“Таң атпаймын десе де, Күн шығуын қоймайды” демекші, адам баласына тән бір құбылыс бар: ол жасында тезірек есейгісі келсе, қартайғанда жасаруды қалайды. Алайда, уақытқа бұл әмір жүрмейді. Ендеше, ұлы Абайдың: “Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек” деген ойшылдығын мойындамауға лажың жоқ. Осыған орай біраз ғұмыр сүрген адамды көргенде әдеттегі ілтипатты, сыйластықты ғана ойламай, оның сол ғұмырда сүріп өткен жолына көңіл көзін саласың. Өзің көріп, кеңесіп, келісім тауып жүрген адам болса, ілтипатың тіпті арта түседі.
Осындай адамның қатарында бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отырған зиялы қарт Рүстем Уәйісовті айтуға болады. Рекеңнің өзін білмей тұрып, оның әкесі Сәду марқұмды және осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған ағасы Сартай Сәдуұлын көрген екенмін. Өйткені, Жамбыл ауданындағы осы ұлы жыраудың атындағы кеңшардың интернатында тұрып, сегізінші сыныптан бастап, үш жыл оқығанымда Сәкең қазақ әдебиетінен сабақ беріп, әрі тәрбиешіміз болса, Сартай ағай биология пәнін оқытып, сыныпқа жетекшілік етіп еді.
Ал мұны айтып отырғаным, 1975 жылдың күзінде облыстық “Ленин туы” редакциясына қызметке келгенімде маған да көппен бірге газетті тарату міндеті жүктеліп, Соколов ауданына жартыайлық іссапарға аттанып кеткенмін.
– Бала жолың болды. Онда идеология жөнінен аудандық партия комитетінің хатшысы Рүстем Сәдуов деген ұлтжанды азамат бар. Бұйымтайыңды орындап бере алады, – деп тісқаққан ағаларым бойымда сенім отын жақты.
Әңгіме үстінде әкесі мен ағасын жақсы білетініме көзі жеткен ағай қолынан келген көмегін аяған жоқ. Содан бері қырық жыл уақыт өтсе де, біз сол алғашқы жолыққан күнімізді жадымыздан шығармай жүрміз.
Ол 1935 жылғы 10 қаңтарда Омбы облысының Марьянов ауданындағы Құлансу ауылында өмірге келіпті. “Іш” Солтүстік Қазақстанның және республикамыздың онымен шекаралас өзге де өңірлерінің азаматтарына тағдырдың қиын күндерін бастан кешірген кезде – аштық пен қудалау құрсауына түскенде пана болғаны тарихтан аян. Рекеңнің де Омбы облысында өмірге келуінің сыры осында болса керек.
Өмірлік серігі етер мамандықты таңдағанда көңілі ұстаздыққа ауып, Целиноград педагогика училищесін тамамдаған жас азамат осы өңірдегі және өз облысымыздың Преснов ауданындағы мектептерде шәкірттерді баулиды. Аудандағы Казанка мектебіне басшылық етеді.
1966 жылы Қазақтың Киров атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін сырттай оқып бітіріп, жоғары білім иеленеді.
Бойында жастай қалыптасқан іскерліктің және жақсыға ұмтылыстың арқасында қызметі өрлеп, 1970 жылы облыстық партия комитетінің саяси оқу үйінде әдістемеші-кеңесшілік жұмысты атқарса, келесі жылы обкомның үгіт және насихат бөліміне нұсқаушылыққа тағайындалады.
Мен жоғарыда ағаймен алғашқы таныстығымды айтқанда ол Соколов ауданындағы хатшылық қызметті он жыл атқарып, облыстық атқару комитетінің баспасөзде және басқа да ақпарат құралдарында мемлекеттік құпияны сақтау басқармасына басшылық етіп, біздің қызметіміз тіпті де түйісе түсті. Өйткені, газеттің күнбе-күнгі нөмірін осы басқарманың мөрі басылып, рұқсаты берілмейінше, шығаруға болмайтын.
Сонымен, он жыл бойы – 1995 жылы Рекең зейнет демалысына шыққанша редакция қызметкерлерімен осындай жанды байланыс үзілмей келді.
Зейнеткер аға қол қусырып ұзақ отырмады: 2006 жылы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. Өмірде көргендері мен түйгендері көп ардагерлермен қызметтес болып, қоян-қолтық жұмыс атқару Рүстем Сәдуұлының екінші бір іскерлік қырын аша түсті десек, артық емес. Оның басшылығымен Тайынша аудандық ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесі облыстық ұйымға таратылды. Соколов ауданындағы Вагулино ауылы ардагерлерінің жұмысы туралы плакат шығарылды. Қазақстан Республикасы ардагерлер қозғалысының 20 жылдығына арналып “Ардагерлердің азаматтық жауапкершілігі” деген кітапша басылып шықты.
Еңбегі мемлекеттік марапаттармен еленген ағамыздың омырауына 1979 жылы “Құрмет Белгісі” ордені тағылды. Соған қоса бірқатар медальдар оның іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін айғақтайды. Сондай-ақ, ардагерлердің облыстық ұйымының жұмысын белсенділікпен атқарғаны, өңіріміздің қоғамдық өміріне үзбей атсалысқаны, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі еңбегі үшін республикалық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен, облыстық атқару комитетінің грамотасымен марапатталды. “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл” медалін иеленді.
Осы істеріне қоса, Рекең тұғыры биік тұлғалар туралы кітаптар жазуды қолға алып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сақан Құсайыновтың өмірі мен қызметіне арнап “Жайсаң жан” деген еңбегін оқырмандарға тарту етті. Нағашысы, өңіріміздің бүгінгі Аққайың ауданындағы “Шағалалы”, “Қиялы” кеңшарларын ұйымдастырушының бірі болған Нұрыш Данияровтың еңбегін арқау етіп, “Есімі ел жадында” атты кітап жазды.
– Кезінде ата-бабаларым қызыл империяның теперішін көрген адамдар болғандықтан, олардың арманда кеткен өмірін, бойда лаулаған ұлтжандылық сезімдерін ұрпақтарына ұлағат етуді ойластырып, іздене жүріп кітаптар жазуды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Осы ұмтылысым зая кетпей, туған тіл, діл, ата салтымыз туралы кітаптар, шағын оқулықтар шығардым. Соның бірі “Ата салты – ұрпаққа мұра” деп аталды, – дейді ақсақал.
Еліміз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қолын жеткізіп, егемен мемлекет болғанда олардың өкінішінің орнын толтыруды ойластырған кемел қарт немерелерін имандылыққа баулуды қолға алғанын білетінмін. Ол осы мақсатпен үлкен немересі, бүгінде отыз бір жасқа толған Рүстемді және кішісі, жиырма беске келіп отырған Жасұланды Петропавлға келген түрік қариларына оқуға беріп, өзі солармен бірге мешітке бара жүріп, Құранға түсіреді. Олардың екеуі де қазір дұға оқып, Құран бағыштайды.
Сексенге келсе де, қайраты қайтпаған ақсақал облыстық, республикалық басылымдарда тілді, ұрпаққа ұлағатты, салт-дәстүрлерімізді ұлықтаудан жалыққан емес. Сол еңбегі жанып, 2013 жылдың 7 қарашасында Астанадағы “Назарбаев орталығында” “Тіл жанашыры” қоғамдық ұйымының “Тіл жанашыры” төсбелгісімен марапатталды.
Қайраты қайтпаған, жігері жасымаған қарт барға қанағат, өткенге салауат айтып, ордасының төрінде бақытты ғұмыр кешуде.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.