«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЛДЫРҒАН”

Қазақтың белгілі сазгері, алдына қара салмаған ақиық ақыны, аспандағы аққуға үнін қосқан дүлдүл әншісі Үкілі Ыбырай Сандыбайұлын көрген, өз ауызынан әнін естіп, өміріне әбден қанық болған жерлесіміз, ақын Ғалым Малдыбаев бір естеліктерінде “Қалдырған” деген сөздің мағынасы барлық ән-жырымды кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырдым дегенді білдіреді”, – деген Ыбекеңнің бірауыз сөзін келтіреді.

Шынында да,

“Алпысқа келдім жамағат,

Көрмедім ешбір жаманат,

“Қалдырғанды” тапсырдым,

Сұраған саған аманат”, –

деп, әрқашан жанынан табылатын шәкірті, жанын қияр бауыры Сұраған әншіні атап, аманаттап тапсырса да, кейінгі күллі ұрпаққа тіл қатып тұрғанын байқауға болады. Кейде сахнада тұрып, халық өзі ерекше ықыласпен қабылдайтын осы бір әнді аяқтар кезде Сұраған емес, “Сарыарқа саған аманат”, деп ауыз толтырып айтқың келеді. Айтып та жүрмін. Себебі, Сарыарқа айрандай ұйыған қазақтың ежелден құтмекені, төсінде малымыз жайылып, көгінде әніміз әуелеген – әнмекен. Ал “Қалдырған” – осынау ұлы даланың еркесі, халқының қалаулысы Ыбырай Сандыбайұлының сырға толы үлкен туындысы. Ақанның “Шырмауығы”, Біржанның “Теміртасы” сияқты өмірі мен шығармашылығының тоқ етер түйіні іспетті Ыбырай да осы бір соңғы әнінде сал-серілік дәстүрді сақтап, халық жадынан еш кетпестей әдемі түйіп, оны келешек ұрпаққа аманаттап кетті. Ал сіз бен біздікі аманатқа қиянат қылмаудың қамы болғаны абзал. Расында да, “Қалдырған” – Ыбырай бабамыздың соңғы әні. Алпысты алқымдаған Ыбекеңнің күмбір көкірегін жарып шыққан бұл әнді Сұраған әнші тілеулес дос-жаранға құйқылжытып орындап жеткізгеннен кейін ауылдың сыйлы ақсақалы Шалабай қария Ыбекеңді іздеп келіп: “Уа, Ыбырай, мынауың ерте қоштасу ғой” дегенде, ол: “Жоқ, осы қоштасу дәл кезіндегі қоштасу болды”, – деген екен. Алайда, бұдан кейін 10 жылдан артық уақыт өмір сүріп, 70-тен асып дүниеден өткен Ыбекең бірде-бір ән шығармағанын кейінгі шәкірттері де, өнер зерттеушілері де жазған болатын.

Қызығың дүние өткен күн,

Кейінгі қуып жеткен күн,

Байланбаған асаудай

Сырт айналып тепкен күн.

Берейін жастар батамды,

Сендерге тізгін көшкен күн,

Кәрілер бесік тербетіп,

Жастар гүл-гүл өскен күн.

Кейінгіге өсиет әрі үміт артып, жастықтың сан алуан қызықтарының артта қаларын, тек елестей болып, есіңді шығарарын баяндаған осынау тәлімі мен тағылымы мол шығарманың қалай дүниеге келгені жайында көптеген зерттеушілер естеліктерінде, зерттеулерінде келтіреді. Атап айтсақ, Молдахмет Тырбиев, Ғалым Малдыбаев, Молдахмет Ержанов, Ілия Жақанов, Сәркен Құлмағамбетов, Кәкімбек Салықов. Әннің шығуына қатысты ел ауызында әдемі өріліп, аңыздай тараған әсерлі әңгімелер өте көп. Жалпы, Ыбекең кез келген ән туар алдында ұйықтап жатып түс көреді екен. Түсінде аққулар қонған айдын көлдің арғы бетінен сұлу келіншек күле қарап, теңселе басып қарсы жүрсе, сол күні дүниеге жаңа ән келеді. Міне, “Қалдырған” да осындай беймаза түннен кейін атқан күнмен жарыса туып, Ыбекеңнің ән-жырдан сарай салған қайран кеудесін жарып шықса керек.

Біржан ЕСЖАНОВ,

дәстүрлі әнші, өнер колледжінің оқытушысы.

 

“Қалдырған” әні

 

Жасымда болдым балдырған,

Талайды сөзге қалдырған.

Сол балдырған кезімде,

Ғашықтық оты жандырған.

Айналайын бір Алла,

Алдымнан шырақ жандырған.

Мәжілісімді көркейт деп,

Халқым бір қалап алдырған.

Бір сағатта он көрсе,

Халқыма әнім жаңғырған,

Құрбы-құрдас замандас,

Іздеп кеп атын шалдырған.

Сүмбіленің бұлтындай

Сөзім бір жиі жаңбырдан.

Алпысқа келіп ән салып,

Атын бір қойдым “Қалдырған”.

Сарыарқаны сайрандап,

Талайдан сарқыт жеп едім,

Қартайғанда дүние-ай,

Қайдасың Ыбырай демедің.

Қызық дүние өткен күн,

Кейінгі қуып жеткен күн.

Байланбаған асаудай,

Сырт айналып тепкен күн.

Қара бура қартайып,

Жар басына шөккен күн.

Қарлығып қарттың дауысы,

Жалтар желдей ескен күн.

Берейін жастар батамды,

Сендерге тізгін көшкен күн,

Кәрілер бесік тербетіп,

Жастар гүлдеп өскен күн.

Жасымда өстім қындай боп,

Күмістен тартқан сымдай боп.

Боламын деген ой бар ма,

Аппақ қудай шалдай боп.

Алпысқа келдім жамағат,

Көрмедім ешбір жаманат.

“Қалдырғанды” тапсырдым,

Сұраған саған аманат. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp