерлерінің тарапынан тағылып, ойдан құрастырылған жала себеп болған. Олардың басым көпшілігі 1941-1942 жылдары сотсыз, тергеусіз атылған. Батырлардың жетеуі генерал дәрежесінде болған. Ату жазасын алған 12 «Кеңес Одағының Батыры» қылмыстық әрекет болмағандықтан ақталған.

Отан үшін от кешіп, қан төккен, жанын қиған әр қаһарманның өмірдерегін білу, құрметтеу, келешек ұрпақ үшін жеңісті жақындату жолындағы ерлігін ұмытпау – бәріміздің қасиетті борышымыз.

Газетіміздің алдағы нөмірлерінде Қызылжар өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің толық иегерлері, сонымен қатар жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлері, шаруашылықтар мен кәсіпорындар жайлы деректерді жариялап отыратын боламыз.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp