Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алынған мәлімет бойынша, Петропавлда 25 автобус бағыты жолаушыларға қызмет көрсетеді. Осы бағыттардың бойында 364 аялдама орналасқан. Облыс орталығындағы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын автобус бағыттары, олар тоқтайтын аялдамалар жергілікті тұрғындарға қолайлы болу үшін жасалады. Бұл тұрғыда Петропавл қаласында біршама ауқымды істер атқарылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, уақыт бір орнында тұрмайтыны сияқты, кей бағыттардың аялдамасын өзгертуге тура келетіндігі ескеріле бермейтіндігін айтып та, бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріп те жүрміз. Бірақ осы бағыттарды оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мұқият сараптама жүргізуге мойын бұра бермейтіндігі, ынта таныта қоймайтындығы қынжылтады…
“Мемлекеттік тіл туралы” заңға байланысты аялдамаларды екі тілде хабарлау талап етіледі. Тендерден өтер кезде тасымалдаушылардың осы талапты қалай орындай алатындығы да ескерілетін сыңайлы. Сондықтан бірнеше жылдан бері аялдамаларды екі тілде алдын ала жазып алған таспа арқылы хабарлау жолға қойылған. Бірақ солардың қазақша аудармасы, атаулары көңілге қонымды, танымды деуге бола ма? Мәселе – сонда.
Аялдама автобус тоқтайтын жер ғана емес, жолаушылардың баратын жеріне бағдар-бағыт сілтейтін атау да. Ол әрі қысқа, әрі нұсқа болғаны жөн. Олар халыққа түсінікті болуы керек. Мысалы, “Береке” шағынауданынан вокзал маңына дейін 3 “Мектеп” аялдамасы бар. Жол бойындағы №24, №26, №32 мектептердің аражіктері ажыратылмай, бір ғана қып-қысқа “Мектеп” атауымен аталады. Соның №26-сына баратын адам қайсысынан түсуі керек? Қалада жүріп-тұруды білмейтін, облыс орталығына бірінші рет келген жолаушы ше? “26-мектеп” десе, аялдама атауы шұбатылып кетпес еді ғой.
Бензостройда күні бүгінге дейін “Ателье” деген аялдама бар. Ол нысан осыдан 20 жыл бұрын құрып кетіп, қазір аты ғана қалған. Басқа атау табылмаған сияқты. Осыны қаланың дәл ортасындағы “Колхоз базары” аялдамасы туралы да айтуға болады. Ондай базар қазір мүлдем жоқ қой.
Таяуда М.Әуезов пен Абай көшелерінің қиылысындағы “ЦОН” (Халыққа қызмет көрсету орталығы) ғимаратын “Береке” шағынауданынан іздеп жүрген бір кейуананы жолықтырдым. Ол сол маңдағы “Бегемот” дүкенінің ғимаратында орналасқан туысына барамын деп, қала шетіндегі мамандандырылған “ЦОН”-нан бірақ шығыпты. Оны да шатастырған – бірдей хабарланатын “ЦОН” атауы.
Аялдамалардың “қазақшалануы” да көсегемізді көгертіп жатқаны шамалы. Мысалы, Мир көшесіндегі “Центр профилактики СПИДа” аялдамасы “Алдын алудың орталығы СПИД” деп айтылып келеді. Әйтеуір, қазақшалап жатыр ғой деп, көңіл аудара бермейміз. “Детская больница” – “Балалар аурухана”, “Евразийский рынок” – “Евразиялық базар”, “Остановка Чкалова” “Чкалова аялдамасы” болып хабарланып жүргелі қашан?! Мұндай “мүкіс” аудармалар жетерлік.
Тағы бір мәселе – “По требованию” аялдамалары жайында. Ол “Қажеттілік аялдама” деп “аударылып” жүр. Ондай атаусыз аялдамалар қала бойынша аз емес. Соларды белгілі бір атаумен атаса қайтеді? Жолаушыларға керегі де сол емес пе?
Бұрынғы “Бензострой соңғы аялдамасы” әлі де солай аталып келеді. Оның әрі қарай 4 аялдамаға ұзарғанына да бір-екі айда бір жыл болады…
Аялдаманы “мемлекеттік тілде сөйлеткен” адамның да қазақшасы шамалы екендігін күнде естіп жүрміз. “Тайга” базары аялдамасы” дегенді “Тайға” деп, “г”-ні “ғ”-ға айналдырып айтқаны құлаққа түрпідей тиеді…
Әрбір аялдамаға қандай автобустар тоқтайтындығынан мәлімет беретін маңдайшалар да ауыстырылмағалы 20-30 жыл болып қалған шығар. Бір-ақ мысал: Батыр Баян мен Кошуков көшелерінің қиылысындағы “Мектеп” аялдамасының маңдайшасына “19М” бағыты ғана жазылған. Оған “Береке” шағынауданынан және вокзалдан шығатын жолаушылар көлігінің барлығы тоқтамай ма? Маңдайша жолаушыға жол сілтеу үшін қажет емес пе?
Осының бәрі алдын ала жазып алған таспадан, оны өзгертіп, қайтадан жаңаша жазудың өзі тағы да тендерге келіп тірелетіндіктен болса керек. Сонда тендер деп, барымызды жөнге келтіре алмай, “сақау” аудармаларды түзеуге мүмкіндігіміз болмай, “барды базарлап” жүре беруіміз керек пе?!
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.