Абайдың “Бір үйдің кісісі өлсе, қаралы ол…” деген сөзі бүгінгі ұрпаққа еш қатысы жоқтай көрінеді. Себебі, азалы үй бар ауыртпашылықты өз мойнына алып, алашапқын күй кешетінін көзбен көріп жүрміз. Дастарқанда неше түрлі тағамдар мен сусындарды қойып, толтырып тастау да әдетке айналған. Бұлай болмаған күнде “жарымаған” деген атқа да ие болуың ғажап емес, тіпті, сынап-мінеуден де кетәрі емеспіз. Әрине, мүмкіндігі барлар қолдан келгенін аямай салар, ал жағдайы төмен отбасылар ше?! Сөздің ашығын айтсақ, соңғы кездері той-томалақ, өлім-жітімде атқарылатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, жөн-жосықсыз ырымдар көбейіп кетті. “Кісісі өлген қаралы” үйлерде орын алатын ерсі жайлар толастар емес.
Қазір бірімен-бірі таласа жылқы соятын болды. Жайылған дастарқанға зер салыңыз, дүбірлі тойларды елестетеді. Жеміс-жидектен алма, алмұрт, жүзім, банан және басқалары үйіліп тұрады. Тәттінің неше түрін кездестіруге болады. Үлкендерден естуімше, бұрын адам опат болғанда дастарқанға шелпек нан, бауырсақ, қант, май ғана қойылған.
Кей ауылдарда молданың қызметіне мал, кілем, ақша береді. Бұрнағы кездерде қаза болған кісінің киімдерін тарататын, ал бүгінде дүкеннен сужаңасын әкеліп, үлестіреді. Әйтеуір, ел сөз қылмаса екен дейді. Киім тарату деген шариғатта бар ма, өзі? “Тас түскен жеріне ауыр” демекші, намысқа тырысқан бәзбір қазақтардың өлім рәсімдерін қарызданып атқарып жатқаны да шымбайға батар шындық.
Жалпы өлім-жітімде атқарылатын іс-шараларды бір ізге түсіретін пәтуа қабылданса, жөн болар еді-ау. Өйткені, бізге бұл тұрғыда да тәртіп ауадай қажет. Малды да, малсыз да дәл осы жағдайларды шариғат шеңберінде атқарса, бүгінгі бей-берекет әрекеттер біртіндеп жойылар еді. Әйтпесе, қазіргі таңда “Қаза – ортақ, қайғы – кезек, өлім – хақ” қағидасын мүлде ұмытып бара жатқандаймыз.
Сәркен ҚОҚЫШЕВ,
Айымжан ауылының тұрғыны.
Жамбыл ауданы.