Облыстық әкімдіктің кезекті отырысын ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиналғандарға алдымен жаңадан тағайындалған екі басшыны таныстырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жауапты хатшысының бұйрығымен Жандос Ермағамбетов облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің, Зылиха Отарғазиева облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Жиын барысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өңірімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Облыстың серпінді дамуына үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қосып отырған үлесі зор. Бұл жаңа жобалардың іске асуына оң әсерін тигізді. 2010 жылдан бері индустрияландыру бағдарламасы бойынша 56 жобаны жүзеге асырған облыс кәсіпорындары 148,6 млрд. теңгенің өнімін шығарып, екі мың жұмыс орнын ашқан. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында шығарылған өнім 37,4 млрд. теңгені құрады. Жүзеге асырылған жобалардың сапасын арттыру мақсатында біз Индустрияландыру картасына түзету енгізіп, тиімсіз және экспорттық әлеуеті төмен, бәсекеге қабілетсіз жобаларды алып тастадық. Қалған жобалар бойынша нақты жұмыс атқарылуда, – деді Жанат Ғаббасұлы.
Баяндамашының айтуынша, өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына 67 млрд. теңгенің 36 жобасы енсе, жыл соңына дейін 4,4 млрд. теңгенің үш жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – сүт зауытын, “РимКазАгро” – тез дайындалатын азық-түлік кешенін, ал “Загот-Интер” серіктестігі шұжық және ет өнімдерін шығаратын цехты пайдалануға беру арқылы тағы да 188 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал 2020 жылға қарай 100 млрд. теңгенің 60 жобасын жүзеге асыру көзделуде.
Облыстағы қайта өңдеу саласында да үлкен серпін байқалады. Өнеркәсіп өнімділігінің 70,4 пайызы осы саланың еншісінде. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында машина жасау саласы 113 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 4,9 пайызға жоғары. Шекара асқан өнімнің бағасы 41,4 млн. АҚШ долларына тең.
Инвестиция тарту бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып, облыс кәсіпорындарына 122,7 млрд. теңгенің инвестициясы құйылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 5,2 пайызға көп. Атап айтқанда, Мамлют ауданында – 55,3 пайыз, Айыртау ауданында – 34,9 пайыз, ал Жамбыл ауданында 33,1 пайыз инвестиция өсімі байқалған. Көш соңында келе жатқандардың қатарында Аққайың, Уәлиханов және Шал ақын аудандары бар.
Инвестициялық жоба бойынша Индустрияландыру картасына Ақжар, Есіл аудандарының әкімдіктерінен бүгінге дейін бірде-бір ұсыныс түспеген.
– Аудан әкімдерінің жұмысы жеке инвестицияларды тарту бойынша бағаланады. Белсенді жұмыс істеп, инвесторларға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен де қоян-қолтық жұмыс істеңіздер. Бұл өзекті мәселені жеке бақылауыма аламын. Алдағы уақытта атқарылған жұмыс, қолға алынған шаралар бойынша есеп беретін боласыздар, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы тиісті басшыларға қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмысқа қарқын қосуды, ал қала әкімі Марат Тасмағанбетовке облыс орталығындағы өнеркәсіп аймағында бос тұрған 60 ғимаратты іске жаратып, инвесторлар тартуды тапсырды.
Облысымызда ішкі туризмнің дамуы туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова баяндама жасады. Құралай Амангелдіқызының айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 91 туристік нысан бар. Оның 37-і Айыртау ауданында орналасқан. Бұдан бөлек, Есіл, Шал ақын, Қызылжар және Тайынша аудандары да ішкі туризмді дамытуға қолайлы. Бұл мақсатқа 25,5 млрд. теңге қаржы қажет.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында облысқа 53,2 мың турист келген. Яғни, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48 пайызға артық. Жалпы, 393 млн. теңгенің қызметі көрсетілгенімен, облыс әкімі демалыс орындарының бүгінгі жағдайын сынға алды.
– Қазір бес ауданда шоғырланған туристік нысандардың 91 пайызы талапқа сай емес. Туристерге көрсетілетін қызмет сапасы төмен. Қосымша қызмет түрлері, тіпті, көрсетілмейді. Жұмыс жүйелі түрде жүргізілмегендіктен, біз өңіріміздің мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Сондықтан әр ауданда ішкі туризмді дамыту картасын жасау қажет, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі жол бойындағы қызмет көрсету орындарын дамытуға көңіл бөліп, туристік нысандарды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.