Ғылымда өз идеяларымен жаңа ізденістерге негіз болатын, уақыттан тыс өзектілігін сақтайтын ғалымдар шоғыры бар. Солардың қатарында менің ағам, академик Евней (шын есімі – Евин-Ғабиден) Арыстанұлы Бөкетов лайықты, құрметті орын алады. Оның өмірден өткеніне қырық жылдан астам уақыт өтсе де, есімі халық жадынан өшкен жоқ. Ғалымның формулаларға, жобаларға, гипотезаларға айналған ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.
Ағамның ғылыми-публицистикалық еңбектері гуманитарийлерге де, техникалық мамандық иелеріне де түсінікті әрі жақын. «Мұнай, көмір және су – химия мен энергетикада» атты соңғы қолжазбаларының бірін қайта оқи отырып, бүгінгі Қазақстанның индустриялық-инновациялық жобаларының негізін көресіз.
Бүгінде елімізде брикеттік қоңыр көмір өндірісі іске қосылып, сұйық отын өндіретін тәжірибелік зауыттар ашылуда, сондай-ақ, баламалы энергия көздерін іздеу жалғасуда. Бұл идеялардың барлығы осыдан жарты ғасыр бұрын Евней Бөкетов еңбектерінде көтерілген болатын.
1967 жылы айтулы тұлға Қазақ КСР делегациясының құрамында Монреаль қаласында (Канада) өткен ЭКСПО-1967 көрмесіне қатысты. Баламалы энергия туралы академик Бөкетов өз еңбектерінде бірнеше рет жазды, ол адамзаттың тек табиғи көмірсутектерге тәуелді болмауы керектігін баса айтты.
Профессор В.Малышев атап өткендей, ғалым ең күрделі идеяны ең қарапайым түрде түсіндіріп бере алатын ерекше тұлға болған. Оның ғылыми еңбектері логикалық дәлдікпен ғана емес, көркемдік сипатымен де ерекшеленеді. Мысалы, салмақты ғылыми кітабы Сергей Есениннің өлеңімен басталып, одан әрі поэма секілді жалғасып кете беретін.
Адамзат дамуының экологиялық және рухани дағдарысы адамды табиғат пен ғарыш алдындағы жауапкершілігін қайта сезінуге шақырады. Евней Арыстанұлы бұл мәселені өткен ғасырдың 80-жылдары-ақ көтерген. «Адамзат алдында экологиялық мәселелер – яғни, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру және табиғи үйлесімділікті сақтау мәселелері толық бой көтерді. Бұл тепе-теңдік пен үйлесімділік адамның өзі үшін де аса маңызды, өйткені ол осы жүйенің ажырамас бөлігі саналады», – деген ғалым жердің ластануының қауіпті деңгейге жететінін, табиғи тепе-теңдіктің бұзылатынын және атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері 2000 жылға қарай 25 пайызға дейін өсетінін болжаған. Мұның салдары ретінде парниктік әсердің күшеюі, климаттың өзгеруі және мұздықтардың жаппай еруі туралы айтқан.
Ағамның жоғары мәдениеті тек табиғат алдындағы этикалық жауапкершілігінен ғана емес, адамдарға деген қарым-қатынасынан да көрінетін. Қазақтың қайсар ұлдарының бірі Жұмабек Тәшенов бір еңбегінде ғалымның тұлғасын: «Бұл – ерекше мәдениетті, кристалдай таза әрі адал, салмақты да өткір ойлы, қайталанбас, тұрақты дос және сенімді серіктес еді. Ол – тұтас бір дәуірдің символына айналған тұлға. Бұл – халқымыздың мәдениетін бойына сіңірген аса дарынды ғалым. Ол ғылымда өзіне ғана тән ерекше қолтаңба қалдырды. Ол өмірді және адамзатты шынайы сүйді. Ол елінің болашағына сенді», – деп сипаттайды.
1972 жылдың 1 наурызы Қазақстанда екінші университеттің ашылуымен есте қалды. Мемлекеттік жарлық бойынша бұл оқу орнының тұңғыш ректоры болып Евней Арыстанұы Бөкетов тағайындалды.
Ағамның ең басты қасиеттері – қасындағыларға деген мейірімділігі, өмірге құштарлығы, адамгершілігі, әділдігі, адамдарға деген ықыласы, оптимизмі. Ол немқұрайлылықты, надандықты, өркөкіректікті, жағымпаздықты, дөрекілікті, басқаларды құрметтемеуді дұрыс көрмейтін. Ол үшін барлық адамдар тең болды. Кабинетіне әйел адам кірген кезде ол кім болса да – профессор ма, еден жуушы ма – орнынан тұрып, қолын ұсынып, жылы қарсы алатын. Сол сәтте сіз оның әкімші емес, ең алдымен, адамгершілігі мол тұлға екенін бірден сезінетінсіз.
Ол ректор ретінде еденді тап-таза етіп жуған еден жуушыны мақтай алатын. Күрделі ғылыми мәселені ең қарапайым тілмен түсіндіре алатын, сағаттап поэзия оқи алатын. Оның әріптестері, студенттері және қызметкерлері ғалымның ерекше ой-өрісіне, тапқырлығына, әзілқойлығына, ғибратты әңгімелеріне таңғалатын.
1930 жылдардың ашаршылық кезеңінде Бөкетовтер отбасы амалсыз Түмен облысына көшіп кетті. Бірақ әкем – Ибраһим (Ибрай) ұзақ тұрақтамай, туған жеріне қайта оралды. Ол өзінің орыс достарымен бірге Солтүстік Қазақстан облысындағы Марьевка ауылында жеркепе тұрғызды. Сол кезде әкем Евнейдің болашағы үшін оны Ресейден алып келді. Себебі Марьевка орта мектебі мықты білім ордасы еді. Мұнда Мәскеу мен басқа қалалардан жер аударылған профессорлар мен доценттер сабақ беретін.
Әкем ауыл арасында беделді болды. Себебі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, даулы мәселелерді шеше білетін көшбасшы еді. Ол Евнейді ерекше жақсы көрді. Бірде Евней үздік оқушы атанып, марапат ретінде матадан тігілген сыйлық алды. Сол заманда өте тапшы саналатын бұл матаны әкем төрге іліп қойып, бәріне мақтанышпен көрсететін. «Бұл – менің кішкентайымның оқудағы жетістігі үшін алған марапаты», – деп үлкен қуанышпен айтатын.
Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Евней Арыстанұлына мұғалім болып жұмыс істеуге тура келді. Оның кей оқушыларының жасы өзінен үлкен болатын. Кеңес заманындағы партия қызметкері Елизавета Корпич өз естеліктерінде мұның себебін былайша түсіндіреді: «Евней өте жақсы оқыды. Орыс тілі мен әдебиетін, математика мен физиканы керемет меңгерді. Ойы ұшқыр, тапқыр болатын. Сол кезеңде мұғалімдер жетіспегендіктен, қабілетті оқушылар арнайы тізімге алынатын. Оларды бастауыш және жетіжылдық мектептерге мұғалім етіп жіберетін. Солайша, 9-сыныптан кейін Евней де ұстаздық жолға түсті. Бұл соғыстың алғашқы жылдары еді».
1983 жылы кандидаттық диссертациямды қорғау үшін Алматыға кетуім керек болды. Сондықтан 25 қараша күні Евней Арыстанұлын отбасылық кешкі асқа шақыруды жөн деп шештім.
Соңғы кеш – мәңгілік естелік. Ол шай қасықты қолына алып тұрып: «Өмір деген қызық қой. Кезінде жегім келгенде, тамақ болмады. Ал қазір дастарқанда бәрі бар, бірақ жеуге болмайды. Бұл не?» – деді ыдыстағыны нұсқап. Мен: «Бұл – теңбілжидек (облепиха) тосабы» дедім. «Әрине, дәмін көрейін», – деп дертіне қарамастан бір шай қасық тосап жеді. Содан кейін анама қарап, «Қадиша, сен Көпеймен (сіңлісімен) бірге біздің үйге көшіп кел. Орын жеткілікті», – деді. Анам келісті.
Кеш ұзаққа созылғандай болды. Өйткені бұл ағаммен соңғы кездесуім еді.
Нұрсұлу БӨКЕТОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор, Евней Бөкетовтің қарындасы.
Қарағанды облысы.