«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КЕЛБЕТІНЕ ТҮСКЕН ДАҚТАР

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс бөлімінің ұйымдастыруымен «Қала келбеті – көрнекі ақпарат» атты «дөңгелек үстел» өтті. Жиында сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы сынды мәселелер талқыланды.

Шараға облыс орталығындағы жарнама агенттіктерінің басшылары, ірі сауда орындары қатысты

Жиында ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов баяндама жасады. Ол жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың қолданыстағы заңнама талаптарына сай ресімделуіне әдістемелік көмек көрсетудің жолдарын ұсынды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері басқарма Петропавл қаласындағы көрнекі ақпарат пен жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңның 21-бабына сәйкес ресімделуін, сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі мәтіндердің дұрыстығын тексеру мақсатында үш рейд жүргізді. Рейд барысында 15 көшедегі 500-ден астам нысан қамтылды. Жыл басынан бері 300 жарнаманың мемлекеттік тілдегі мәтінінің дұрыстығы келісілді.

Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында жыл сайын «Үздік жарнама агенттігі» аталымында жарнама агенттіктерін марапаттау дәстүрге айналды. Осындай марапатқа 2012 жылы «Полиарт», 2013 жылы «Артсити» жарнама агенттіктері, ал биыл «Архстрой» серіктестіктері лайықты деп танылды.

Сондай-ақ, бұл басқосуда Петропавл қалалық жолаушыларды тасымалдау қауымдастығының төрайымы Галина Семенова басқармамен арадағы жұмыс туралы тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдық көліктерде жүргізушілердің кесірінен әлі де болса кемшіліктер кездесетінін қынжыла жеткізді.

Айта кететін жайт, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылары “дөңгелек үстелге” келмей қалды. Олардың мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде салғырттық танытуы көңілге кірбің ұялатады. Әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған басқосуда қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына тұшымды жауап алды.

Фарида ТҰЯҚОВА,

облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp