«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫЛҒАН ЖОЛДЫ КІМ ЖӨНДЕЙДІ?

Облыс орталығында жерасты құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қазылып қалған көшелердің оңайшылықпен қайта қалпына келтірілмейтіні белгілі. Бұл келте тірлік оның машақатын көріп отырған тұрғындардың наразылығын тудыруда. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өткен кезекті тыңдауда халық қалаулылары осы мәселеге баса назар аударды.

Партиялық тыңдауда өңірімізде “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, үстіміздегі жылы аталған бағдарлама аясында бір миллиард теңгеден астам қаржыға су тарату бойынша он жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауы – облыс орталығында, қалған төртеуі Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында қолға алынған.

Жалпы, өңірімізде осындай мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 2020 жылға дейін сумен және жылумен қамту желілерінің тозуын барынша төмендету көзделіп отыр. Бұл жоспар көңілге қонымды болғанымен, “нұротандықтар” осындай жаңғырту жұмыстарынан кейін ойраны шыққан көшелердің неге уақытылы жөнделмейтінін сұрады. Тіпті, құбыр ауыстырылғанына үш жыл өтсе де, әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген көшелер бар екен. Ал жерасты желілерінде апаттық жағдай орын алса, жөндеу жұмыстарынан кейін апыр-топыры шыққан жерді кім қалпына келтіруі керек? Қала тұрғындарының наразылығын жеткізген “нұротандықтардың” бұл сауалына мардымды жауап болмады. “Қойшы көп болса, қой арам өледі” демекші, тыңдауға қатысқан құзырлы органдар мен жөндеу жұмысына қатысы бар фирмалар жауапкершілікті бір-біріне артып, бастарын ала қашты. Бұған жол бермеу үшін жөндеу жұмыстары мен оның салдарын жоюды қатаң бақылауға алу керектігін айтқан “нұротандықтар” энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіровке жүзеге асырылатын жөндеу жұмыстарының тізбесін жіберуді тапсырды.

Партиялық тыңдауда “Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту” бағдарламасының жүзеге асырылу жайы да талқыланды. “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы филиалының басшысы Болатбек Айтбаев үстіміздегі жылы “Петропавл – Қорған” автомобиль жолында жүзеге асырылып жатқан екі жобаға кеңінен тоқталды. Жалпы, 2020 жылға дейін өңірде “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 6,7 мың километрден астам автомобиль жолын салу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғаны белгілі. Осы орайда “нұротандықтар” жөндеу жұмыстары аяқталмай жатып жолдардың тозтозы шықпасы үшін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға алу керектігін айтты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp